Теріскейдің қойнауы тұнған тарих

Қазақ хандығының ең алғашқы астанасы Созақ екені белгілі. 1465-69 жылдар аралығында Керей мен Жәнібектің ордалары осы қалада тігілгені тарихи деректерде айтылған. Әбілқайыр ханның өлімінен соң басталған билік үшін таласта Созақ қаласынан хан ордасы көшірілген. Бұл екі мың жылдық тарихы бар қаланың ерекше мәнге ие болғанын білдіртеді. Тарихи деректерде Созақ Қазақ хандығының тірегі болған деп жазылады. Мұндай тоқтамға қала арқылы хандықтың басты қалаларына апаратын Суындық, Ақсүмбе секілді асулар өткені, сол себепті де бұл жер сауда-экономикалық маңызға ие болғаны, Созақтың Қаратаудың теріскейінде Дешті қыпшақтың даласынан Түркістан мен Отырарға, Сауран мен Сайрамға, батыс жақтағы Аралдың маңайындағы қалаларға, Шу мен Таластағы ірі орталықтарға апаратын жолдың түйісер тұсында орналасқандығы арқау болады. ХІ-ХVІ ғасырларда Сырдария бойындағы, сондай-ақ Түркістандағы ірі қалалар үшін Өзбек пен Қазақ хандығы арасында отыз жылға жалғасқан қырқыс-тартыс болған. Бұл Созақтың маңызды орталық болғанының тағы бір дәлелі болса керек.

Қазақ хандығының қалыптасып, нығаюына тірек болған қалалардың ішінде Созақтың орны бір төбе болғаны туралы деректерді тек тарихта емес әдеби шығармаларда да жиі кездестіруге болады. Мәселен, жазушы-ғалым Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романында «Тарихтың тоғыз жүз тоқсан алтыншы, тышқан жылы наурыз туып, қар сөгіле шығыс Дешті-Қыпшақтың падишахы Тәуекелдің сауын айтып, шұғыл шақыруымен, киіз туырлықты қазақ ұлына үкім жүргізуші қасқа-жайсаң атаулы Қаратаудың терістігіндегі Созақ қаласына құрылтайға жиналды» деген жолдар соған мысал.
Дегенмен де жазушылардан бұрын, тарихшылар, археологтар тарапынан Қазақ хандығының тірек қаласы болған бұл мекен туралы қаншама зерттеулер жүргізілсе де, Созақтың тіршілігі нақты қай уақыттан басталғаны туралы табан тірер дерек айтылмайды.
Археологиялық зерттеулер Созақ қаласының тарихы тереңде жатқанын, шамамен екі мыңжылдықты құрайтынын айтады. Оған дәлел ретінде жергілікті тарихшылар «бұл қалада ислам діні келгенге дейін отқа табынатындар, яғни тарсалар ғұмыр кешкен. Олардың таспен тұрғызылған бейіттері Қаратаудан Созақтың бір ұшына дейін жетіп, созылып жатыр. Ол қабірлер осы жерде өмір сүрген ежелгі халықтыкі болуы әбден мүмкін» деген пікір білдіреді.
Оңтүстік Қазақстанның археологиялық экспедициясы жасаған зерттеу жұмыстары Созақ қаласы ХІV – ХVІ ғасырларда гүлденген дегенді алға тартса, археолог-зерттеуші Ерзакович аталған қалашықты Х-ХІХ ғасырлардың арасында болған 5 құрылыс қабатынан тұрады деп тұжырады. Тарихшылар Созақ қаласы туралы 1945 жылдан кейінгі зерттеу жұмыстарында біраз кемшіліктер орын алғанын, оның себебін техникалық жабдықтардың сапасы төмен болғандығымен тығыз байланыстырады.
Еліміз егемендік алып, есімізді жиып, еңсемізді көтергеннен кейін өткенімізді терең тану мақсатында бұл бағытта көптеген жұмыстар қолға алынды. Соның бірі 2012 жылы Қазақ хандығының тірек қаласы Созаққа жүргізілген ауқымды зерттеу жұмысы болды. Бұл жұмыс құм астында бүгіліп жатқан көптеген деректерді ашуға зор көмегін тигізді. Яғни, ол Созақ қаласының Қазақ хандығы кезіндегі рөлін барынша анықтауға, сол секілді одан басқа маңызды мәліметттерді жинауға септігін тигізді. Қазба жұмыстары екі бөліктен тұрды.
Сол жылғы зерттеу жұмыстары ғалымдар көздеген нәтиженің 50%-ын орындады. Бұдан да көп жетістікке қол жеткізер ме едік? Бірақ уақыттың аздығы мен қаражаттың жеткіліксіздігі зерттеу жұмыстарын жүйелі жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Дегенмен де қаланың дамуы, қалыптасқан кезеңі мен нағыз гүлденген шағын, тиісінше құлдыраған уақытын айшықтаудаға негіз қалар көптеген керекті мәліметтер қолға ілікті. Зерттеу жұмысы кезеңінде моншақ көздері, сырланған-сырланбаған қыш ыдыстар, тұрмыстық бұйымдар, диірменнің тастары, бірнеше мыс тиындар сынды археологиялық заттар қазылып алынды. Олардың әрбіріне терең үңіліп, зерттей түсең тарих сөйлейтіні анық. Ғалымдар осы зерттеу жұмыстарының әрі қарай жалғасын таппай, төмендегі қабаттарға археологиялық қазбаның жүргізілмей, алға қойған бастапқы мақсаттардың орындалмауын талай рет қынжылыспен жеткізіп келеді.
2012 жүргізілген археологиялық қазба жұмыстар жөнінде тарихшы Дөкей Талеев өзінің «Созақ қазақ хандығының тірек қаласы» атты ғылыми мақаласында мол мәлімет тарқатады. Назарларыңызға Д. Талеевтің аталған ғылыми мақаласында сол жылғы қазба жұмыстары туралы «Қала орнында 2012 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмысы» деген тақырыппен тарқатылып жазылған тұсын қаз қалпында беруді жөн санап отырмыз.

Қала орнында 2012 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмысы

Осы жылы жүргізілген қазба жұмыстары қаланың толық мерзімделуін, қорғаныс құрылыстарының фортификациялық ерекшеліктерін, Созақтың Қазақ хандығы тұсындағы тарихи рөлін анықтауға және басқа да қосымша мәліметтер жинақтауға бағытталды. Осы мақсатта қаланың Солтүстік – Шығыс шетіндегі қорғаныс қабырғасының Қазы қақпаға тірелген жеріне қазба І салынды. Қазба бастапқыда екі бөліктен тұрды. Қазба І қақпадан қалаға кірген көшенің шығыс шетінен түсті. Оның жалпы өлшемі 9,5х13 м. тереңдігі 1-2 м. Осы қазбаның шығыс шетінен 6,5 метр қашықтықтағы жерден стратиграфиялық қима салынды. Қиманың бастапқы өлшемі 6х7 м болатын. Қазу барысында ол 7х11,5 м. дейін
кеңейді. Қиманың тереңдігі 2,7 м. дейін түсті. Зерттеу жұмыстарының сипатына қарай екі қазбаның солтүстік-шығыс шеттері 2-3 метрлік жалпақтықтағы стратиграфиялық тазарту қазбасы арқылы бір-бірімен жалғастырылды.
Нәтижесінде қаланың қорғаныс қабырғасының Қазы қақпадан басталатын тұсындағы бөлігі 23 м қашықтықта ашылды.
Қазба ІІ бастапқы қазбаның оңтүстік-шығыс шетінен 6,5 м қашықтықта қорғаныс қабырғасының үстінен стратиграфиялық қима ретінде салынды. Қазбаның бастапқы көлемі 5х7 м болатын. Жердің бетінен 15-20 см тереңдіктен жеке бір үйдің орташа өлшемдегі бөлмесінің едені шықты. Бөлменің қабырғалары жойылған, тек шығыс шеткі қабырғаның қам кесектен қаланған бөлігінің біршама жері сақталыпты. Осыған орай қазбаның енін шығыс шетінен 7 метрге дейін кеңейттік. Қабырғаның қалыңдығы 65-70см. Кірпіштерінің өлшемдері 36х18х10; 36х20х 10 см. Күйдірілген кірпіш төселген еденнің бір бөлігі жақсы сақталыпты. Еден кірпіштері ортағасырлық дәстүрлі өлшемдегі 24х24х5 см. кірпіштер. Шамасы осы маңдағы ескі құрылыстар бұзып алынған болса керек. Арасында 26х13х6 см өлшеміндегі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына жататын кірпіштер де кездеседі. Бөлме ішінен мерзімдеуге негіз болатын заттай деректер кездеспеді. Бұл қабаттың мерзімделуі жергілікті ақсақалдардың мәліметі бойынша нақтыланды. Ауыл қарттарының мәлімдеуінше біз қазба салған жерде ХХ ғ. 52-ші жылына дейін Жақсылық деген жергілікті ауқатты азамат тұрған. Біз сол азаматтың үйінің бір бөлмесіне түссек керек.

Екінші құрылыс қабаты бастапқысының астында 10-15 см тереңдіктен ашылды. Бұл қабаттан екі бөлменің жартылай бөліктері аршылды. Үйдің күйдірілген кірпіштен қаланған оңтүстік қабырғасынының соңғы қатарлары ғана сақталыпты. Шамасы фундамет ретінде қаланған болса керек. Мұндағы кірпіштер де ортағасырлық дәстүрдегі 24х24х5 см өлшемінде. Қабырға екі шетіне бүтін, ортасына сынық кірпіштер қалау тәсілімен өрілген. Бұл кірпіштердің де ескі құрылыстан бұзылып алынып қайта пайдаланылғаны көрініп тұр. Қабырғаның қалыңдығы 75 см. Біздер сындырмай алып, жинап қойған осы кірпіштерді жергілікті тұрғындар құрылысқа одан әрі пайдалануға алып кетті. Бұдан ортағасырлық сапалы кірпіштердің (жоқ дегенде 500 жылдық) ХХІ ғ. құрылыс материалы ретінде қайта тіршілігін жалғастыруын көреміз. Солтүстік шеттегі бөлме құлатылған қабырғаның қыштарының сынықтарымен толтырылған. Еден астына қарай отырып, кішкене ойыс пайда болған. Оңтүстік-Шығыс шеттегі негізгі бөлменің табаны ақ алебастр сылағымен сыланған. Сылағының қалыңдығы 0,5см. Бұл қабаттың мерзімделуі еденнен табылған мыс тиындар бойынша анықталды. Бөлменің бір бұрышынан 1924 және 1929 жылдары соғылған кеңес дәуірінің екі бес тиыны табылды. Оңтүстік қабырғаның ішкі жағынан кәмпит, қант секілді дәмдер салуға арналған қою көгілдір түсті шыны ыдыстардың сынықтары да шықты. Олардың сырттары бедерлі және формасы бокалдарға ұқсас. Демек осы қабаттағы үй ХХ ғасырдың алғашқы жартысында салынғандығы айқын.
Үшінші құрылыс қабатын қазу барысында қиманың өлшемі 7х7 метрге дейін кеңейді. Бұл құрылыс қабатынан қабырғалары қам кесектермен тұрғызылған екі бөлме аршылды. Бөлмелердің едені жердің бетінен 1,5 м тереңдікте орналасқан. Ішкі құрылыс ерекшеліктеріне қарағанда бұл бөлмелер шаруашылық мақсатта қолданылса керек. Олардың ішінен ешқандай жылыту жүйелері немесе тандыр, ошақ, ташнау, сыпа секілді адам тұратын бөлмелерге тән құрылыстар кездеспеді. Оңтүстік шеттегі бірінші бөлменің өлшемі 4,4х2,9м., қабырғаларының қалыңдығы 65, сақталған биіктігі 50-60 см. Қабырғаларының ішкі және сыртқы жақтарында сылақтары қалған. Бөлменің есігі оңтүстік қабырғаның орта тұсында. Оның өлшемі 1,1 м. Осы есіктің батыс шетінен бөлмені кесіп салынған астық сақтайтын қамбаның қалдығы аршылды. Қамба орта тұсынан екіге бөлінген. Кішірек бөлігінің өлшемі 1х1,3 м., үлкенінің өлшемі 1,3х1,7 м. Қабырғалары жалаң қабат (жарты кірпіш) кірпішпен қаланған, сақталған биіктігі 50 см.
Оның қапталындағы екінші бөлменің ішінде ешқандай құрылыс байқалмады. Бұл бөлменің өлшемі 4,3х2,7 м. Қабырғаларының өлшемдері алғашқысымен бірдей. Қабырғалары 36х18х10 және 30х20х10 см өлшеміндегі қам кесектерден тұрғызылған. Бөлмелердің бірінің еденінен табылған 1891 ж. соғылған бір тиындық осы қабатты ХІХ ғасырмен мерзімдеуге негіз болады. Сонымен қатар түбінде «Кузнецоптың фабрикасы» деген жазуы бар фарфордан жасалған, үш жұқа, ақ тарелкалар мен шыныдан жасалған пілтелі майшамның сынықтары шықты. Майшамның пілте орнатылатын басы ғана темірден жасалған. Ол шіріп кеткен. Қалған май тұратын, қолмен ұстайтын бөліктері толығымен жұқа шыныдан жасалған. Шынының сыртын көк түспен бояған. Оның бояулары суға тиген кезде еріп, түсіп қалды.
Төртінші құрылыс қабаты келесі 35 см тереңдіктен аршылды. Бұл қабаттан қабырғалары қам кесектен қаланған екі бөлме шықты оңтүстік шығыс шеттегі бөлменің өлшемі 3,8х3,5 м., оның солтүстік-шығыс қабырғалары анық сақталған. Қалған бөлігіндегі қабырғалардың іздері ғана байқалады. Қабырғаларының сақталған бөлігінің биіктігі 25-30см. Оңтүстік-батыс қабырғаның қазбаның шетіне өтетін жағында болған екі бөлменің нобайы байқалады. Бірақ олар қазбаның сырт жағында қалады. Төртінші құрылыс қабатын қазу барысында бірсыпыра сырлы ыдыстардың сынықтары табылды. Үлкен бөлменің оңтүстік-шығыс бұрышына жақын бөлігінен бұзылып кеткен ташнаудың орны анықталды. Ол жерден ташнауға пайдаланылған ернеуі сынған құмыраның бүтін бөлігі мен оның сыртынан қойылған қос тұтқалы құты шықты. Ыдыстардың екеуі де археологиялық бүтін, қайта қалпына келтіруге болады. Олар жасалу ерекшеліктері мен сыртқы формалары жағынан ХVІІІ ғ. керамикаларына келеді.
Бесінші құрылыс қабатының едені қазбаның жоғарғы бетінен 2,5 м тереңдіктен шықты. Бұл қабаттағы бөлмелердің нақты өлшемдерін анықтау мүмкін болмады. Қазбаның оңтүстік-батыс бұрышында ұзындығы 2,5 м, жалпақтығы 65 см, биіктігі 40 см өлшемде сақталған қабырғаны бір бөлігі ғана аршылды. Осы қабырғаға қарсы беттегі солтүстік бұрышта 1х0,8х0,2 м өлшемдегі төрт бұрышты сыпа орналасқан. Сыпаның шеттері қырынан қаланған қам кесектермен шектелген. Осы сыпадан шығысқа қарай 1 м жерде болған ернеуінің диаметрі 50 см болатын жер тандыр жақсы сақталған. Тандыр ернеуінің бір шетіне жалпақ тастар қойылыпты. Тандырдың аузы шығыс шетінен өтетін ені 70 см, тереңдігі 40-45 см. қуыс еденге қараған. Қуыс еденнің іші жаппай өрттің салдарынан күйген сырлы және сырланбаған ыдыстар мен олардың сынықтарымен толған. Көпшілік ыдыстар кезінде бүтін болып, ыстық өрт пен құланды топырақтардың қысымынан сынғандығы байқалады. Қуыс еден ыдыстар сынығынан тазартылғанда еденнің үстіне тастар қаланғандығы анықталды. Ал тандыр аузының қарсы алдында орналасқан кішігірім ташнау аршылды. Көпшілік белгілеріне қарағанда еденнен алынған ыдыстар ХVІ-ХVІІ ғасырларға жатады.
Жалпы 2012 жылғы қазба жұмыстары барысында зерттеудің алдына қойылған мақсаттары жартылай нәтижесін берді. Уақыт пен қаржының көлеміне байланысты қазба толық аяқталмай қалды. Дегенмен, қаланың мерзімделуі, оның даму динамикасы, қалыптасу және гүлдену, құлдырау кезеңдеріне қатысты бірсыпыра маңызды мәліметтер алынды. Үлкен көлемдегі (сырлы және сырланбаған қыш ыдыстар, күнделікті тұрмыс бұйымдары, жекелеген моншақ көздері, диірмен тастар, мыс теңгелер) археологиялық материалдар жиналды. Олар қазіргі кезде зертханалық өңдеуден өткізіліп, сараптама жұмыстары жасалуда.
Кейінгі жылдары қаржыландырудың тоқтатылуына байланысты 2012 жылы басталған стратиграфия, фортификатсиялық қазба жалғастырылмады. Алғашқы жылы қойылған мақсат аяқсыз қалды. Сондықтан біз салған қазбаның астыңғы құрылыс қабаттары қандай ғылыми мәліметтер беретіндігі қазірге құпия қалып отыр.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.
Р.S. Тарихшы Д. Талеев осы зерттеу жұмыстарын баяндаған «Созақ Қазақ хандығының тірек қаласы» атты мақаласында бұдан бөлек қаланың моңғол шапқыншылығы кезіндегі және одан кейінгі ахуалы, Шыңғыс хан әскерлерінің осы аумақты қалай бағындырғаны туралы деректер көзінің жоқтығын да тілге тиек етеді. Бұл Созақтың жіті зерттеуді сұранып тұрған өңір екенінің тағы бір дәлелі.