Мәдениет пен дін – рухани жаңғырудың бастауы

Қоғамдағы барлық мәселелерді тек дін арқылы ғана шешуге болады немесе белгілі бір мазхаб арқылы ғана мұратқа жетеміз деген ұстаным, діннің рөлін шектен тыс асқақтатып, идеологиялық сипатқа айналдыруы мүмкін. Ал адамды қоршап тұрған танымдар тек діни танымнан ғана тұрмайды. Сондықтан бұл мәселеге тек діни танымдық тұрғыдан қарау, сындарлы шешім емес. Себебі теология себеп емес, салдар. Қазақ болмысы, мемлекеттілігі және оның баяндылығы мен тұрақтылығы, жері мен елінің тұтастығы деген идеялық ұстанымдар, міне, бүгінгі ең басты саяси еркіндік мұраты ретінде сомдалып көріне бастады. Бұдан басқа танымдық қабаттардың барлығы осы мүдде үшін қызмет етуге жұмылдырылғаны абзал. Бүгін мәдениет, дін, мемлекет қатынасының қырлары мен құндылықтық, теориялық негіздеріне терең үңілуіміз де осы мақсат төңірегіндегі нақты анықтамалардың, талдаулар мен комментарийлердің өзектілігін көрсетіп отыр.

Мәдениет деген болмысты ұстап тұратын құндылықтар жүйесі негізінен дінге барып тіреледі. Қазақ мәдениетінің мазмұнында ислам жатыр. Мемлекеттің де құрушы мәдениеті, ұлты бар. Сол мәдениет – құқықтың да иесі. Ал құқыққа бағыну, мойынсұну, сыйлау, құрметтеу деген психология адамға, алдымен мемлекеттен бұрын сол құқық иесіне деген құрметтен басталады.
Қоғамда «дін мен дәстүр» деген тіркес жиі қолданыста. Бірақ қазір қарап отырсам, кешегі орыс ориенталистикасының сойылын соғып кетіппіз. «Әдет пен шариғат» (дін мен дәстүр) тіркесін кезінде орыс отаршылдары мен ориенталистері әбден өз мүдделеріне қарай қолданып бақты. Нәтижесінде мазмұны бүгінгі қазақ мәдениеті мен мұсылмандығының дамуына үлес қоса алмайтын деңгейде өзгертілді.
Сондықтан ұлттық болмысты жаңғырту жолында бұдан былай «дін мен дәстүр» тіркесінің орнына саналы түрде «дін мен мәдениет» (ұлттық мәдениет) деп қолданған абзал. Бұл ғылыми танымдық өлшем тұрғысынан идеяға да, принципке де сай ұстаным болады. Сонымен қатар еліміздегі діни рухани құндылықтардың жандануына да оң әсерін тигізетіндігі сөзсіз.
Кешегі кеңестік кезеңде де оның алдында да қазақ мұсылмандығы туралы қалам тартқан, зерттелген материалдарды қарап отырсаңыз, қазақтың мұсылмандығына күмәнмен қарайсыз: «Ол – шаман», «ол – тәңірлік» пен исламды қатар ұстаған синтезделген комплекс, «ол – әруақтар мен онгондардан құралған сенім» негіздерінің кені, «бақсы-балгерлер мен құмалақшылардың институты», «мола кезгендердің және оған сыйынатындардың халықтық исламы», «классикалық исламға» да, «шариғатқа сай келмейтін сырты мұсылман іші белгісіз дәстүр» ретінде анықталған.
Осы анықтамалар мен тұжырымдардың барлығы, қазақты мәдениетке, ұлтқа, саяси болмысқа, діни білім беретін орталығы жоқ, көшпенді тайпалар мен топтардан құралған, не қонар жері белгісіз, хаостық қозғалыстағы, не территориясы белгісіз жабайылардың экзистенциялық тіршілігі деп көрсетілген. Бұлар бер жағы ғана. Міне мақсатты түрде осылай анықталған қазақ болмысында әрине ұлттық мәдениет деген атымен жоқ болып шығады. Қазақтарда тек әдет-ғұрып, салт-дәстүрлік сана ғана болған дегенге алып келген. Яғни қазақтардағы «адат және шариат» қатынастары ориенталистік шаблонмен түсіндіріліп, дін мен дәстүрді шариат пен әдет дилеммасы арқылы негіздеп, екі қабат арасындағы айырмашылықтарды термелеген. Бұл материалдарды кешегі және бүгінгі неосалафилер ұтымды пайдаланды. Олар «қазақты кеше ғана мұсылман ел болған» деп таныды. Яғни, қазақтың мұсылмандығы «бидғат», «ширк», «шамандық», «тәңіршілдік» деп өз позициясын осы мәнде нығайтуға дайын ғылыми негіз табылды.
Орыс ориенталистикасының әдет, дәстүр мен дінді қарсы қоюында саяси мәселе бар. Ол норма, құндылықтар мәселесі. Дәстүр де, дін де норма қояды. Ол деген сөз құндылықтық қуаты бар деген сөз. Діни құндылықтар мен дәстүр құндылықтары арасында тартысты іріктеп шығарып, сендер қазақтар екі мәндегі, екі бастаудағы рухани құндылықтармен шатасқан, екі кеменің басын ұстаған, шала мұсылмансыңдар дегізген. Мақсаты қазақты шоқындыру, шоқындыру арқылы орыстандыру, ұлтсыздандыру еді. Бұрын сендер көшпенді болдыңдар, енді отырықшы боласыңдар, өркениетке орыс мәдениеті арқылы жетесіңдер деген «ғылыми желкен» ашып берген. Ал енді бүгін әлеуметтік ғылымдар методологиясы тұрғысынан қарасаңыз осы ұстанымдар, қазақты ұлтсыздандыруды, дінсіздендіруді жүзеге асырудағы теориялық негіздер екендігін көреміз.
Біз қазір «дін мен дәстүр» егіз деп сол кешегі орыс ориенталистикасының салдарына жауап берудеміз. Сонда әлі салдар емес себептерге үңіле алмай келеміз. Біз қазақ деген ұлтпыз, мәдениетпіз, саяси болмыстағы, мемлекеттілігі бар елміз. Осы «менді» айтқызбау үшін де қазақтың қолымен талай анықтамалар, қолжазбалар, материалдар жаздырылды. Енді қазір біз, пәленше екемнің өзі айтып кеткен ғой деп, елексіз, сынсыз, ойсыз тұжырымдар айта салатын болдық. Не болса да қазақ мәдениеті мен ұлты зардап шегіп жатса да қыңк ете алмайтын болдық.
Мәдениет пен дін сөздері бір түбірден (дана/йадину етістігінен) шыққан. Дін арапша-дин, сөздік мағынасында жол, сенім, үкім, қағида т.с.с. мағыналарды білдіреді. Мәдениет қала, қауымды білдіретін “Тәңір тарапынан белгіленген “жолы”, этикалық, әлеуметтік, экономикалық және діни құлшылық ету қағидалары мен сенімдік жүйеге негізделген, Тәңірмен байланыс құруға арналған табыну орны (мешіт, шіркеу, синагога т.с.с.) бар қауымның тіршілік әдісін, тұрағын анықтайтын ұғым (термин). “Маданийат” ұғымы кейіннен уақыт ішінде қала, қалалық, отырықшы т.с.с. сипатқа ие болып, латын тіліндегі “культура” ұғымымен тең мағынаға ие болған”
Ислам діні – қазақ болмысының мәні. Мәдениет пен дін тұтас. Мәдениеттің бірнеше қабаттары бар. Солардың ең басында тіл қабаты тұр. Жаңа тұжырым бойынша тіліміздегі ислам дініне қатысты терминдер мен түсініктер, ол енді арабизм бола алмайды. Керісінше ол қазақтың тілдік қорының діни санасын анықтайтын көрсеткіш.
Екінші қабат – мәдениеттің ойлау қабаты, дүниетанымдық бөлігі. Онда да ислам дінінің мәні болған, таухид, универсализм ерекшеліктері көрініс тапқан.
Мәдениеттің уақыттық көрсеткіші – тарих, онда да ислам дінінің болмысы көрінісі тапқан, кешегі қазақ хандығының саяси болмысы, қала мен дала тұтастығы және т.б.
Мәдениеттің ең басты бөлігі –өнері, сәулеті, аңызы мен әпсанасы, әдебиеті мен жорасы, құқықтық жүйесі, моральдық этикалық қабаттары, дәстүрі мен әдет ғұрыптары діни сана арқылы мәнге айналған.
Сонымен мәдениет дегеніміз дін арқылы өрілген, өнген, дамыған және қалыптасқан әлем, құбылыс, үдеріс, болмыс.
Мәдениет – әлем. Себебі, мәдениеттің сан салалы қабаттары бар. Ол қабат тіл, дүниетаным, кәсіп, өнер, салт дәстүр, әдет ғұрып, әдебиет, тарих, кеңістігі, құқықтық, моральдық, эстетикалық қабаты болып жалғасып кете береді.
Мәдениет – құбылыс. Себебі, оның бастауы, трансформациялық базасы мен құндылықтық негіздері алдымен көрініс табады.
Мәдениет – үдеріс. Себебі, ол жеке дара өмір сүре алмайды, үнемі жаңғырып, қорытып отырады, бірақ негізгі шаблонынан алысқа кетпейді.
Мәдениет – болмыс. Себебі ұлттың ерекшелігін, еркіндігін, рухани материалды құндылықтарына мән беріп, даму, сақтану қабілеті мен санасын өзінде қамтитын ғарыш. Сол ғарыштың мазмұнында дін бар.
Мәдениеттің мазмұнында дін бар дедік. Мысалы қазақ мұсылмандық ерекшелігі оның діни санасынан көрінеді. Діни сана осы мәдениетті басқа бір болмыстардан өзіндік ерекшеліктермен байланыстырып немесе ажыратып тұрады. Ал діни сананы азықтандыратын «діни таным» мен «діни тәжірибе» қабаты.
Кеңестік кезеңде діни таным мен діни тәжірибеден үзіліп қалған діни сана әлсіреді, өзінің болмыстық қалыптарын ұмыта бастады, дегенмен сақталды. Діни сана, азса, адам да азады. Себебі, діни сана ол – адам, ұлт. Сол ұлт бүгін өз мәдениеті мен саяси еркіндігін баянды ету үшін өз мемлекеттілігін қайта жаңғыртты, қайта құрды.
Мәдениетті құрайтын тіл, өнер, саз, сәулет, әдет ғұрып, салт, дәстүр, тарих, әдебиет, кәсібі, уақыты мен кеңістігі осы тілдік қор арқылы білу, тану, сезу, ұғыну, түсіну, түсіндіру, бағалау, жеткізу, әсер ету, оқу, тоқу, байланысу және т.б. қабаттарды қамтиды. Мәдениеттің мамұнындағы діни сана да осы тіл арқылы ұлттың ұясына айналады.
Ұлт ұясы ол мәдениеттің мазмұнында сақталады. Кез келген мәдениеттің, ұлттың мәні оның діни санасы. Ол мәдениетті сақтайтын, келер ұрпаққа беріп отыратын қор, ғарыш. Ол ғарыш сакральды әлеммен, киелілікпен байланысты. Енді «қазақ тілді» қазақтар мен «орыс тілді» қазақтар деген сыныптамаларға алданып жүрген ғалымдар мен саясаткерлерге айтарым, бәрі өткінші, мына бүгінгі саясат та, сондықтан, елді алдауға болмайды. Ешқашан бір ұлттың екі тілі болмайды. Егемендікпен бірге қазақ тарихында саяси болмысындағы «мәдениет, мемлекет және дін» үштігі толық болды, түгелденді. Енді осы болмыстың мазмұнын толтыру әрбір қазақ азаматының парызы. Жалпы мазмұн мен форма біртұтас дегенімізбен, екеуінің функциялық тіршілігі мен белсенділігі уақытпен, санамен тығыз байланысты.

Досай Кенжетай.