Маңызды

Көше құрылыстарына отандық өнімдер қолданылады

Биыл Шымкенттегі Ж. Адырбеков пен А. Байтұрсынов көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігі белгілі. Осыған байланысты кешегі аптада қала әкімі бастаған жұмысшы топ аталған көшелерді аралап, құрылыс жобаларымен танысты.
Құрылысы ағымдағы жылы басталатын Ж. Адырбеков көшесінің құрылыс жобасын Әбдірахымовқа қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қ. Жұматаев таныстырды. Оның мәліметінше келешекте Ж. Адырбеков көшесі 14 метрге дейін кеңейтілетін болады.

Осы мақсатта көшенің екі жақ бойында орналасқан 65 нысан орын тепкен жер телімдері мемлекет меншігіне алынады. Оның құрылысы 5 кезеңге жобаланған. Мердігер мекеме – «Kaz Construction» ЖШС. Екі бағыттағы көшені жаңарту барысында жолдың екі шеті де жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдармен толығып, абаттандырылмақ. Тіпті велосипед жолағы болмақ. Қайта құру жұмыстарынан өткеннен соң көше төрт жолаққа айналады. Өз кезегінде бұл қаладағы көлік кептелісінің едәуір азаюына зор ықпал етпек. Адырбеков көшесінің бүгінгі көлік өткізу қабілеті тәулігіне 13450 көлікті көрсетіп отыр. Салдарынан көлік кептелістері жиі орын алуда. Алдияров көшесінен Рысқұлов көшесіне дейінгі аралықты алып жатқан Адырбеков көшесінің жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрайды. Көшені 2020 жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Сала мамандары құрылыс кезінде көлік қозғалысы тоқтамайтынын, тек қолайсыздықтар туындайтынын алға тартты.
Одан соң қала әкімі бастаған жұмысшы топ А. Байтұрсынов көшесін орташа жөндеуден өткізу жұмыстары жобасымен танысты. Белгілі болғандай, аталған көшені орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу осы жылдың аяғына дейін толық аяқталатын көрінеді. Әбдірахымов үш шақырымнан асатын А. Байтұрсынов көшесі алдағы уақытта Шымкенттегі ең әдемі көше болатынын айтты. Адам аяғы үзілмейтін бұл көшеде жөндеу жұмыстары кезінде жаяу жүргіншілер мен велосипедке отырғандар үшін қолайлы жағдайдың барлығы қарастырылатыны айтылды.
Алдағы уақытта Шымкент көшелерінде жүргізілетін осы және өзге де құрылыс жұмыстарының жобасымен танысқан Ғ. Әбдірахымов жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізу кезінде қолданылатын өнімдерге тапсырыс беру кезінде отандық өнімдерге таңдау болғанын мәлімдеді.

С. НҰРАЙ.
Сурет А. ДИДИАРБЕКтікі.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру