Маңызды

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІМІЗ – ЕҢ БАСТЫ ЕЛДІГІМІЗ

Шымкенттегі «Тәуелсіздік» саябағында 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мемлекеттік қызметкерлер мен қала тұрғындары қатысқан шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ұлықталып, Мемлекеттік әнұраны шырқалды. Одан соң Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің белді мүшесі Сейдазмет Байдәулетов елдігіміздің ең басты нышаны болып табылатын рәміздеріміз жөнінде келелі сөздер айтып, жиналғандарды мерейлі әрі маңызды мерекемен құттықтады.
Содан соң жергілікті әншілер алаңға жиналған жұртқа «Егемен елім», «Қазағым менің», «Көк тудың желбірегені» сынды патриоттық әндерден шашу шашты. Шара барысында қала өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Шараның ұстанымы да оның ұрпақ санасына ұялатар негізгі ойы да – жастарды отансүйгіш, патриот етіп тәрбиелеудің негізгі жолы – ұлттық рәміздерді насихаттау, бұл орайда, елімізді, жерімізді, рәміздерімізді, Отанымызды құрметтеу, патриоттық сезімін нығайту, туған жер деген киелі ұғымды әрбір қазақстандықтың құрмет тұтуына, қастерлеуіне тиіс екендігін жеткізу болды.
Бүгінде еліміздің мемлекеттік рәміздері дүниежүзіне кеңінен танылды. Әлемдік қоғамдастық қазақ елін осы рәміздеріміз арқылы толық мойындады.
Қазақстанның мемлекеттік рәміздері алғаш рет 1992 жылы 4-маусымда бекітілді. Бүгінгі қолданыстағы мемлекеттік рәміздеріміз сол жылы Елбасымыздың тапсырмасы бойынша құрылған Мемлекеттік кеңестің талқылауында Тудың – 1200, Елтаңбаның – 245, Әнұранның 750 нұсқасынан іріктеліп алынғанын еске сала кетейік.
С. НҰРАЙ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру