«АШЫҚ ӘКІМДІК» ЖОБАСЫ ҚОЛАЙЛЫЛЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

Шымкент қалалық әкімідігінде «Ашық әкімдік» форматы іске қосылды. Билік өкілдері бұл формат халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметті барынша қолайлы етуге мүмкіндік беретінін мәлімдеуде.
«Ашық әкімдік» жобасы қала әкімінің тікелей бастамасымен жүзеге асып отыр. Мұндай жобаны қолға алуға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті атқарушы органдардың халықпен тығыз байланыс орнатудың жаңа форматына көшу туралы тапсырмасы негіз болған.
Енді «Ашық әкімдік» жобасы бойынша қалалық әкімдік ғимаратының бірінші қабатынан ашылған «Халықпен қызмет» орталығында тұрғындар үшін арнайы электронды кезек залы қызмет етуде. Онда мамандар келушілерге жер, тұрғын үй, әлеуметтік салалар мен құрылыс, жол сынды мәселелер бойынша кеңес беріп, тиісті қызмет көрсетеді. Келушілер үшін күту залы, тегін wi-fi мен банкоматтар және төлем терминалдары, арнайы e-gov порталына қосылған терминалдар орнатылған.
Сонымен қатар, мұнда қала әкімі мен оның орынбасарларының тұрғындармен «Ашық диалог» форматында жұмыс жасауы үшін Open space залдары құрылды. Онда қала әкімінен бөлек, оның әрбір орынбасарлары өз салалары бойынша апта сайын азаматтарды қабылдайтын болады.
«Ашық әкімдік» форматы мемлекеттік қызмет саласын уақыт талабына сай жетілдіріп, басқару жүйесінің тиімділігін арттыру болып табылады.
М. ӘБДІРАЙЫМ.