Ақәділ Сатыбалды: «Созақтың тауы да, құмы да, көлі де қасиетті»


Қазақта «жас келсе – іске, қарт келсе – асқа» деген сөз бар. Қазіргі таңда бойында білім-білігі артқан жастар жетерлік. Олардың осы бір қыры сөзбен емес, іспен көрініп жатқан жайы бар. «Жақсы адамға бір кісілік орынның табылатыны» сынды істің көзін таба білетін ондай жастарға да мерейлі міндеттер жүктеліп, үлкен сенім артылатыны анық. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» дегенді берік ұстанған азаматтардың оң қабағына түсіп, зор сенімге ие болған сондай жастардың бірі – Түркістан облысы, Созақ ауданы әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды. Жуырда отыздың өрінен енді асқан осы азаматпен сұхбаттасудың реті туды. Екеуара әңгіме барысында оның ауданда атқарылып жатқан біраз тындырымды тірліктердің ұйытқысы болып жүргенінен хабардар болып, «іс тетігі кадрда» деген сөздің дәл айтылғанына кезекті рет көз жеткізіп қайттық.

– Ақәділ Болатұлы, Созақ ауданы өзінің 90 жылдығын жоғары деңгейде атап өтті. «Тойдың боларынан боладысы қызық» деген, осы орайда 90 жылдық мереке аясында қандай тірліктер атқарылғандығына тоқтала өтсеңіз.

– Созақ ауданының 90 жылдығын «той» деуіміз негізгі атауы ғана да, түпкі мағынасында 90 жылдың ішіндегі тарихты тану мен мерекелік датаға сай тірліктер атқару міндеті тұрды ғой. Сондықтан да, барлық салаларда жетістіктерімізді көрсету мен халыққа арналған шараларды жүргізуге басымдық берілді. Ауданның 90 жылдығы қарсаңында «Созақ энциклопедиясы» шығарылды. Негізінде тарихи кітап жазғаннан гөрі аудан энциклопедиясын дайындаудың жауапкершілігі ауыр болады. Созақтың табиғатын, көрікті жерлерін, киелі орындарын насихаттайтын альбом дайындалды. Оның барлығы көпшілік шара кезінде тұрғындарға таратылып берілді. Аудандық бюджет есебінен екі ауылда тұрғындарға арналған саябақтар салынып, 3 ауылдың негізгі көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізілді, 10 елді-мекенде жолдар асфальтталды, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Демеушілерді тарта отырып, Шу, Тасты, Жартытөбе, Қарақұр, Құмкент, Шолаққорған ауылдары мен Таукент кентінен спорт және балаларға арналған ойын алаңшалары ашылды. Жергілікті бюджеттің қаржысына Құмкент ауылындағы көп жылдардан бері құрылысы тоқтап тұрған спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін жалғасатын болады. Атап айтқанда 3 тұрғын үй және екі қабатты 1 жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Созақты күй елі деп атайды. Сондықтан да, Созақтан шыққан дәулескер күйшілерге және Еңбек ерлеріне арналған Тәуелсіздік саябағында кеуде мүсіндері қойылды. Оның ашылу салтанатына облысымыздың әкімі Жансейіт Қансейітұлының өзі қатысқаны барша созықтықтар үшін зор мәртебе болды деп санаймын. Ауданның 90 жылдығы мерекеленген екі күннің ішінде спорт нысандары, елді-мекендерде фельдшерлік акушерлік пункттер, балабақшалар, аллеялар сынды 24 нысан пайдалануға берілді. Жекелеген азаматтар тарапынан да ауданның 90 жылдығына нақты ісімен үлес қосушылар көп болды.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандағы бірқатар киелі орындар мен қасиетті жерлер назарға алынып жатқаны белгілі. Халық арасында олардың қазақ елінің қалыптасуы кезінде атқарған рөлі кең түсіндіріліп жатыр. Осы ретте өзіңізде Созақтағы киелі орындардың қасиеті мен ерекшелігі туралы ой өрбітсеңіз.

– Созақтың тарихы – қазақтың тарихы. Қазақта киесіз жер жоқ қой. Бірақ, Созақтың тауы да, құмы да, көлі де қасиетті деп ерекше айта аламын. Созақтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыстық киелі жерлер тізіміне 15, республикалық тізімге 5 нысан енген. Олар «Ысқақ баб», «Баба Түкті Шашты Әзіз», «Қарабура» кесенелері мен «Созақ қалашығының орны» және «Таңбалы тас» нысандары.
«Ысқақ баб» ұлы далаға алғаш болып ислам дінін алып келген адамдардың бірі, Қожа Ахмет Ясауидің сегізінші бабасы. Ал, оның шәкірті болған «Баба Түкті Шашты Әзіз» қасиеті талай жыр-дастандарда айтылып, аңыз болғандығын білесіз. Қарабура әулиені Қожа Ахмет Ясауидің жаназасын шығарған деп тарихтан оқып жүрміз. Ол өзінің түйесі шөккен жерге жерленуін аманат етіп, түйесі Созақ қалашығына келгенде шөккен деген аңыз бар. Қарабура әулие кесенесінің дәл жанында Созақ қалашығының орны тұр. Талай тарихты бастан өткерген қалашық әлі көп зерттеуді қажет етеді. Оның қасиеттілігі қазақ халқы өз алдына хандық құрғанда алғашқы тірек қалалардың бірі болғандығынан. Ал, Таңбалы тас бар қазақтың бас біріктіріп, бірлігін бекемдеген орны. Қазіргі таңда, Таңбалы тастың жұрнақтары ғана қалғанымен ол тарих, ол киелі орын.
Жалпы, киелі орындар бойынша Созақта Ақбикеш мұнарасын да айта кетуге тиіспіз. Ақбикеш туралы да түрлі аңыздар бар. Бұл ескерткіш Дешті-қыпшақтың ең соңғы жәдігері деп дәріптеледі.

– Жалпы Созақ ауданының халқы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-мазмұнын терең түсіне алды деп ойлайсыз ба? Оған негіз болатын ойларыңызды да айта кетсеңіз.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіндіру мақсатындағы жұмыстарды жүйелі атқарып келеміз. Халықтың қолдауы да жеткілікті деп айта аламын. Оны «Туған жер» бағдарламасының 4 кіші бағдарламалары бойынша әкімдіктегі жауапты бөлімдердің жоспарлы жұмыстарының нәтижесінен байқауға болады.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізіндегі «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын насихаттау бойынша 2018 жылдың 8 айында 33 елді мекенде тұрғындармен, 30 мектепте оқушылармен кездесу жиыны, 14 еріктілердің жазғызілікті қарттардың үйінде көмек көрсетуі, киелі орындарға 7 экскурсия және де семинар, дөңгелек үстел түрінде 24 іс-шара, барлығы 106 іс-шара өткізілді. Биыл аудандық бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде қаржы бөлініп, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау бойынша ауылдық округтер мен кенттерде 12 кездесу өткізілді. Қоғамдық бірлестік тарапынан 700 дана ақпараттық кітапша шығарылып, халыққа таратылды.
Республикада және облыстық деңгейде Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі жобалық кеңселер құрылған болса, ауданымызда бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі жұмысшы тобы жұмыс жасайды.
Бағдарламада жалпы 6 жоба болатын болса, соның ішіндегі «Туған жер», «100 жаңа есім, «Өңірдің киелі жерлері» бағдарламалары бойынша тиянақты жұмыстар жүргізілуде. «Туған жер» бағдарламасындағы «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Киелі жерлер», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламаларындағы әрбір жобаны іске асыруға арналған жоспар бекітілген.
Солардың ішінде бір ғана «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша «Еріктілер корпусы» жобасы бойынша «Ерікті жастар ерлік көрсетті!», «Ардагерлерді ардақтайық!» секілді тақырыптарда еріктілермен 40 іс-шара өткізілді.
«Сенімді болашақ» жобасы бойынша 5 акция, мекемелермен бірлесе отырып түнгі уақытта рейдтік іс-шаралар, флешмобтар өтті.
«Табысқа апарар жол» жобасы негізінде әрбір ауылдық округте, кентте жастарды кәсіпке баулуға үйрету жұмыстары бойынша шебер кластар ұйымдастырылды.
«Демеушілер тарапынан әлеуметтік қолдау» жобасына сәйкес, биыл 79 жобаны іске асыру жоспарға алынған.
Мұнан бөлек «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламаларындағы жобалар аясында жұмыстар жүргізілуде.

– Ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан өзге де шаралар жөнінде сөз қозғай кетсеңіз.

– Бағдарлама аясында ауданнан шыққан меценаттарды, кәсіпкерлерді ауданға тарта отырып, жаңа нысандар ашуға, елді мекендерді көркейтуге, тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуге үлес қосуын қамтамасыз ету шаралары атқарылуда. Бұл бағыттағы шараларға аудан көлеміндегі өндіріс орындарының да үлесі бар екенін айта кеткен абзал. Киелі орындардың айналасын абаттандыру демеушілер есебінен қолға алынуда.
Сонымен қатар, бағдарламаны ілгерілетуде барлық ауылдық округтер мен кенттерде оның негізгі бағыттарын түсіндіру, «100 жаңа есім» жобасына енген азаматтарды елге таныту мақсатында баннерлер шығарылып, билбордтар ілінді.

– Енді ауылшаруашылығы саласына тоқталсаңыз. Бұл салада ауыз толтырып айтар қандай жаңалықтар болып жатыр?

– Бүгінгі таңда ауылшаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 7 377,8 млн теңге болып, жоспар 102,4 пайызға артық орындалды. Нақты көлем индексі 102,4 пайызды құрады.
Ауданда егін шаруашылығын дамыту бойынша биыл 13 120 га егістік жерді игеру межесі белгіленіп, жоспар артығымен орындалды. Суармалы жер көлемін игеру межесінде де жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Қосымша 368 гектар алқап жайылымнан суармалы алқапқа ауыстырылды. Жалпы, ауданда ауылшаруашылығы саласын дамыту қарқыны анық байқалады. Осы жылы 111 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісі ендірілді. Бастапқы жоспар 100 гектар болатын.
Ал, жылыжай салу мәселесінде мектеп, балабақша және жеке кәсіпкерлер есебінен 1 гектар алқапқа жылыжай салынып, жоспар орындалып отыр.
Ауданда бүгінде мал саны артқан. Ірі қараның да, қой ешкінің де, құстың да саны жыл санап еселеп өсіп келеді. Енді соған сәйкес мал басын асылдандыру жұмыстарын қарқынды атқарудамыз.
«Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» бағдарламалары бойынша да тыңғылықты тірліктер атқарылып келеді. Сонымен қатар, аудан бойынша 5-10 бастық жанұялық, 35 сүт фермасы, шағын 10-15 бастық 86 шағын мал бордақылау алаңдары ашылып, жұмыс жасауда.
Аудан агроқұрылымдары «Созақ несие» несиелік серіктестігі» ЖШС-нен 8 шаруашылық, «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-нен 16 азамат, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы 21 азамат барлығы 162,5 млн теңге көлемінде несиеге қаржы алған.

– Аудандағы діни тұрақтылық қандай қазір? Жалпы, мемлекеттік жастар саясаты бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп отыр?

– Осы жылдың қаңтар айында облыстық дін істері басқармасы мен аудан әкімдігінің арасында аудандық ақпараттық түсіндіру топтарының ауыл тұрғындары мен мектептерде кездесу жоспарлары бекітілген болатын. Кестеге сәйкес жыл басынан 200-ге жуық кездесу өткізілді. Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында дін саласына қаражат бөлініп, бүгінгі таңда аудан көлемінде «Мемлекеттің зайырлылық принциптері» тақырыбында кездесулер жүруде. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, кереғар діни ағымдар ықпалынан сақтандыру мақсатында «Жастар діни экстремизм мен терроризмге қарсы» акциясы өткізілді. Онда Созақ ауданының белсенді жастарынан құралған мобилді топ Шолаққорған ауылының адамдар көп шоғырланатын орындарында үнпарақтар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Облыстық Ж.Шанин атындағы драма театрының өнерпаздарын шақыртып, «Адасқандар» тақырыбында Шолаққорған ауылы мен Таукент кенттеріндегі мәдениет үйлерінде сахналық қойылымдар көрсетілді. Шолаққорған жалпы орта мектебінің мәжіліс залында «Тұғырымыз — тыныштық, тірегіміз — тұрақтылық, тілегіміз — татулық» тақырыбында аудандық «Ырыс алды –ынтымақ» форумы өткізілді. Форумда ҚМДБ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі мен облыстық ардагерлер кеңесінің облыс халқына арнаған үндеуі айтылды.
«Заң және зайырлы қоғам» тақырыбында «Мыңжылқы» мәдениет үйінде семинар болып өтті. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі-облыстың бас мешіті жанындағы «Ақылдастар алқасы» мен облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген мәжілісіне қатысушылардың «Ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелері»
бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы халқына арнаған Үндеуін талқылау жиналысы болып өтті. Ауылдарда Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер жөніндегі» заңнамасы түсіндірілді. Созақ ауылында «Мемлекеттің зайырлылық принциптері» тақырыбында аудандық форум ұйымдастырылды. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауданда діни тұрақтылықтың ауаны айқын байқалады. Ал, мемлекеттік жастар саясатын жергілікті жерлерде жүзеге асыру, аудан жастарының қоғамдағы белсенділігін арттыру бойынша 2018 жылдың басынан бері жоспар бойынша 251 іс-шара ұйымдастырылды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аудан жастарымен ұйымдастырылған семинар – тренингтер мен кездесулер, пікір алмасулар жүйелі өтіп келеді. Орталық жанынан ерікті жастардың бірігуімен «Еріктілер» клубы құрылған. Клубтың арнайы жылдық жоспары түзіліп, орталықпен етене байланыста жұмыс атқарып келеді. Жыл басынан бері ауданымыздағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен жалғыз басты қарттарға бір күндік қолғабыс жұмыстарын көрсетумен айналысуда. Көптеген мәдени шараларға және де жастар саясатын дамытуға бағытталған 40-тан астам іс-шара өтті.
Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында іс-шаралар жүргізіліп, аудандық білім бөлімі мен мектеп директорлары және орталықтың үш жақты келісімі бойынша кешкі сағат 19:30 дан 22:30 ға дейін мектеп спорт залдары мен барлық ауыл округ, кенттердегі спорт алаңшалары жастардың пайдалануына берілген.
Орталықтың жылдық жұмыс жоспарына сәйкес әр ауыл округ, кенттердегі жастар істері жөніндегі мамандарына айына 1 мәдени, 1 саяси, 1 қоғамдық, 1 спорттық шаралар ұйымдастыру жүктелген. 16-тамыз Созақ ауданының Жастары күні аудан орталығында мерекелік концерт ұйымдастырылды.

– Жалпы Сіз аудан әкімінің орынбасары ретінде оның дамуына қандай қолтаңба қалдырғыңыз келеді?

– Әкім орынбасары ретінде ауданның дамуына қалдырар қолтаңбамның қандай боларына өзім баға бергенім артық болар. Бірақ туған жерге деген сүйіспеншілігімді өз ісіммен дәлелдегім келеді. Бұл жолда еткен еңбегімнің қаншалықты еңселі боларын уақыт таразылар. Дегенмен де, алдыңғы толқын ағалардың ісін жалғастырып, Елбасы сенген жас буынның бірі ретінде дамудың жаңа белестерінде есімімді ел есінде қалдыруға талпынатын боламын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
А. АЙТЖАРИ.