Маңызды

САЙРАМДЫҚТАРДЫҢ ЫНТЫМАҒЫН ЫДЫРАТУ КІМГЕ КЕРЕК БОЛДЫ?

Таяуда әлеуметтік желі арқылы жеті өзбек азаматының топ болып төбелесіп жатқан (авт. бір жақ бесеу, екінші жақ екеу болып) бейнесі таралып кетті. Былайғы жұрт олардың арасында жабылып жатқандардың жуан жұдырығына шыдас таныта алмай жерге сылқ құлаған екеудің қазақ екенін алға тартып, қандары басына шабады. Өйтпеген де ше, өзбек ағайындарымыздың есігімізден кіріп келсе, бауырласпыз деп құшақ жая қарсы алып, төрін ұсынатын қонақжай қасиетімізді ұмытып, мейлі тентек болса да ұлымызды тепкінің астына алып жатқаны кімге оңай тиеді дейсің…

Бірақ сол видеода таяқтан көз ашпағандарды қазақ деп, және оны қазақ жерінде, дәлірегі Сайрам ауданында болып жатыр деп таралған ақпарат негізсіз еді.
Елдің осылай ат тепкендей боларын білді ме, әйтеуір сол бейне желіге таралған соң, оны «Түркістан облысы, Сайрам ауданы, халқының басым бөлігі өзбек ұлтының өкілдері құрайтын Қарабұлақ ауылында қазақ пен өзбек ұлтының жігіттері арасында болған оқиға» деген дақпырт дерек тез тарап кетті. Бұған бұлқынған қаншама қазақ жігіттері «біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген мағынада әлгілердің сазайын беруге ұйытқытып жатқанын бейнеге қатысты аудиожазбалар арқылы анық байқауға болады.
Жоқ жерден шу шығып, жел сөзге еріп кетпес үшін Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі әкімдіктің ресми сайтына шұғыл түрде «Әлеуметтік желіде тараған күш қолдану оқиғасының Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында орын алмағандығын хабарлаймыз. Бұл туралы бүгін Өзбекстан Республикасының Бас прокуратурасы арнайы хабарлама жасап, оқиғаның Нарын ауданында орын алғанын және тиісті тергеу жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Аталған бейне баянды әлеуметтік желі мен мессенджерлерде «аудандағы оқиға ретінде» тарату Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 274 бабымен жауапкершілікке тартылатындығын ескертеміз» деген хабарлама таратады.
Шынында да, бұл оқиға Өзбекстан Республикасы, Наманған өлкесі, Нарын ауылындағы, Қорғаншы елді мекенінде орын алған. Мұны көрші елдегі белгілі бір телеарнада көрсетілген жаңалықтардан айқын аңғаруға болады. Онда жапа шеккен екі балада, оларға жабылған бес жігітте алдымен жергілікті жердегі асханаларда спиртті ішімдік ішіп алғандары, арақтың буына есірген олар тысқа шығып елді шулатқанын, салдарынан таяқтың астында қалған екеудің орташа және жеңіл жарақат алғаны, ал олардың есінен танып, жерге құлауы қатты соққыдан емес, сайтан судың салдарынан екені айтылады. Сондай-ақ, өткен жылдың 24-желтоқсанында орын алған бұл оқиға бойынша тергеу-тексеру жұмыстары жүріп, іс сотқа жолданғаны хабар етіледі.
Бұл бұзақылықты таңсық көріп, ұялы телефонға түсіріп алып, кейіннен оны жұртқа тарата бастағандар бейнежазбадағы тентектердің тәртіпсіздігі сол Өзбекстан елінде болғанын әлімсақтан білгені белгілі. Бірақ соған қарамастан ол бейнежазба Қазақстан аумағындағы Сайрам ауданында болды деп бұрмаланған. Мұны неге жоруға болады? Бұл халқының басым бөлігі еңбектен бел жазбайтындығымен ерекшеленіп, өзгелерге үлгі болатын сайрамдықтардың ынтымағын ыдыратып, татулықтарына сына қағу үшін жасалған әрекет пе, әлде жәй ғана қателік пе? Қателік дейін десең бейнежазбадағы жағдайдың орын алған аумағы ретінде облыстағы өзге аудан, қалалардың ішінен өзбек ұлтының өкілдері көп қоныс тепкен Сайрам ауданының таңдалып алынуы тегін емес сияқты болып аңғарылады.

«Уақыт».

Пікір жоқ

Пікір қалдыру