Ең басты мақсат-халыққа адал қызмет ету

Биыл «Жастар жылы» екені белгілі. Бұл жылы біз жастар мәселесін көтеріп қана қоймай, әртүрлі салада өзін мойындатып үлгерген жалыны күшті, жігері мықты жастардың да өнері мен іскерлік қырын дүйім жұртқа дәріптеуіміз керек. Облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген ондай талапты жастардың бірі — Арыс қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов. Жас та болса, бас болып жүрген маманның алға қойған мақсаты қандай? Мазалаған мәселесі не? Оқып көрелік.

– Мұхтар Ақжігітұлы, Арыс қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүргеніңізге біраз уақыттың көлемі болды. Бұл бағыттағы жұмысыңызды сөз етпес бұрын, оған дейінгі тәжірибеңізді шыңдаған қызметтерді айтып өтсеңіз…
– Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ, болуы да мүмкін емес»,- деген қанатты сөзі барлық мемлекеттік қызметкерлерге ұран болуы керек. Ұлт көшбасшысының бұл қанатты сөзі менің өмірлік ұстанымым. Жалпы мемлекеттік қызметті 2012 жылы Арыс әкімінің көмекшісі болып бастадым. Дана халқымызда «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы»,- деген ұғым бар. Мені жақсы ағалар тәрбиеледі. Қала әкімінің көмекшісі болып еңбек еткенім маған үлкен мектеп болды. Сол кездегі қала әкімі болған Сейіт Мырзақұлұлының бойынан дана халқымыздың «Ұлық болсаң – кішік бол», — деген ұлы теңеудің озық үлгісін көретінмін. Ол кісіден мемлекеттік қызметтің қыр-сырын үйреніп, ақыл-кеңесін тыңдап, тәлім-тәрбиесін алдым. Ол мені үнемі «таласа жүріп танылуың, қажыса жүріп шыңдалуың қажет», — деп әрдайым қамшылап отырушы еді. «Тектінің тәлімі-шәкіртіне өмірлік азық», — демекші ағамыздың тәлімі мен үшін азық қана емес, өмірлік бағыт-бағдар десек асыра мақтау, жөнсіз дәріптеу болмас. Сейіт Мырзақұлұлынан кейін Арыс қаласының әкімі қызметіне құқық қорғау саласының майын ішіп, жілігін шаққан, барлық деңгейлерде өзінің іскерлігін көрсетіп келе жатқан Мұрат Болатұлы тағайындалды. Ол азаматтың да көмекшісі бола жүріп үйренген, ойға түйгенім аз емес. Бұл тек маған ғана емес, сырт көзге де айқын көрінгендіктен, жауапты жұмыстың тізгіні тапсырылды деп ойлаймын.

– Жергілікті жердегі «төртеудің түгел» болуын қамтамасыз етуде зор мәнге ие ішкі саяси тұрақтылықты бақылау жұмысын жолға қоюда өзіңіздің тәжірибеңіз әбден шыңдалған деп ойлайсыз ба?
– Жалпы бұл сұрақтың тікелей өзіме бағытталғаны сәл қисынсыздау сияқты. Қызметімді орындауда озып жатсам немесе олқы кеткен тұстарым туралы пікірді өзім емес, тұрғындардан сұраған дұрыс деп ойлаймын. Дегенмен де өзіме нық сенімдімін деп айтудан да аулақпын. Қазіргі жаhандану заманында білімің мен тәжірибеңді ұдайы жетілдіріп отырмасаң жұмыста жүйелі жетістіктерге жету әсте мүмкін емес. Сондықтан әрдайым ізденіс үстінде жүремін.

– Өткен жылы тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласында ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылған ең басты жұмыстарды айтып өтсеңіз…
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Арыс қаласы аумағынан енгізілген 6 килеі орындарды насихаттау мақсатында бейнефильм түсіріліп, халық назарына ұсынылды. Сонымен қатар, қала аумағындағы 7 қоғамдық бірлестік пен 4 этномәдени орталық өкілдерімен бірлесіп қаладағы қоғамдық саяси ахуалды тұрақтандыру мақсатында бірнеше іс-шаралар өткізілді. Әлеуметтік шиеленіс тудыратын проблемалық мәселелердің, ыстық нүктелердің тізімі тұрақты түрде жаңартылып, жауапты сала мамандарының дер кезінде әрекет етуі сынды алдын-алу жұмыстары сәтті жүргізіліп келеді. Былтыр қалада әлеуметтік шиеленіс тудыратын төрт өзекті мәселе болған, оның екеуі толық шешімін тапса, қалғаны өз шешімін табу сатысында.

– Биыл «Жастар жылы» екені өзіңізге жақсы мәлім. Осы бағытта алға қойған мақсаттарды сөз етпес бұрын, Арыста жастар мәселесі бойынша қандай жәйттердің алаңдарлық болып жатқанын айтып өтесіз бе?
– Ұлт Көшбасшысының 2018 жылдың 5 қазанындағы кезекті Жолдауында «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Елбасы жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды саясаттың негізгі мәні деп санайды. Президентіміздің жастар үшін маңызды әлеуметтік, тұрмыстық қажеттіліктерді шешу мақсатында, «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «Әрбір отбасына «7-20-25» бағдарламалардың қабылдануы осының айқын дәлелі болса керек.
Өз кезегінде Арыс қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімі ретінде жастар саясатын жетілдіру мақсатында тиісті тапсырмалардың орындалуын ұдайы назарда ұстап келеміз.
Мәселен 2018 жылдың қорытындысы бойынша жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық бойынша аудандық ІІБ-де 135 қылмыс дерегі тіркелген. Олардың ішінде 28-і жасөспірімдердің қатысуымен орын алған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда бірнеше есе көп. Жастар арасында құқықбұзушылықты алдын алу мақсатында білім беру мекемелерінде, арнаулы оқу орындары мен ауылдық округтерде 42 кездесу, семинарлар мен дөңгелек үстелдер, аудандық ішкі істер бөлімімен бірлесіп, «Түнгі қаладағы балалар» акциясы аясында 36 түнгі рейд жұмыстары ұйымдастырылды. Түнгі рейд барысында ойын-сауық орындарында болған 122 жасөспірімінің ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 442 бабы 1 бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылды.
Жастар арасында 2018 жылдың қорытындысы бойынша 4 жас нашақорлықпен және 2 жас маскүнемдікпен тіркелген. Болашақтың тұтқасын ұстар азаматтарымыздың арасында есірткі мен нашақорлықтың алдын алу бойынша 23-кездесу, 8-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Ол шараларға 1500-ден астам жас қамтылды.
Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында ерте жүктілік мәселесі қоғамды алаңдатып отырғаны анық. Оны алдын алу бойынша былтыр 3500-ден астам кәмелет қыздарды қамтыған 37 іс-шара болып өтті. 2018 жылы Арыста 16-17 жас аралығындағы 21 қыз ерте жүктілік жағдайымен тіркеуге алынған. Тіркелген қыздар ата-анасының рұқсатымен тұрмыс құрған, неке қидырған. Қала бойынша ерте жүктіліктің алдын алу бағытында арнайы мекен-жай картасы әзірленіп, соның аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Арыста суицид оқиғасын алдын алу бойынша тиісті жұмыстар ұдайы жүргізіліп тұрады. Соның нәтижесінде бұл мәселе бойынша қаралы статистика жыл сайын азайып отыр. Мәселен, 2017 жылы суицид бойынша 11 оқиға тіркелсе (оның ішінде 5 аяқталған, 6 оқталған), 2018 жылы аутодеструктивті мінез-құлық бойынша 7 оқиға орын алған.
Өз-өзіне қол жұмсаудың алдын-алу мақсатында мекенжай картасы әзірленіп, оқиға орын алған аймақтарда, білім беру мекемелерінде тиісті сала мамандарының қатысуымен 30 іс-шара ұйымдастырылып, жалпы 2580-ге жуық жас қамтылды. Сонымен қатар аутодеструктивті мінез-құлықты фактілері анықталған аймақтарда тұрақты жұмыстар жүргізіліп, психологтардың бақылауына алынды. Осы орайда Елбасының: «Әр адамның бойына жұмыс істей білу, оқып-үйрене білу, өмір сүре білу, қазіргі әлемде өмір сүре білу қасиетін сіңіру керек», — деген сөзі еске түседі. Қоғамда айрықша орын алатын Жастардың дамуы жолында қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і жұмыстарын одан әрі жетілдіре бермек.

– Қазіргі таңда жат ағымның жетегінде кеткендерді мемлекет сол шырмаудан алып шығу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып жатыр. Адасқандарды түзу жолға түсіруде теолог мамандардың септігі зор екені белгілі. Осы бағытта қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Қала көлемінде дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізетін ақпараттық – түсіндірме тобы жұмыс жасайды. Деструктивті діни ағымдардың теріс идеологиясы мен олардың зияндылығын жұртшылыққа түсіндіру мақсатында жергілікті ақпараттық-түсіндірме тобы (АТТ) мүшелері мен облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің дінтанушы, теолог маманы арқылы қала және ауылдық мектептерде, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында, мекеме жұмысшылары арасында, ауылдық округтерде, ішкі істер, әскери гарнизон қызметкерлері арасында, елді мекен тұрғындары түрлі контингент арасында 2018 жылы 119 кездесу өткізілді. Жергілікті «Арыс ақиқаты», «Шалқар шыңдары» газеттерінде 2017 жылы дін саласына қатысты түрлі тақырыпта 98, өткен жылы 130 мақала жарық көрді. Сонымен қатар, «Арыс толқындары» телеарнасындағы «Біздің қоғам» бағдарламасында арнайы «Діни экстремизм мен тероризмнің алдын алу» бойынша дәстүрлі емес діни ағымдардың идеологиясына халықтың иммунитетін көтеру және мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан терроризмге қарсы саясатты халық арасында кеңінен ақпараттандыру бойынша ақпараттық түсіндірме топ мүшелерінің қатысуымен арнайы репортаж көрсетілді. Бұдан өзге, жергілікті «Арыс толқындары» телеарнасында әр аптаның бейсенбі күні «Имандылық айнасы» бағдарламасы және әр аптаның жұма күні «Жұмамен жүздесу» айдарымен телекөрсетілімдер тұрақты түрде көрсетілуде. 2017 жылы 84 бағдарлама түсіріліп көрсетілсе, 2018 жылы 96 бағдарлама көрерменге ұсынылған. Бұған қоса, облыстық дін істері басқармасы жанындағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің арнайы дайындаған имандылық тақырыптарындағы 40 бөлімнен тұратын «Біз құранды білеміз бе?», «Екпе», «Керағар діни ағымдардан сақтанайық», «Абайлаңыз ғаламтор», «Сирияға кетпеші», «Бақылаусыз бала», «10 байлық» тақырыптарындағы бейне фильмдер көрсетілді. Жалпы қала көлемінде дін мәселелері бойынша жұмыс жүргізетін ақпараттық-түсіндірме топтардың барлық кездесулерінде мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан терроризмге қарсы саясаты кеңінен насихатталуда. Аталған кездесулер «Арыс толқындары» телеарнасы арқылы, және Арыс қаласы әкімдігінің ресми сайты мен фейсбук, инстаграм, твиттер әлеуметтік желілеріндегі «Арыс қаласы әкімдігі» парақшасында тұрақты түрде жариялануда. Қала және ауылдық округтердегі деструктивті діни ағымдар жақтаушылары қатарында радикалды деңгейдегі азаматтар жоқ. Олардың радикалдануының алдын алу мақсатында облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің дінтанушы, теолог-мамандарымен бірлесіп арнайы желілік кесте бойынша жеке кездесулер өткізу арқылы оңалту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Арыс қаласындағы деструктивті ағым жақтаушыларының ата-аналарымен және туыстарымен ақпараттық түсіндірме топ мүшелері, зиялы қауым өкілдері, ардагерлердің қатысуымен 4 кездесу өтті. Бұл азаматтарды оңалту жұмыстарымен қамту бағытында 2018 жыл басынан арнайы тізімдегі 220 жеке кездесу өткізіліп, 11 азамат дәстүрлі дін жолына бейімделді. Сондай-ақ, оларды дәстүрлі қазақстандық қоғамға бейімдеу, қоғамнан өздерін белек сезінбеу мақсатында «Ораза айт» мерекесінде орталық «Ысқақ» мешітімен бірлесіп, мешіт жамағаттары арасындағы кіші футболдан турнир және басқада спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпазға арнайы сый-сияпаттар табысталды. Сондай-ақ, 18 қазан – Рухани келісім күні, Мәуліт, Ораза, Құрбан айт мерекелерінде бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Қала аумағында діни бірлестіктер арасында төзімділік жағдайы қалыптасқан, конфессияаралық қақтығыстар, алауыздықтардың орын алу фактілері тіркелмеген.

– Қазіргі таңда халықтың көпшілігі өзін мазалаған сұрақтар бойынша әкімдіктің есігін қақпай ақ, әлеуметтік желі арқылы билікке шағымын, айтар ұсынысын жеткізіп отыруға бет бұрып келеді. Әкімдік қызметкерлерінің өздеріне жүктелген жұмыстарды жүргізуде әлеуметтік желіні қолданудағы рөлі мен белсенділігі қандай?
– Арыс қаласы бойынша 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қалалық ішкі саясат бөлімі тарапынан республикалық, облыстық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына (газет, телеарна), ақпараттық сайттарға, әлеуметтік желілерге тәулік бойына күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Қалалық ішкі саясат бөлімі тарапынан облыстық және қаладағы әлеуметтік желілердегі белсенді блогерлерді тарта отырып, арнайы 21 адамнан тұратын топ құрылып жұмыс жасауда. Құрылған топтың мақсаты – Арыс қаласына қатысты жарық көрген сыни, жағымсыз материалдарға дер кезінде жауап жолдау мақсатында сапалы және нақты мәліметтер ұсыну және бұқаралық ақпарат құралдарына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, жарияланған сыни мақалалардың шынайылығы өз дәлелін таппаған жағдайда тиісті мемлекеттік мекеме мерзімінде сынның негізсіз екені туралы аргументті ақпарат беруде жемісті еңбек етіп жатырмыз.

– Өткен жылы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі алғаш рет көшпелі брифингті Арыс қаласында өткізді. Бұл шара бұрыннан қалыптасып келе жатқан дәстүрде емес, жаңа форматқа көшкендігімен ерекшеленді. Осы жайында айтып өтсеңіз…
– Өзіңізге белгілі былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында «16 желтоқсанға – 16 нысан» шарасы бойынша біраз нысандар пайдалануға берілген. Жалпы қала және аудан әкімдерінің атқарған жұмыстары туралы брифингтер бұған дейін облыс орталығы болған Шымкентте, қазіргі уақытта облыс орталығы Түркістан қаласында өткізілетінінен хабардарсыздар. Ал, біз бұл бағыттағы жиынды алғаш болып көшпелі етіп Арыста өткіздік. Оған қатысқандар көшпелі жиынның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Журналистердің аудан, қалаларда атқарылып жатқан жұмыстармен бетпе-бет танысуы үшін дәл осындай көшпелі жиындарды жиі-жиі ұйымдастыруды дұрыс деп ойлаймын.

– Сұхбатымызды Арыс қаласында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында болып жатқан түрлі шаралар туралы айтудан сабақтасақ…
– 2017 жылдың 12-сәуірінде Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғаны баршамызға аян. Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын Арыс қаласында іске асыру мақсатында, қала әкімімен «Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру» туралы өкімі бекітілді. Аталған бағдарламаны Арыс қаласында іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалып, орындау үшін тиісті мекемелер мен бөлімдерге жолданды. Бүгінгі таңда атқарылған жұмыстардың орындалуы туралы мәліметтер қалалық ішкі саясат бөлімінде жинақталып, әр аптаның бейсенбі күні облыстық штабқа және тиісті басқармаларға жолдануда. Бекітілген жоспарға сәйкес, 185 түрлі бағытта іс-шара ұйымдастырылып өтті. Қоғамдық сананы жаңғырту бойынша қала және ауылдық округтерде 82 билборд орнатылды. Арнайы айдарлар ашылып, «Арыс ақиқаты» газетінде 31 мақала, «Шалқар шыңдары» газетінде 18 мақала, жалпы 49 мақала жарияланды. «Арыс толқындары» телеарнасында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында атқарылған жұмыстар бойынша 154 сюжет көрсетілді. Сонымен қатар, ұйымдастырылған барлық іс-шаралар «Арыс қаласы әкімдігінің ресми ontustik-aris.gov.kz сайтында» 293 мақала, әлеуметтік желілердегі фейсбук, твиттер, инстаграм парақшаларында 879 шағын мақала жарияланды. Қалалық қоғамдық орында 1 LED-экраннан «Рухани жаңғыру» туралы роликтер көрсетілуде.

– Жас маман ретінде «Жастар жылында» қандай мәсәлелерге мән берілу керек деп ойлайсыз?
– «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп тегін айтылмаған. Жастардың өмірде өз кетігін табуы жолында баспана мәселесі маңызды. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда көптеген жас отбасылардың басын ауыртып, балтырын сыздатып жатқан жәйт – ол өз баспаналарының жоқтығы. Бұл жалпақ елге мәлім. Осы бағыттағы мәселелердің өз шешімін табуы үшін жыл сайын түрлі реформалар мен бағдарламалар қабылданып келеді. Былтыр Елбасының «7-20-25» бағдарламасы соған негіз болды. Бірақ жас маман ретінде, өз қатарластарымның қандай да бір бағдарлама бойынша үйге қол жеткізе алуы бағытында түзілген бағдарламалардың талаптары мен ережелері жеңілдей түссе деген тілегім бар. Сонымен қатар, «жас келсе – іске» деген. Кез келген жастың қоғам дамуы жолында өзіндік із қалдыра алатын мүмкіндігі бар. Ал олардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы жұмыстарға араласуын қамтамасыз ету зор мәнге ие деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
Ә. АЙТЖАРИ.