Маңызды

Ұлы даланың ұлтшылдық ұлағаты


ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ, ТАҒЫЛЫМЫ ЕРЕН ТРАКТАТ

Былтыр Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғанда мен бұл туындыны «Ұлтыңды сүюге арналған құжат» деп жазып едім. Енді кешегі Елбасымыздың елді тағы да елең еткізген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын Ұлтшылдықтың ұлағатын ұқтыру деп қабылдадым.
1922 жылы Алаштың рухани көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы
елуге толғанда сол кезде Үкімет басқарып отырған Сәкен Сейфуллиннің өзі келіп, сөз сөйлеген. Сонда ол Ахаңды әбден мақтап келіп, «ең бастысы Ахмет Байтұрсынұлы ұлтшыл» деген болатын. Қызыл сұңқар Сәкен Сейфуллиннің Алаштың арысына бұл сөзді не оймен айтқанын өзі білер, ал біз бұны ең жоғары баға деп қабылдаймыз. Яғни, Кеңес империясының ұлттарға қарсы басталған қанды жорығына дейін Ұлтшылдық — Ұлтты сүюдің, Ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болып келгені анық.
Тәуелсіздіктің таңы енді атып келе жатқанда ұлттың тамырына қан жіберу үшін «Мәдени мұраны» рухани айналымға қосу «Халық тарих толқынында» бағдарламасына алып келді. Одан «Ұлы дала ұлағатын» ұқтырып алған Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ұлт жобасын жариялады. Енді міне, дүбірлетіп «Ұлы даланың жеті қыры» жетті.
Ақты – ақ, қараны – қара деп айта білгенге не жетсін! Бізде қазір билік тарапынан айтылған сөзге дұрыс болса да, міндетті түрде қарсы шығу тенденциясы белең алып барады. Ал кейбіреудің кертартпа келеңсіздігіне, оппозиция өкілдерінің ойға қонбайтын ұсыныс-пікірлеріне құлай кететін кемшіліктеріміз де көп кездеседі.
Көзі қарақты зиялы қауым осы мақалаға байланысты өз ойларын білдіріп, кез келген жерде пікір таластар өрбуде. Мақала жарияланған күні кешке кезекті бір кездесуде аты белгілі ақсақал зиялымыз: «Елбасының мақаласын оқыдыңдар ма?» деп сұрады. «Оқыдық» дедік. «Сынадыңдар ма?» — деді бірден маңайына
маңғаздана қарап. «Не үшін сынауымыз керек?!. Өзіміз осылай ұлттық мүддемізді ұлықтауға зорға қол жеткізген жоқпыз ба?» — деп, қарсы сауал беріп едім, менен мұны күтпегендей жақтырмай қарап, жалтарып кетті.
Шынында да, былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғанда «Біз бұл күнге Тәуелсіздігіміздің 27 жылында зорға қол жеткіздік» деп жазған едік…
Біз «Рухани жаңғырудың» заңды жалғасы «Ұлы даланың жеті қырын» оқи отырып, әлемдік өркениетке әсер еткен бабаларымыздың мәдениетінің мәйегі қандай тереңнен тамыр тартатынын алақандағыдай анық көре бастадық.
Атын естігенде атқа қарғып мінгендей алапат қуат алатын «Ұлы дала» этнонимін Тәуелсіз Қазақ Елінде қоғамдық-саяси айналымға қосқан Елбасымыз екені анық!
Біз барлық жәйтке бей-жай қарап үйренгенбіз. Әлемдік күштердің ара салмағын ата-бабамыздың пайдасына шешіп кеткен атқа мінуге атүсті қарап келдік. Үздік өнім – үзеңгінің өзін үзіп-жұлып қана айтып жүрдік . Ал Елбасы еңбегін оқығанда атқа міну мәдениетінің адамзат дамуындағы алапат жетістігіне көз жеткіздік. Ат үйретіп қана емес, ат әбзелдері мен атты әскердің бар қаруы да бүгінгі заманауи жетістіктердің бастауы екенін біле бастадық.
Иә, желмен жарысқан жүйрік жылқысының тұяқ дүбірі тарих доңғалағын жылдамдатқан бабаларымыздан қалған қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіре білуіміз керек.
«Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз жеткілікті» – дейді мемлекет басшысы.
Атам заманғы тарихымыз түгілі Тәуелсіз Қазақстанды армандап, Орта Азияда тұңғыш заманауи саяси партия құрып, Алашорда үкіметін жасақтаған Алаш тарихының өзіне мектеп оқулығында бір жарым бет қана беріліп келеді. Ал Алаш тарихындағы ақтаңдақтарды ақтару үшін Елбасымыз айтқандай, «Архив-2025» жобасына жүгінуіміз керек. Сондай-ақ, мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлері жанынан тарихи -археологиялық қозғалыстар құрудың болашағымыз үшін маңызы зор.
Түркі біткен түгел қара шаңырағымыз деп танып отырған Қазақ Елі бас болып, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу түркі әлемінің дамуына түрткі болатыны анық.
Ежелгі Отырар қаласын қалпына келтіру арқылы туризмнің жемісі мен өрісіне айналдыру жобасы да өте маңызды.
Тарихшыларымызға серпін берген «Халық тарих толқынында» бағдарламасы кезінде Үржардан біздің дәуірімізге дейінгі V-VI ғасырлардағы сақ ханшайымының алтынмен апталған сүйегі табылды. Сонда біз «Қазақ үні» газетінің журналисі мен операторын арнайы жіберіп, Алтын ханшайымды қазып алу жұмыстарын бастан-аяқ түсіріп алдық. Кейін Алматыдағы археологиялық институтқа әкелінген сол сақ ханшайымының алтын зерлі киімі мен сәукелесіне алтын фольгамен өрнектелген қошқар мүйіз ою-өрнектеріне қарап, оның қазіргі қазақ ою-өрнектері мен сәукеледен айырмашылығы жоқ екеніне көз жеткіздік.
Металлургияның қалай дамығанының жарқын көрсеткіші – «Алтын Адамның» отанында «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу» мәселесі өте
мәйекті екені анық.
«Дала фольклорының антологиясын» жасап, мың жылдық музыкамыздың «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын шығару өткеніміздің өнегесін бойға сіңіруге бастайды.
Ал цифрлы технологиясы алдыңғы қатарда дамып келе жатқан Қазақстанда еліміздің модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу кезек күттірмес келелі мәселе.
Мың жылдық «Алпамыс батыр» қаhармандық жыры бар елдің балалары батыстың «Терминаторының» тегін зерттеп, «Шректерінің» шежіресін жатқа білуі – балалар мен жас өрендер тәрбиесіндегі орны ойсыраған олқылықтарымызды ойып көрсетеді.
Сондықтан да «Тез арада Қазақ-станның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу қажет».
Түркілік түгелдену жолында осындай ордалы ойлардың тоқсан толғауын толғап қана қоймай, оны іске асыруға жол сілтеген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты Түркия Президенті Тайып Ердоғаннан бастап «Түркі әлемінің көшбасшысы» деп бағалауының тегін емес екеніне көзіміз жетеді.
Тепсе темір үзетін кезінде темірдің кені – Теміртауда темір ерітіп, болат құйған болаттай берік Елбасымыздың бүгінгі әлем таныған тұлғасына қарағанда:
Сенімнің қалауы да келіп қалар,
Жерімнің жарауы да ерікті алар…
Темірдің алауына төзген Ерім
Елімнің Жалауына берік болар!
— деген жыр жолдары еске түседі.
Тағы бір айта кетеріміз, бізде бағалы бастамалардың бәрі басында жақсы басталады. Ұрандатып алып кетіп, науқанға айналдырып аламыз. Билік тарапының небір бастамалары кейде баянын таппай қалып жатады. Оның бір-ақ себебі – отарлықтан құтылған елде отарсызданудың болмағанынан. Арам шөптің бетін шауып, егін еккенмен, ол егініміз өнім бермейді. Солай болмас үшін егістіктің арам шөбін тамырымен қопарып, жұлып тастап, тазалау керек. Содан соң ғана егін егуге болады. Мысалы, кеше ғана Алматыда Парламенттің бірнеше депутаттары бастаған топтың Кеңес империясы комсомолының 100 жылдығын тойлауы!.. Қоғамның қатты қарсылық көрсетуі арқасында «Комсомол тойы» Тәуелсіз Қазақстанның Астанасында өтпей қалды. Соның өзінде қазақстандық комсомолдар бұрынғы астаналары – Мәскеуге арнайы делегация болып барып қайтты. Масқара болғанда Қазақстаннан алпыстан астам «комсомолдан» құралған делегация (Астанадан -30 адам. Шығыс Қазақстаннан – 30 адам) үлкен концерттік бағдарламамен барса, Белоруссиядан келген «комсомолдар» алты адамға да жетпеген. Өзбекстаннан 3-ақ адам, Тәжікстаннан 6 адам ғана барған… Мәскеудің өзінде онша көңіл аударылмапты бұл жиынға. Тек комсомолдың тойын қыздырғандар Мәскеуге Роза Рымбаева бастаған әншілерімізді алып барған біздің қазақстандықтар болыпты. Сонда кеңес империясының комсомолының 100 жылдық тойы біздің қазақ-стандықтарға ғана керек болған екен ғой деген ой келеді… Міне, біздің 27 жылда арам шөптің тамырын шаппай еккен «егініміздің» жемісі! Бұл арамшөптің зиянын заңмен бекітілген төріне әлі күнге шығара алмай жүрген мемлекеттік тіліміздің жағдайынан да білуге болады…
Сондықтан да, «ештен – кеш жақсы» деп, отарсыздану мен декоммунизациялау бағдарламасын қабылдауымыз керек.
Ұлы даланың жеті қырынан жетпіс жеті жетістік тарайтынын жетемізге жеткізе білген, түпсіз түпсананы түртіп оятқан Елбасының тағылымы зор трактаты бағзы бабалардан келе жатқан терең тамырларымызды сан ғасыр бойғы сан қилы соғыстар да, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама да, кешегі кеңес империясының қанды қасабы да үзе алмағанын, сақ дәуірінен сақталған генетикалық кодты геноцидтер де жоя алмайтынын көрсетіп берді.
Сауыты алтын сақтардан саңлақ тартып, құлашы кең ғұндардан қуат алған, Көне Түркі қағанатынан көктеген Көк Тулы Қазақстанның кешегісі өнегелі, келешегі кемел екенін айқындаған тамыры терең, тағылымы ерен трактаттың тартар жүгі орасан.
Ұлы даланың ұлы ренессансы басталар күн есік қағып тұр деп сенейік, ағайын!

Қазыбек ИСА, «Қазақ үні» газеті.
qazaqunii.kz

Пікір жоқ

Пікір қалдыру