БИІК ШЫҢДАР БИЛЕРДІҢ ЕСІМДЕРІН АРҚАЛАЙДЫ

Түркістан облысындағы «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Бұл – біздің таулар!» атты фестиваль ұйымдастырылды.

Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарындағы табиғаты ең көрікті жерлерді қамтитын аумақты алып жатқан бұл паркте Студентов, Кергели узловая, Рощина атты биік шыңдар бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген «Бұл – біздің таулар!» атты фестивальде сол шыңдарға қазақтың кеудесі қазына Төле, Қазыбек, Әйтеке билерінің есімдері берілді. Тарихта өзіндік мәнге ие болып қалатын бұл шараны Түркістан облысының туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен облыстық альпинистер федерациясы ұйымдастырды. Мақсат – ішкі спорттық экологиялық туризмді дамыту, облыстың туристік әлеуетін насихаттау, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру болып табылады.
Шараның мән-мазмұнын барынша аша түсу үшін ұйымдастырушылар фестивальге аспанмен таласқан таулардың биіктігін бағындыруда әбден төселіп шынығып, шымырланған 30-ға жуық альпинистің қатысуын қамтамасыз етті. Өз кезегінде олар еліміздің Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының сайыпқырандары болып табылады. Альпинистер биік шыңдарды бағындыруға бет алмас бұрын Түркістан облысының ақсақалдары оларға ақ батасын беріп, тек жеңісті күндердің куәсі болуына тілектестігін беріп шығарып салған болатын.
Фестиваль аясында альпинистер салтанатты жағдайда биіктігі 3750 метрді құрайтын бұған дейін Студентов деп аталып келген шыңға Әйтеке би, биіктігі 3787 метрді құрайтын Кергели узловая шыңына Қазыбек би, ал биіктігі 3860 метр болатын Рощина шыңына Төле би есімі берілген шыңдарды бағындырды. Бұл шыңдарды бағындыру айтқанға оңай болғанмен, шындап келгенде маңдайдан шып-шып терді төккізетін табандылықты талап етеді. 30-ға жуық альпинистің тең жартысының ғана сол шыңдарды бағындыра алғаны соның нақты дәлелі.
Қоғамдық сананың серпілуіне даңғыл жол ашқан Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында есімдері қанша жылдан бері орысшаланып тұрған шыңдардың ендігі кезекте қазақ халқын ынтымаққа ұйытып, татулыққа баулытқан үш жүздің билерінің есімдерімен аталуы, былайғы жұртты жігерлендіріп қана қоймай, олардың ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуіне даңғыл жол ашты.
Үш күнге созылған бұл шарада тау баурайында қазақтың қасиетті үш биінің рухына арналып ас берілді. Сонымен қатар өнер иелерінің орындауындағы патриоттық әндер шырқалып, тау көгі әнге қалықтады. Шараның қорытындылауына арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков бұл іс-шараның маңыздылығы туралы тебірене сөйлеп, альпинистерге Алғыс хат табыстады. Ал облыстық альпинистер федерациясының президенті Бақытжан Асанов туримзнің түрленуіне тың серпіліс сыйлайтын мұндай іс шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.

С. НҰРАЙ.