Маңызды

Түркістанның идеологиясына жауапты агроном мен инженер үмітті ақтай ала ма?

Күллі түркі әлемінің жауһары саналатын Түркістан бұрыннан көп шаһардың бірі емес-тін. Ал биылғы маусымдағы мемлекет басшысының Жарлығынан кейін Қ.А.Ясауи бабамыздың, қазақтың небір жақсылары мен жайсаңдарының мәңгілік мекеніне айналған қала – облыс орталығына айналды. Яғни екі миллион халқы бар үлкен бір өңірдің ордасы. Айналдырған бес айдың ішінде мұнда жергілікті, республикалық, халықаралық деңгейдегі небір кесек-кесек саяси шешімдер қабылданып, мәмілелер жасалып, жарқын болашаққа бағыт-бағдар құрылып жатыр. Әрине, бұл ретте облыс әкімдігі мен әкімдік аппаратының шаһардың қайта түлеп, түрленуінде сіңірер еңбегі, қосар үлесі зор болмақ. Бұның өзі Түркістан қаласы әкімдігіне үлкен көмек екені айтпаса да түсінікті. Бірақ солай екен деп, жергілікті биліктің «артымызда облыс әкімдігі тұр ғой, олар барда не қам бар?!» деп арқаны кеңге салуға болмайды. Облыстың орталығы болғандықтан, қала әкімдігі облыс әкімдігінің қарқынына ілесе алуы керек.

Иә, алдағы жылдары Түркістан ауқымды құрылыс алаңына айналары мәлім. Бұл жерде бар гәп ақшада ғой. Ақысын берсе, дәулеті мен сәулеті келіскен, төбесі көк тіреген ғимараттарды, көздің жауын алар саябақтарды, тиісті инфрақұрылымдарды әп-сәтте салып тастайтын құрылыс компаниялары жетіп-артылады. Алайда Түркістанның екінші тынысын ашатын тек құрылыс саласы емес. Түркістанды дүйім жұрт рухани шаһар ретінде танитындықтан, қаланың бағын ашатын – ИДЕОЛОГИЯ!
Келісеміз, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев – идеолог кадр. Бірақ бұл қаланың бүкіл идеологиясын өңір басшысы жүргізеді деген сөз емес қой. Жергілікті билік те Түймебаевтың тегеурінді іс-әрекеттері мен жаңашыл бастамаларын ол ойлағаннан да асыра жүзеге асырып, идеологиялық жұмыстардың генераторына айналуы тиіс.
Өкінішке орай, Түркістан қаласы әкімдігінен ондай генераторлықты байқай алмай жүрміз. (Бәлкім, өздері байқата алмай жүр ме?) Әнебір кездері «Жансейіт Түймебаев қала әкімдігі тарапынан жүргізіліп жатқан идеологиялық жұмыстарға көңілі толмай, қатты қынжылған көрінеді» деген әңгімені құлағымыз шалып қалды. Әйтсе де «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» ғой. Содан идеологияға жауаптыларды шақырып, біраз жөн-жоба нұсқаған сияқты. Әрине, облыстың басшысы болған соң, білгенін айту, жол сілтеу, тапсырма беру міндеті ғой. Әй, бірақ сол Түймебаевтың түйдек-түйдек ойлары мен озық идеяларын, әрлі әңгімелерін құлаққа құйып, санаға тоқу жағы қиындау-ау. Өйткені Түркістан қаласы әкімдігінің идеологияға жауапты кадрларының ешбірінің базалық білімдерінің идеологиямен үш қайнаса, сорпалары қосылмайды. Мысалы, қала әкімінің орынбасары Ғани Рысбеков (суретте).

Ауыл шаруашылығы саласының маманы. Агроном. Сонау 1986 жылы Целиноградтағы ауыл шаруашылығы университетін бітірген. Екінші мамандығы да бар. Алайда ол да идеологияның маңайына жоламайды. Қаржы бакалавры. Түркістандықтар Ғани Құрмашұлын ә — дегенде қалалық мәслихат депутаты, екі шақырылымда сайланған мәслихаттың хатшысы және қонақүйдің директоры ретінде таниды. Ал идеология бойынша «замдықтың» тізгінін соңғы 3 жылдан астам уақыттан бері ұстап отыр. Болды! Оның идеолог ретіндегі тәжірибесі осы-ақ! Жо-жоқ, Ғани Рысбековте алты аласымыз, бес бересіміз жоқ. Мүмкін, Түркістан облыстың орталығы емес, баяғыдай қатардағы аудан-қалалардың бірі ретінде болғанында назарымыз аумас па еді…
Бірақ, Елбасы сонша үміт артып, сенім білдіріп, Түркістанды өзімен аттас жаңа облыстың орталығы еткен соң, оның кадрлары да барлық заманауи талаптарға сай болуы керек қой. Өзбекәлі Жәнібековтің деңгейінде болмаса да, соған жетеғабыл, ұқсап баққысы келетін мамандарға «ставка» жасауымыз керек. Дәл Түркістандай шаһардың идеологиясында «барыменен – базар» деген түсінік жүрмейді! Екі миллион халықтың арасынан қалайша шашынан башпайына дейін идеологияны бойына сіңірген маманды таппаймыз?! Елміз ғой. Сондықтан бұл мәселе бойынша қала әкімі Әліпбек Өсербаев пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тереңірек ойланып, тезірек шешім қабылдағаны жөн болар еді-ау.
Ә. Өсербаевтың идеологиялық мәселелермен ұдайы бас қатырып отыруға мүмкіндігі жоқ екенін сеземіз. Себебі құрылысшы әкім көп уақытын күндіз-түні қызатын құрылысқа арнауы керек. Бұл ретте Жансейіт Түймебаевтың таңдауына біршама түсіністікпен қарауға болады. Түркістанға құрылысшы маманды басшы етіп тағайындады.
Ал ендігі жерде Ә. Өсербаевтың қателікке бой алдырмағаны жөн. Ол үшін нағыз идеологты өзіне орынбасар еткені дұрыс!
«Жарайды» деп, Ғани Рысбековке де көзді жұмар едік. Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Бөкебаевыңыздың да базалық білімі идеологияның ауылынан алыс жатыр. Қолында – Қазақ химия-технология институтының дипломы. «Жоғары температураға төзімді металл емес заттардың және силикат материалдарының химиялық технологиясы» мамандығын игеріпті. Инженер-химик-технолог. Еш болмаса, екінші мамандығы икемге келе ме десек, онысы – заңгерлік (Қазақстан-Ресей университеті). Естуімізше, біраз жыл құқық қорғау органында жұмыс істеген сияқты.
Осыдан кейін рухани шаһардың руханиятына, идеологиясына алаңдамай көріңіз!

Қ. ҚАЛИЕВ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру