Облыс әкімдігінің қызметкерлері түркістанға түгел келді

Биылғы 19 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын Түрістан облысы деп қайта құру және оның орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру туралы тарихи Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Кеше осы тапсырма аясында Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлері Шымкенттен Түркістан қаласына көшіп келді. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев бастап келген көшті Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев бастаған зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары басқармалар үйі алдынан салтанатты түрде күтіп алды. Кездесуде аймақ басшысы Түркістанды түлетуге келген мемқызметкерлердің жұмысына сәттілік тіледі.

«Мінеки, Түркістан қаласына басқармалар мен департаменттер көшіп келіп отыр. 17-тамыз бүгінгі тарихи оқиғаға куә болған көпшілік үшін ерекше естелік болып қалады. Облыс орталығының Түркістанға көшірілуінде үлкен мән бар. Біріншіден, Түркістан ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Екіншіден, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тебуінің өзі бұл шаһардың стратегиялық маңызы зор екенін көрсетіп тұр. Екіншіден, қазақтың 21 ханы мен батырлары, би-сұлтандары мен қаймақтары осы шаһарда жерленген. Бұның өзі Түркістанның Қазақстан үшін қасиетті орталық екенінің көрінісі. Үшіншіден, Түркістанда Түркі әлемінің ұлы ұстазы, ақын әрі қайраткер Ахмет Ясауи бабамыз өмір сүрген. Ұлы ойшыл ұстаздың кесенесінің Түркістанда салынуы, бұл шаһардың талай ғасырдан бері Түркістан деп аталып келе жатқаны көп нәрседен хабар береді. Ендеше, Елбасы тапсырмасына сәйкес, біз Түркістанды Түркі әлемінің рухани әрі мәдени астанасына айналдыруымыз керек. Оған баршамыз үлес қосып, атсалысайық. Түркістанның жаңару күндері басталды. Баршаңызға қоныс құтты болсын, осында көшіп келген басқармалар мен департаменттердің қызметкерлеріне сәттілік тілеймін. Түркістанды бірге гүлдендірейік!», – деді облыс әкімі.
Салтанатты шарада белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков мемлекет алдындағы ұлы мұраттарын орындау үшін киелі шаһарға көшіп келген қызметкерлерге арнау айтса, Түркістан қаласының ақсақалдары «азаматтардың қадамы оң болсын!» деген тілектерін білдірді.
Мұнан соң, облыс бастаған топ жаңа қонысқа келген басқармалар мен өзге де мемлекеттік мекемелердің кеңселерін аралап көрді. Жас мамандармен кездескен өңір басшысы шаһарда мемлекеттік қызметкерлерге тұрғын үйлер салынып жатқанын, олар келесі жылы пайдалануға берілетінін айтты.
Елбасының тарихи Жарлығынан кейін Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыру үшін үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Түркістан қаласының Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспардың ең үздік тұжырымдамасын әзірлеуге ашық халықаралық конкурс жарияланды. Түркістан қаласының ұзақ мерзімді аумақтық дамуы, мәдени-тарихи мұрасының сақтауға әрі туристік әлеуетін дамытуға негізделген конкурстың жобалар көрмесі таяу күндері өтеді.
Бас жоспар бекітілген соң соған сәйкес Түркістан қаласында жаңа әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал, көптеген әкімшілік ғимараттар мен мәдениет ошақтары салынады. Мұнан бөлек 65 мың тұрғынға арналған жаңа қалашық бой көтереді деп жоспарлануда. Демек, алдағы жылдары Түркістан қаласы үлкен құрылыс алаңына айналмақ. Қарқынды құрылыс қалаға инвестиция құйылуына, көптеген жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, кәсіпкерліктің қанатын кеңге жайып, экономиканың дамуына әсер етеді.
Мұнан бөлек, Түркістан қаласында кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық салаларын дамытуға да баса мән берілмек. Әсіресе, өнеркәсіп жетекші салаға айналуы тиіс. Сондай-ақ, Түркістанның айналасында жылыжай мен интенсивті баулар көптеп өсірілмек. Бұл бір жағынан ауыл шаруашылығы саласының дамуына әсер етсе, екінші жағынан туристерге көрсетуге болатын экотуризм нысанына айналады.
Түркістан облыс орталығы ғана емес, халықаралық дәрежеде танымал қалаға, Түркі әлемі ғылымы мен мәдениетінің ірі орталығына айналады. Мұнда бүкіл түркітілдес елдер қатысатын ғылыми конференциялар мен мәдени шаралар тұрақты түрде өтетін болады. Сондай-ақ, бұл қалада Түркі академиясы, Түрік кеңесі мен ТҮРКСОЙ секілді халықаралық ұйымдардың бөлімшелері ашылады.

Түркістан облысы
әкімінің баспасөз қызметі.