Созақтық өрендер өрледі


Футбол Созақ үшін, ерекше спорт түрі. Мұнда жастайынан допты серік еткен жандарды жиі байқайсың. Қалыптасқан мектебі, шебер ойыншылары бар. Әр жарыс сайын жүлделі орыннан көрінеді. Ала допты серік еткендер «ылдидан салсаң, төске озған» нағыз сайыпқыранның өзі. Соңғы жылдары қалыптасқан тағы бір игі дәстүрді байқауға болады. Мұнда мектепішілік жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрады. Бұл, салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты дамытудың бірден бір жолы.

Осындай терең тарихы, жеңісті жолы бар Созақ футболы жақын арада тағы бір жағымды жаңалықпен қуантты.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің футболдан 2005 жылы туылған ауылдық мектептердің жасөспірім-оқушылары арасында Қазақстан Республикасының біріншілігінде Созақ ауданының балалар мен жасөспірімдер футбол мектебі қатысып, күміс жүлдегер атанды. Қазақстан чемпионаты Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Сарыкемер ауданында өтті. Өз тобындағы Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облысы командаларын жеңіп, Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы құрдастармен топтан шықты. Ең тартысты ойындарда осы топтық жарыста болды. Еліміздің әр аймағынан келген спортшылар аянып қалмады. Алайда бағымен бабы қатар шауып, ұжымдық ойын көрсеткен командалар ғана жартылай финалға шығады. Созақ ауданы командасы жартылай финалдық ойында Қарағанды облысымен кездескен. Тартысты өткен жарыста қарағандылық құрдастарын 1-0 есебімен жеңді. Финалдық ойында топта қарсылас болған Жамбыл облысы, Байзақ ауданы командасымен кездесті. Төреші ысқырығы шалынысымен созақтықтар шабуылға шыққан, алайда Байзақтық қарсыластар, бірнеше шабуылды сауатты тойтара білді. Алма-кезек шабуылмен өткен бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңде де ойын тартысты өтті. Чемпионаттың ең үздік екі командасының ел біріншілігін ұтып алуға деген құлшыныстары зор болатын. Алайда ойын соңында сәттілік Байзақ ауданы командасына серік болды. Қорғаушының бір ғана қателігі, чемпиондыққа деген үмітті сөндірді. Соғылған голдан соң, ойын уақыты да түгесіліп, төреші ойынды аяқтады. Сонымен аудандық балалармен жасөспірімдер футбол мектебінің 2005 жылы туылған жасөспірім-оқушылары арасында Қазақстан Республикасының біріншілігінде Созақ ауданының балалар мен жасөспірімдер футбол мектебі күміс жүлдегер атанды.
Бұл үлкен табыс. Әрі бапкерлермен футбол мектебі басшылығының еңбегі. Мұндай жауапты жарыста команданы баптаған жаттықтырушы Д. Садуақасов пен оның көмекшісі А. Қосауов екенін айта кетуіміз керек.
Жалпы, республика чемпионатындағы жарыстарды санамаласақ, 2016 жылы 1999 жылы туылған жасөспірімдер арасында ел біріншілігінде аудандық футбол мектебінің оқушылары 1-орын иеленген. Сондай-ақ, еліміздің Білім және ғылым министрлігі тарапынан өткізіліген жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында қатарынан екі рет 3-орын алған. Ал, мұндай жетістіктің артында үлкен еңбек тұратыны белгілі.

Нар Болат.