БАҒДАРЛАМА ӘР САЛАНЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРУДЕ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында елімізде ауыз толтырып айтар қаншама игі тірліктер орын алды. Жаһандану кезінде рухани мәдениетімізді жоғалтпай, жаңашылдықты жатырқамай, оған тез төселе отырып, дамыған отыз елдің қатарына қосылудың ауылын жақындата түсетін бұл бағдарлама тек қоғамдық сананы жаңғыртып қана қоймай, көптеген салалардың тамырына қан жүгіртіп, тұралап тұрған тірліктердің өрге басуына зор ықпалын тигізуде. Оған жыл басынан бері Түркістан облысының әр аумағында ұйымдастырылған ауқымды шаралар негіз бола алады.

Тыңнан түрен салған сол шаралардың қатарында сәуір айында өткізілген «Ақсу Жабағылы ауылы, Шұбайқызыл жалауы» республикалық Қызғалдақ фестивалі негіз бола алады. Түлкібас ауданында өткен бұл шарада Шұбайқызыл деп аталатын теңдесі жоқ төбеге «Қызғалдақ» белгісі орнатылды. Белгінің тұғырынан сәл биікке кітап бейнесіндегі тасқа
Алатау мен Қаратау түйіскен төр,
Сұлулық мөлдірлікпен сүйіскен жер,
Қазақтың қызғалдағы – Шұбайқызыл,
Алаштың аруы ғой тиіспеңдер, – деген төрт қатар шумақ қашалып жазылды.
Өз кезегінде Шұбайқызыл еліміздің «Қызыл кітабына» енген грейг қызғалдағы ең көп өсетін аумақ. Табиғат ананың жаңарып, жыл бойы көктемнің жаршысындай болып табылатын бұл қызғалдақтар 20 гектар алқапты алып жатқан Шұбайқызыл төбешігінің ғана емес, облысымыздың мақтанышы. Санаға ерекше серпін беріп, өне бойға күш-жігер сыйлайтын қасиетті орын. Бар болғаны 10-15 күн ғана гүлдейтін грейг қызғалдағының мекені Шұбайқызылды қорғау – баршаға ортақ іс. Ұйымдастырушылар осы шара арқылы облыс тұрғындарын табиғатты аялауға, олардың негізгі құндылықтарын көздің қарашығындай сақтауға шақырды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған тағы бір тың бастама ол Бәйдібек ауданында өткен «Қымызмұрындық» фестивалі болып табылады. Ата-бабадан қалған салт дәстүрді жаңғырту, сол арқылы ұлттық сусынымыздың құндылығын арттыру мен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында болған «Қымызмұрындықта» қымыз баптаушылар сайысы, қолөнер шеберлерінің көрмесі, құлынды бие және сәйгүліктердің шеруі, ұлттық ат спорт түрлерінен көріністер, қымыз ішу сайысы өтті. Облыстағы 15 аудан, қала қатысқан бұл шараның да шарапаты мол болары айдан анық.
Одан кейін шілдеде халықаралық «ҚASKASU» суретшілер пленэрі, өткізілді. Төлеби ауданы, Нысанбек ауылы, «Тау Самалы» демалыс аймағында болған бұл фестивалде Түркия, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан елдерінен және республикамыздың Астана, Алматы, Орал, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қарағанды, Тараз қалаларынан, сондай-ақ, Түркістан облысының арнайы білімі бар кәсіби суретшілері бір апта бойына ашық аспан астында Түркістан, Төлеби, Созақ, Бәйдібек, Отырар, Ордабасы, Мақтарал, Жетісай, Сарыағаш, Шардара аудандарындағы бірқатар тарихи-мәдени орындарда болып, сондағы көріністерді қағаз бетіне түсірді. Осылайша олар Түркістанның табиғаты мен киелі орындарын, қасиетті жерлерінің әлемге танылуына ықпал етті.
Тамызда Мырзашөл төрінде өткен «Қауынфест» фестивалі де ауылшаруашылық саласының алға қарай дамуына мол септігін туғызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында болған «Қауынфест» арқылы диқаншылардың дәрежесі көтерілді. Олардың ала жаз бойғы еңбектерінің еш кетпеуіне мол мүмкіндіктер берді. Сонымен қатар, бұл шара ауылшаруашылық саласына тартылатын инвестиция көлемінің көбеюіне жарқын жол ашты.
Осы қыркүйек айында «Агро fеst», қазан айында «Safari Shardara», «Open Saryagash» және желтоқсан айында «Қасқасуға қар түсті» іс-шаралары өткізілмек. Рухани жаңғыру аясында ұйымдастырылатын бұл шаралардың барлығы да аймақтың ерекшеліктерін сақтауға, қорғауға, ал екпін түсірер қырларын «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару арқылы» шешуге шақыру болып табылады.

С. НҰРАЙ.