ӨНДІРІСІ ӨРКЕН ЖАЙҒАН «ЗЕРДЕ КЕРАМИКА»

Егемендік алғаннан кейінгі өтпелі кезеңде Қазақстандағы өндіріс орындары тоқырауға ұшырап, есіктеріне қара құлып салынып, құр сүлдесі қалған еді. Түтіні тұралап қалған зауыт-фабрикалардың заман талаптарына сай жұмыс істеуін жолға қойып, бойларына қан жүгіртуін қолға алу үшін Үкімет индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын түзіп, түрлі баянды бастамалардың қолға алуына ықпал еткен болатын.
Қазіргі таңда айқын мақсат, нық қадаммен қабылданған сол бағдарлама негізінде Шымкентте шағын және орта бизнес кең тыныстап, алға қарай ілгері басып келеді. Мәселен, Шымкентте керамогранит өндіретін «Зерде Керамика» зауыты өз өнім түрлерінің ассортиментін көбейтті. Бұған дейін Қазақстанда аналогы жоқ мекеме керамогранит өнімдерінің 6 түрін шығарып келсе, енді онда аталған өнімнің 30-ға жуық түрі өндірілетін болады.
Осыған орай жуырда кәсіпорын басшылығы жергілікті құрылыс компанияларының жетекшілерінің басын қосып, өз өнімдерімен таныстырды. Бұл шараға қала әкімінің орынбасары Д. Жумин мен Б. Мамыталиев те қатысты. Өз кезегінде олар құрылыс компанияларының басшыларына салынып жатқан нысандарға отандық өнімдерді қолдануға шақырды. Сонымен қатар олар өнімдері барлық еуропалық стандарттарға сай келетін «Зерде Керамика» зауытының мемлекеттің жалпы сұранысының 40 пайыздан астамын қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті. Қазақстан бойынша керамогранит өндіретін бірден бір зауытта бүгінде 140 адам отбасылық ырыздығын тауып отыр.
Зауыт жылына 2 млн. шаршы метр керамогранит тақтайшасын шығарады. Зауытта керамогранит тақтайшасының құрылымын араластырудан бастап дайын өнімді қаптауға дейінгі желі толық автоматтандырылған.