Қалыбай батыр

Қалыбай батыр түстік еліне есімдері белгілі Алыбай, Толыбай батырлардың кенже інісі. Бұл кісілер 1626–1628 жылдары Есім ханның әскері құрамында болып, 1627 жылы Есіл, Тобыл, Ертіс бойын қалмақтардан тазартқан батырлар. Осы соғыстар туралы жазушы Мұхтар Мағауин былай дейді «Есім хан Сайрамсудағы соғысқа дейін қазақтың егемендігін сақтап, Есіл, Тобыл, Ертіс бойында қалмақтармен соғысып жүрген еді. 1627 жылы ұлы жорық нәтижесінде ойрат одағын екі жүз мың жылдық соғыс тарихында ең ауыр жеңіліске ұшыратты» («Жұлдыз» журналы. 111-бет. №12, 1993 ж).

Қалыбай батыр 1628 жылы қазақ ханы Есім хан мен Ташкент ханы Тұрсын ханның Сайрамсудағы соғысында қаза тапқан деседі. Жазушы Бек Тоғысбайұлы «Есім сұлтан 1036 жылы хижрада (1626–1627 ж.ж.) Моңғолстан шетіндегі қалмақтың мекенжайларына ойран салды. Сол уақытта ол өзінің негізгі саяси бақталасын құрту кезегін көздеп жүрген. Тұрсын сұлтан Түркістан маңындағы Есім ордасын ойрандап, қалған кісілерін қыру үшін әскер жасақтады. Есім сұлтанның әйелдерімен балаларын бар жасау-жабдығымен Ташкентке алып кетті. Есім сұлтанның алдынан шықты. Екі жақ Сайрам маңында бетпе-бет келіп, шайқас отын тұтатты» дейді. («Халық кеңесі» газеті, 17 маусым, 1996 ж).
Осы мәліметтерге қарасақ, әділдік Есім хан жағында болыпты. Есім хан қазақ елінің егемендігін қалмақтан қорғап жүргенде Ташкент ханы Тұрсын хан берген антын бұзып, өзі қазақ хандығы құрамынан шығу үшін іс-әрекет жасапты. Бұл жөнінен М.Тынышбаев «бұл соғыс Есім хан үшін әділетті еді. Соғыста қатаған (Тұрсын ханның әскері қатағандардан құрылған еді. Е.Б.) жасақтары жеңіліс тапты» дейді (М.Тынышбаев. «Ақтабан шұбырынды», 86-бет).
Сайрамсудағы қазақ ханы Есім хан мен қатағандардың ханы Тұрсын ханның шешуші шайқасында Есім ханның әскері жеңіске жеткенімен, біраз адамынан да айрылады. Солардың арасында осы Қалыбай батыр да бар екен. Біздер енді оларды өздері өлсе де қазақ хандығының егемендігін сақтап қалған қаһарман батырлар деп түсінеміз. Өздері өлсе де олардың батырлығын, ерлігін ел есінде мәңгі сақтап келеді.
Сондай шайқастардың бірінде Қалыбай батыр жалғыз өзі жау әскерінің ортасында қалып қояды. Ол арыстандай арпалысқанымен, көптің аты көп емес пе, жау найзасының бірінің дөп шаншылуынан қаза табады. Бұл жөнінде көне шежірелерде «Қалыбай атаның жөні бөлек, дара. Асыл атаның сүйегі Жігірген өзенінің жағасындағы ескі зиратқа жерленген» дейді («Ойсыл-сіргелі ұрпақтары», 283-бет. Шымкент. 2006 жыл). Бұл сөздерге біздің де қосып-аларымыз жоқ. Біздің қосарымыз Қалыбай батыр өлген соң қырқы өткен күні келіншегі Зеріп ұл табады. Қариялар нәрестенің есімін жақсыдан қалған жәдігерге балап Жәдігер қояды.
Ел аузында сақталған аңыз деректерде Қалыбай да, Зеріп те тумысынан ақын болған көрінеді. Екеуі той үстінде айтыста танысады да, содан үйленіп, үй болыпты. Зеріптің әкесі Ұлықбек Қоңырат атаның бір тармағы – көктің ұлы құлшығаш руынан екен. Ұлықбек Сырдың шығысында Бесқотан құдығын қоныс етсе, Қалыбайдың әкесі Әжімбет (Әжімұхаммед) сіргелілердің молдасы екен. Олар Малай құдық пен Бозай құдықты коныс етеді. Зеріптің әкесі Ұлықбек бай кісі болыпты. Малай құдық пен Бесқотан құдықтың арасы атшаптырым жер көрінеді. Қойлары қоралас, адамдары аралас бір қоныстың кісілері екен. Ұлықбек бай қызы Зеріпті Қалыбай батырға ұзатқанда аста-төк той жасап, жеті түйеге артып жасау-жабдық беріпті.
Зеріптің беташар тойында өзі ақын, өзі сұңғақ, өзі сұлу келіндеріне дән риза болған сіргелі елінің кариялары жас келінге «өзің шешен, өзің балуан тұлғалы жан екенсің, бақытты бол» деп бата бергені ұрпақтары аузында әліге дейін айтылады. Қоңыраттар мен сіргелілер қыс түссе Сыр бойын бірге қыстағанымен, көктем шыға көктеуді қоңыраттар «Мырзашөл» тау шоқылы қыраттарда қалады екен. Ал, сіргелілер күн ысыса шөлді тастап, Қосмоланың тауын, Қырыққыз, Өгем асып кетеді екен. Қойшы-қолаң тау асып кеткенде елдің үлкендері, бала-шаға Қаржан, Қосмола тауының ойлы, ойпатты өзен аңғарларында ауыл-ауыл болып отырады екен. Осындай қоныстың бірін қазір ел «Жігірген» деп атап жүр. Қалыбай батыр шейіт болған соң оның сүйегін Сырдағы қонысына алып бармай, осында қойған дейді.
Шежіре таралымында Жәдігерден екі ұл – Қазір және Тете қалады. Осы екі кісіден таралған әулет бүгінде екі жүз түтіннің үстінде көрінеді. Олар негізінен Түркістан облысында тұрады. Ташкент маңында да баршылық екен. Егемендік алғаннан кейін осы әулет кісілері батыр аталары Қалыбай атаны есіне алып, жылма-жыл Жігіргенге жиналып, аталарына ас беріп, Құран оқытады. Енді біз де кезінде еліміздің егемендігін сақтау жолында жанын пида еткен Қалыбай батырдай қаһарман аталарымыздың ұлылығын ұлықтап, оның жас ұрпақтың жадына салуды жөн көрдік.

Еркебай БҮРЛІБАЙҰЛЫ, ҚР еңбегі сіңген қызметкер, тарихшы.