Білім ұялары бюджет есебінен жөнделеді

Оқу жылы аяқталған соң кез келген мектепке қандай да бір жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Бірінің қабырғаларына әрлеу жұмыстарын жүргізу қажет болса, енді бірінде кафелдерді ауыстыруға тура келеді. Осындай мақсаттар үшін биыл Шымкенттегі мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 260 миллион теңге қаралып отыр. Білім ұяларын ағымды жөндеуден өткізу үшін бюджеттен ақша бөлу осыдан үш жыл бұрын қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен қолға алынған болатын. Содан бергі жылдары бұл мақсат үшін ата-аналардан бірде бір теңге жиналмауы керек. Бұған қатаң тиым салынған. Біз үшін басты мақсат – білім деңгейін арттыру.
Осыдан бірнеше күн бұрын мектеп, колледж директорларымен арнайы мəжіліс өткізген қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай аталған жиын туралы өзінің инста-парақшасында осылай деді. Оқу жылының аяқталуына орай алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды бір пысықтап алу мақсатында өткен жиынға мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері де қатысты.
Қайрат Нұртай бұл жиында күн тәртібінде бірнеше мәселелер, атап айтқанда, оқулық, емтихан кезеңі мен мектептердегі жөндеу жұмыстары болғанын айта келе, «болашақта жастарымыздың білікті маман болмағы бүгінгі беріп жатқан білімге тікелей байланысты. Сол себепті мұғалімдердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлуді тапсырдым. Жаз маусымында балаларымыз тынығатын болса, біздер осы уақытта олардың сапалы білім алуына тиісті жағдайлардың барлығын жасауымыз қажет» деді. Сонымен қатар ол, тиісті мамандарға алдағы емтихан тапсыру науқаны кезеңін шиеленістірмей, қалыпты жағдайда өтуін, түлектердің психологиялық ахуалы оқушының емтихан тапсыруына кедергі келтірмеуі қажеттігін ескертті.
С. НҰРАЙ.