Бәрінің таңдауы Шымкентте тігілген былғары аяқ киімге ауады

Шымкент Қазақстанның кәсіпкерлік орталығына айналуға тиіс. Қалада оны орындауға қолжетімді мүмкіндіктің барлығы бар.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жергілікті билік алдына осындай игі мақсат қойған болатын. Атқарушы орган сол бағытқа қол жеткізу үшін талай тың бастамаларды қолға алып, ілкімді істерге аяқ басқан-тын. Бүгінде қала билігі сол бір мақсатты жүзеге асыру үшін жасалған батыл қадамның нәтижесін көруде. Ал қала тұрғындары сондай баянды бастаманың куәсі болуда.
Өткен жылдың күзінде Шымкентте таза былғарыдан жасалған аяқ киім жасап шығаратын «Lux Shoes» БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ашылуы соның жарқын мысалы. Еліміздің индустриалды инновациялық даму бағдарламасына сәйкес Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында қарқынды жұмыс істеп жатқан бұл өндіріс орнын іске қосу үшін әу баста 403 миллион теңге инвестиция тартылған. Бұл қаржы Түркия елінен италяндық технология бойынша дайындалған жабдықтар мен құралдар сатып алуға және зауыт жұмысшыларының аяқ-киім шығару ісіне оқытуға бағытталған. Жылына 120 мың жұп аяқ киім өндіруді алға қойған фабрикада 90-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Ол жерде аяқ киім шығару ісіне қолы епсекті жандар күніне 150 жұп аяқ киім шығарады. Түркиялық «Fantes» және «Comelz» маркалы құрылғыларда қалыпқа салынып, сапалы тігілетін өнімдер қазіргі таңда Шымкенттегі «Самал», «Айна» базарларымен қатар бірқатар дүкендердегі сауда сөрелерінде тұтынушыларға тиімді бағада сатылып келеді. «Lux Shoes» БК» серіктестігінің өнімдері тек Шымкентте ғана мойындалып қана қоймай, аз уақыттың ішінде Тараз, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына да алдын ала берілген тапсырыс негізінде жөнелтілуде.
«Lux Shoes» БК» серіктестігі 50-ге жуық ерлерге арналған аяқ киім түрлерін шығарады. Барлығы да экологияық таза өнім санатына жатқызылады. Нарықтағы бағасы 12-18 мың теңгенің аралығын қамтиды. Фабриканың бас директоры Гайрат Хасанбаев алдағы уақытта әйелдер мен балаларға арналған аяқ киімдерді шығаруды көздеп отырғанын мәлімдеуде. Сонымен қатар ол, қанатын кеңге жаю арқылы өз өнімдерін ТМД және Орта Азия мемлекеттеріне экспорттауды көздеп отырғанын да жасырмады.
Жұмысын бастағанына жарты жылдан астам уақыт өткен серіктестікте шығарылатын аяқ киімдер экологиялық таза өнім ретінде көптеген тұтынушылардың талғамынан шығып келеді. Тіпті зауыттың ашылу салтанатына қатысқан Ғабидолла Әбдірахымов сәнді топтамалар арасынан өзінің талғамына сай келген аяқ киімді бар болғаны 12 мың теңгеге сатып алғаны соның нақты айғағы. Одан кейін біршама уақыт өткен соң Үкімет басшысы Асқар Мамин үшінші мегаполисте жұмыс сапарымен болған кезінде «Lux Shoes» БК» өндіріс орнының жұмысымен танысып, дәл осы жерден ауа өткізгіш, терлеу әсеріне тұрақты, термоэластпласт табанды аяқ киімнің бір жұбын сатып алғаны да сол сөзімізді қуаттай түседі.
Еліміздің әлеуметтік экономикалық жағынан еңсесін көтеруге бағытталған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарын іске асыратын жобаларды жүзеге асыратын «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында қарқынды жұмыс істеуді көздегені үшін «Lux Shoes» БК» серіктестігіне жергілікті билік тарапынан бірқатар жеңілдіктер мен қолдаулар қарастырылған.
Жалпы «Lux Shoes» БК» фабрикасы кәсіпкерлікті қолға алған, қолынан іс келетін азаматтарға батыл қадамға баруға зор стимул берері сөзсіз. Және жеңіл өнеркәсіптің мұндай түрін қолға алуға батыл кірісіп, талғам талабына сай келу қазақстандық кәсіпкерлердің қолынан келетіні анық. Себебі бұрынғы заманда қазақ арасында саптама етік, пима, кебіс, мәсі, бекі, байпақ, шоқай және басқа да әсем өрнектелген аяқ киімдерді тігіп, өзгелерге таңдайын қақтырғаны белгілі. Бірақ Кеңес Одағы кезінде жүргізілген теріс насихат салдарынан ұрпаққа үлгі боларлық сондай істі меңгергендердің ізі лайықты жалғасын таппады. Салдарынан күллі қазақ елінің Қытайдың сапасыз аяқ киімдеріне қарады.
Базарлар мен дүкен дүңгіршектердегі сөрелерде қаптаған сол аяқ киімдердің қатарында өзімізде дайындалған өнімдер сапалы жасалынғанымен, тиімді бағасымен, экологиялық таза өнім ретінде ерекшеленіп тұратын заман туды. Себебі, қазіргі таңда Қазақстандағы ішкі нарықта отандық былғары аяқ киім саласының еншісі бар жоғы 2 пайызды ғана құрайды екен. Ендеше дамыған отыз елдің қатрына қосылуды көздеп отырған елімізде кекесін тудыратын бұл көрсеткішті көтеру уақыт талабы. Бұл межеге жету үшін отандық өнімге деген таңдау бәрінде болуы керек.