КЕЛІСІМГЕ КЕЛУ – КӨСЕГЕМІЗДІ КӨГЕРТЕДІ


Қоғамдық сана әбден жаңарған, дамыған елдерде бітімгергілікті бекемдету, дау дамай деңгейін төмендету жағы дұрыс жолға қойылған. Сондықтан да ол елдердегі дау-дамайлардың көпшілігі медиация тәртібімен реттеледі. Ал бізде ше?
Жуырда республикалық «Егемен Қазақстан» газеті Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының Төрағасы Жақып Асановпен сұхбат жүргізеді. Сонда еліміздің бас төрешісі осы жәйтті алға тарта отырып, бұл бағытта республикада болып жатқан көрсеткішті келтіре кетеді. Оның айтуынша елімізде соттар саны жыл сайын еселеп өсуде екен. Мәселен, 2016 жылы судьялар 1,7 млн., 2017 жылы – 2,7 млн. іс пен материал қараса, 2018 жылы олардың саны 3,8 млн.-ға жетеді деген болжам жасалған. Осыны атап өткен Төраға дауды сотсыз, медиацияның көмегімен шешу біздің соттың тәжірибесінде 2-3 пайызға да жетпейтінін ашына жеткізеді.
Осы деректерді алға тартқан Жақып Қажыманұлы дауды шешудің ең тиімді тәсілі татуласу екенін, тек бітіммен шешуге келмейтін күрделі даулар ғана сотта қаралғаны жөн деп тұжырым жасайды.
Еліміздің Жоғарғы сотының Төрағасы Ж. Асановтың бұл сөзі тек санаулы адамдардың ғана емес, қоғамның жүрегінің төрінен, көңілінің өрінен орын алуы тиіс сияқты. Осының аясында насихат жұмыстарын жүргізу тек сот саласының ғана назарындағы мәселе болмай, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың қаперіне алатын жұмысы болса игі еді.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында дәстүрдің тозығын емес, озығын қайта жаңғыртуды ұстын ету қажеттігі туралы орамды ойлар айтқан болатын. Тарихқа зер салсақ ерте заманда қазақ қоғамында бір сөзбен дауды тоқтату жақсы қалыптасқанын байқауға болады. Ол кезде тараптарды татуластыру би-болыстардың құзырындағы міндет болғаны аян. Ендігі кезекте араздасқандарды қайта жарастырып, татулыққа сына қақпауды медиация тәртібімен іске асырған абзал. Осыған сәйкес қоғамда медиация институтын жетілдіру бойынша насихат жұмыстарын жандандыру қажет.
Осы мақсаттағы жұмыстар Түркістан облысында да қарқынды іске асырылғаны жөн. Жуырда облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық сотының судьясы Бүркіт Байдуллаевтың келтірген мәліметтері осы сөзімізге негіз болады.
Өз кезегінде Б. Байдуллаев ағымдағы жылдың тоғыз айында облыс бойынша 14 650 іс қаралғанын, соның ішінде 1045 іс татуластыру рәсімімен аяқталғанын, бұл барлық аяқталған істердің 3,8 пайызын құрайтындығын мәлімдеген еді.
Қазіргі таңда Түркістан облысы әкімдігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түрлі бастамалар мен бағдарламаларды жолға қоюда. Ендігі кезекте қоғам арасында келісімге келу мәдениетін көтеруді мақсат еткен жобалар аясында түрлі шаралар өткізуді мықтап қолға алсақ алға қарай адымдай түсеріміз анық.

С. НҰРАЙ