«БҰЛ ЕҢБЕКТІҢ ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ БОЛМАҚ»

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры атты» мақаласында қазақтың тарихын әлем халқымен байланыстыра отырып, алдағы уақытта атқарылатын тың бастамаларды алға тартады. Соның бірі «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп аталады. Онда Президентіміз бүтін халықтың тарихи таным түйсігінде кино өнері ерекше орын алатынын айта келе «Қызықты әрі мелодрамалық сарындармен қатар, көрермендер үшін танымал фэнтези және шытырман оқиғалы блокбастерлердің элементтерін қоса отырып, жаңа тарихи кино туындылардың жанрларын барынша кеңейту қажет. Осы мақсатпен Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалануға болады» деп ой тастайды.
Елімізде соның ішінде Түркістан облысында композициялық желісі кино өнеріне сұранып тұрған аңыз-әпсаналар жетерлік. Өткен жылы аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың ұйытқы болуымен «Көне жетігеннің сыры» атты деректі фильмінің түсірілгені сол сөзімізді қуаттай түседі. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада Елбасы ұлтты рухани байыту мақсатындағы осы сынды жұмыстарды әрі қарай жандандыра түсу туралы тапсырмасы сала мамандарына зор ізденіс жүктеп, тың дүниелерді жарыққа шығаруға шақырады. Бұл тұрғыда таяуда Түркістанда өткен «Ұлы даланың жеті қыры» және Түркістан» атты келелі жиынында тұсауы кесілген «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар» атты кітаптың алар орны ерекше. Өз кезегінде біз бұрын соңды шығарылмаған бұл туынды туралы Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Бақытжан Әшірбековке бірнеше сауал жолдаған едік. Оқып көрелік.


– Түркістан төрінде өткен «Ұлы даланың жеті қыры» және Түркістан» атты кешегі өткен келелі жиын барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар» атты кітаптың тұсаукесері болды. Туындының ең басты құндылығы қандай?
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан кейін іле қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ең негізгі мақсаты – ел азаматтарын тәрбиелеу, заман талабына сай келетін менталитет қалыптастыру, өскелең ұрпақты өзінің туған Отанын сүюге баулу екені баршаға белгілі. Осы бағытта біздің облыста талай жобалар мен тың идеялар іске асты. Соның бірі жұрт жадында сан жылдар сақталған, халық аузында қаншама уақыттан бері айтылып келген аңыз-әпсаналардың жинақталып, «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар» атты кітап болып шығарылуы болды. Оқырманға жол тартқан туындының тұсаукесер рәсімінде облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы «Әз-әулиелер туралы аңыз-әпсаналар естіген адамның жан дүниесін баурайды, жақсылыққа баулиды, санасын өсіреді, мінезін тәрбиелейді» деген-тін. Кітаптың басты құндылығы облыс әкімінің осы сипаттамасымен дөп түседі. Жалпы облысымызға қатысты мұндай аңыздар ешқашан бір кітапқа жинақталып кітап болып шықпаған. Ондағы аңыз-әпсаналар біздің рухани байлығымыз. Сондықтан да бұл жұртшылыққа жар салып көрсететін кітап.

– Бұл туындыда қанша аңыз топтастырылған? Және ондағы оқиғалар желісінде күнгейдің қай жерлері тілге тиек етіледі.
– Кітапқа 361 аңыз енген. Онда облыстағы көпшілік қауымға кеңінен танымал Баба Түкті Шашты Әзіз, Арыстан баб, Ысқақ баб, Үкаша ата, Ибрахим ата, Қарашаш ана, Қожа Ахмет Ясауи, Бәйдібек ата сынды киелі орындармен қоса Ойсыл қара, Кален баб, Имам Марқозы көктонды, Ұзын ата, Меңдуана әулие, Бекасыл әулие туралы тәрбиелік мәні бар, мазмұны қызық аңыз-әпсаналар жинақталған.

– Кітапты шығаруға тапсырыс беруші мен оны құрастырушы редакторлар алқасы кімдер? Оны жарыққа шығаруға қанша уақыт жұмсалды?
– «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар» кітабы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында арнайы жоба ретінде реестрге енгізілген. Кітап шығару редакциясын облыс әкімі Ж.Түймебаев басқарған. Оның жауапты редакторы Қ.Тәжиев. Кітапты жарыққа шығару жұмысы 2017 жылдың маусымында басталған.

– Жоғарыда сиясы кеппеген бұл дүниеге 300-ден астам аңыз-әпсана енгенін айтып өттіңіз. Онда келтірілген мәліметтердің қайнар көзі қайдан алынған?
– Бұған дейін де жеке азаматтардың, жазушылардың, ғалымдардың ізденістері негізінде әр киелі орынға қатысты аңыздар жарық көрген болатын. Олар энциклопедияларда, жеке кітапша ретінде немесе баспасөз бетінде жарияланған. Онда осы сынды ғылыми еңбектер мен халық ішінен жиналған деректер енгізілген. Кітапқа жазылған әрбір аңыздар бойынша пайдаланылған әдебиеттерге арнайы сілтеме жасалған.

– Кітап қанша тиражбен баспадан шықты? Ол қай жерлерге таратылады? Оқырмандар бұл кітапты қайдан тауып, оқыса болады?
– Кітап «Қазығұрт» баспасынан 1000 дана таралыммен жарыққа шықты. Жуық арада олардың барлығы дерлік облысымыздағы кітапханаларға таратылады.

– Бұл еңбекте өзіңізді ерекше әсерге бөлеген, рухани азық алған аңыз-әпсана қайсы? Оқырмандарды қызықтыру үшін оның қысқаша мазмұнын айтып бере аласыз ба?
– Кітаптағы 58-аңыз мені бей-жай қалдырмай, ерекше әсерге бөледі. Онда Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыз туралы айтылады. Бір кездерде Яссы қыстағында құмар ойынына еліктеген құмарпаздар көп болған екен. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз күнде сол жерге барып, оларды сырттан бақылап жүреді. Сонда әудем жерде тұрған бабамызға әлгілер «неге ойнамайсың?» дейді. Сол кезде адам бойына нұр емес, кір жұқтыратын әдетке бой алдырып, қия басып жүрген олардың бұл жөнсіз сұрағына Ясауи бабамыз салмақты қалпымен «Сендердің ойындарыңа қатысқандар ақшасынан айырылады. Егер біздің ойынға қатыссаңдар, керісінше күніне 20 тиын табасыңдар» деп жауап қайырады. Осылайша бабамыз олардың тапқан таянғанын желге шашып жатқанын, егер ойыннан бойларын аулақ ұстаса сол қажетсіз дүниеге жұмсалып жатқан тиынын өз отбасыларының қажетіне жарататынын астарлап жеткізеді. Ол кезде 20 тиын дегенің бүкіл отбасының бір апталық ырыздығына татыған ғой. Жөн сөзбен, келелі кеңеспен олардың жүрегіне жол тапқан бабамыз осылайша құмар ойынға құныққандардың ақылға келіп, тура жолға түсуіне септігін тигізеді. Аңыздан түйген түймедей ой. Аңыз арқылы бабамыз өзінің көрегендігімен кері кетіп бара жатқандарды тура жолға тартты. Құмар ойынға қызыққандар ол заманда ғана емес, қазір де бар. Тіпті белең алып барады. Енді бүгінгі қоғамда әрбіріміз осындай жағдайды көргенде немқұрайлылық пен немкеттілік танытпай ондай жандарға жанашырлық білдіріп, жылы сөзбен сабасына түсірсек, келеңсіздіктің белең алуына тойтарыс береріміз хақ.

Дайындаған: С. Нұрай.