МЫҢ АДАМҒА ЛАЙЫҚТАЛҒАН АУРУХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ ТАМЫЗДА БАСТАЛАДЫ

Алдағы тамыз айында Шымкентте 1000 орынға лайықталған аурухана мен бір ауысымда 700 адамды қабылдауға қауқарлы консультациялық-диагностикалық орталықтың құрылысы басталады. Инвесторлар есебінен салынатын бұл нысандар үшін қалалық әкімдік тарапынан 150 гектар жер бөлінетін болады.
Осы аптада қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов аталған жобаны қаржыландырып отырған инвесторлармен кездесті. Жиын барысында ол Шымкентте 1000 орынға лайықталған аурухана мен бір ауысымда 700 адамды қабылдайтын диагностикалық орталықты салу Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан бекітілген ірі жобалардың бірі екенін, сондықтан да жергілікті билік оны жүзеге асыру үшін тиісті қолдаулардың барлығын көрсететінін мәлімдеді.
Бүгінде бұл нысанның сәулеттік құрылыс жобасы бекітілген. Жалпы жоба құны 180 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның 15 пайызы жергілікті жердегі жеке кәсіпкер есебінен, қалған 80 пайызы инвестор есебінен қаржыландырылады.
Аталған жоба бойынша 1000 орынға лайықталып бой көтеретін ауруханада хирургиялық, терапиялық және ана мен бала орталығы, патологоанатомиялық бюро және сот-медициналық сараптама бюросы мен жедел медициналық және санитарлық-авиациялық көмек орталығы жұмыс істеп, науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсететін болады деп күтілуде.
М. ӘБДІРАЙЫМ.