Шара көру ме, әлде шеттету ме?


Кеше Түркістан облысы əкімінің орынбасары болған Ұласбек Сəдібеков қызметінен босатылды. Саясат алаңындағы бұл ауыс-түйісті жұрттың дені осыдан бірнеше ай бұрын Сарыағашта орын алған бассыздықпен көп байланыстырып жатқаны жасырын емес. Естеріңізде болса, биыл наурызда Сарыағашта 7 жасар бала мектебінде жоғары сыныпта оқитын оқушылардан зорланып келгені туралы ащы шындық əшкереленген. Жұрт жағасын ұстатқан осы жағдайдан кейін облыс басшысы бірқатар шен-шекпенділерге шара көрген. Солардың қатарында Ұ.Сəдібековте болып қатаң сөгіс алғаны белгілі. Сол кезде аймақ басшысы 7 жасар баланың тəлкек көргені тергеу нәтижесінде дəлелді болса, бірқатар жауапты мамандарды тіпті, өз орынбасарын орынтағынан босататынын қадап айтқан еді. Көп кешікпей əлгі баланың басынан кешкені шындық болып шықты. Сол кезде күнгейдегі қалың қауымның көкейінде «Түймебаев шегелеп айтқан сөзін жүзеге асырады ма екен?» деген сауал кептелген. Алайда, облыс басшысы «отыз тістен шыққан сөзін» бірер айдан соң ғана орындады.
Түймебаевтың «темірді қызған кезде соқпауының» сыры неде? Жəне білім саласындағы бұл былыққа оған жауапты басқарма басшысының қатаң сөгіспен ғана шектеліп орнында қалуының құпиясы қандай? Бұл жерде мақсат шара көру ме әлде ортадан шеттетіп, команда жинау ма?..
Түймебаевтың экс-орынбасары Ұ. Сəдібековтың орнын басқан Мəлік Отарбаевтың бұған дейін Қазақстанның Түркия елшілігіндегі үшінші хатшысы болғанын ескерсек, жоғарыдағы жұмбақтың жауабы шыға келгендей бола ма, қалай өзі?!.

Қ. ҚАЛИЕВ.