Шет елден шеткі ауданға ақ бас сиырлар әкелінді

Жақында Созақ ауданына Ресейдің Таулы Алтай өңірінен 40 бас қазақтың ақ бас сиырлары әкелінді. Бұл сиырлар Ресейден Теріскей топырағына дейін 2000 шақырым жолды басып келді. Бастама иесі Созақ ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Әбдіраман» шаруа қожалығы болатын. Әрине, бұл еліміздегі ауылшаруашылығы, оның ішінде асыл тұқымды мал басын көбейту бағытындағы «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде қолға алынып жатқан іргелі істердің бастамасы болатын.

– Әрбір істің қызығы мен өз қиындығы болатыны анық. Бізге шетел асып асылтұқымды мал әкелу расында қиынға соқты. Алдымен Өзбекстандағы, одан Қырғызстандағы мал шаруашылықтарын аралап көрдік. Әсіресе, шекарадағы түрлі шектеулер, малдәрігерлік талаптар, қажетті құжаттардың дұрыс болуы, сатып алған малдарды орналастыратын, яғни карантинда ұстайтын арнайы қора-жайдың болуы, оларды елге тасымалдау сияқты мәселелер бізге үлкен сабақ болды. Әкелінген сиырлар тауарлы ет бағытындағы асыл тұқымды малдар. Оның үстіне бұл бастама Созақ ауданы сияқты шалғайдағы өңір үшін бұрын тәжірибеде жоқ жаңа бастама болғандықтан осы сапарымызда көп тәжірибе жинап қайттық. Әрі өзге шаруа қожалықтарына айтар ақыл-кеңестеріміз де бар. Алла жазса бейнетіміздің зейнетін көреміз бе деп отырмыз. Соған тынбай жұмыс жасаудамыз-дейді шаруа қожалығының басшысы Әбдіраман Балтабаев. Таулы Алтайдың ауа райы біздің облысымызға қарағанда суық, жазы салқын, әрі шалғынды аймақ. Шаруа қожалығына келген асыл тұқымды ірі мүйізді қаралар бір, бір жарым жасар аналықтар мен өгіздер екен. Қазақтың ақбас сиыры – сиырдың етті тұқымы.
Қазақ және қалмақ сиырларын герефорд бұқасымен будандастыру арқылы 1932 –1950 жылдары аралығында Қазақстан мен Ресейде шығарылған. Тұқым құрамында 11 зауыттық желісі бар, оның 9-ы Қазақстанда. Бұл тұқым бұрын соңды республикамыздың далалы және шөлейт аудандарының табиғи жағдайына бейімделдірілген. Түсі қызыл, басы, құйрығының ұшы, әукесі, бауыры мен сирағы ақ болады. Етті малға тән белгілері өте айқын, тез жетіледі. Кеудесі кең, етті, аяқтары қысқа, берік келеді. Сақа бұқасы орта есеппен 800 – 900 кг (кейде 1100 – 1300 кг), сиыры 450 – 500 кг (кейде 520 – 580 кг), 7 – 8 айлық еркек танасы 200 – 220 кг, ұрғашы танасы 180 – 200 кг тартады. 15 – 18 айлығында еркек тайынша тәулігіне 900 – 1000 г, ұрғашы тайынша 700 – 800 г салмақ қосады. Ет түсімі 57 – 60%-ды құрайды екен. Бүгінде бұл қазақтың ақбас сиыры Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Сол түстік Қазақстан облысында өсіру қолға алыныпты. Енді Созақ топырағында өсіп-өнбек ниетте әкелініп отыр.
-Алдағы уақытта шаруа қожалығының мемлекеттен алуға тиісті субсидияға құжаттарын әзірлеп жатыр. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша
асыл тұқымды малға, мал басына берілетін жеңілдіктерді айтар болсақ,
Ірі мүйізді қара малы бойынша сыйымдылығы бір уақытта кемінде 1000 бас болатын бордақылау алаңына өткізілген әр бұқаның тірідей салмағының бір кг-не 200 теңге. Сол алаңдағы бұқашықтарды бордақылауға кеткен шығынды арзандатуға 20 қосқан кг-га 200 тг; Сол етті бастапқы өңдеудегі шығынды арзандатуға 175 тг мемлекет субсидия төлейді. (қайтарымсыз қаржылай жәрдем) Мал тұқымын асылдандыру селекция жүргізгені үшін мүйізді ірі қара бойынша тауарлық (асыл тұқымды емес) аналық әр басқа 10 000 т, асыл тұқымды аналыққа -20 000 т, табынға қосылған асыл тұқымды бұқа үшін – 100 000 тг, отандық асыл тұқымды бұқа сатып алғаны үшін 150 000 тг, шетелден асыл тұқымды бұқа сатып алғаны үшін 225 000 тг мемлекет субсидия төлейді. Бұл мал тұқымын асылдандырамын, мал басын көбейтемін деген кез-келген шаруаларға зор қолдау болары анық-дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманов.
Әзірге сиырлар арнайы жайда оқшауланып карантинге алынған. Мерзімді уақытта Теріскейдің таулы жайылымына шығатын болады.

Мақсат Қарғабай.