ЖЕМІСІ КӨП – ЖЕТІ ЖОБА

Өткен аптада Шымкенттегі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мәжіліс залында «Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру» тақырыбында қоғамдық тыңдау өткізілді. Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған жиынға аймақтың зиялы қауымы, өлкетанушылар, басқарма басшылары, қоғам белсенділері, ұстаздар, ғалымдар және тілшілер шақыртылды.

Шараны аталған басқарманың басшысы Бейсенбай Тәжібаев ашып, жүргізіп отырды. Осыдан біршама уақыт бұрын жауапкершілігі мол жұмыстың тізгінін ұстаған басқарма басшысы өзінің алғысөзінде халықты ынтымаққа бастап, еліміздің ертеңін өрге сүйреуде жолбасшы болған Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын тағы бір рет қайталай отырып, соның негізінде аймақта атқарылған жұмыстарды атап өтті. Және оның бір жылға ғана шақталған бағдарлама еместігін, керісінше үздіксіз жұмыс істеуді талап ететін құжат екеніне екпін түсірді. Соның негізінде жиналған қауымға алға қойған жұмыс жоспарының бағытын таныстырды.
Басқарма басшысының айтуынша биылғы жылжабар желтоқсан айының соңына дейін аймақта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облысының 25 қаламгерінің жеке сайттары әзірленбек. Бұл руханият шырақшысы болып табылатын қаламгерлердің әртүрлі жанр бойынша тағылымы мол шығармаларымен жастардың жақын танысып, олардың эстетикалық тәрбиемен сусындалуына сеп бермек. Сонымен қатар, 10 ақын-жазушылардың кітаптары бюджет есебінен баспа бетінен шықпақ. Көп-көрім таралыммен жарыққа шыққан кітаптардың қолжетімділігін жолға қою өрендердің таным-түйсігінің дами түсуіне зор септігін тигізбек. Сондай-ақ, республикалық деңгейдегі 10 сарапшының зерттеу мақаласы әзірленбек.
Дәл қазіргі таңда аймақта «Ордабасы – бірліктің туы», «Оқсыз оқиғасы», «Түркістан» атты 3 анимациялық туынды мен «Төлеби» фильмінің түсірілімі болып жатыр. Оның мәртебелі көрермен қауымға жол тартуын осы жылдың ішінде жолға қою – облыстық ішкі саясат басқармасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағытындағы негізгі бағыты болып тұр.
Түркістан облысында бақылап, барлап қарасаң тарих сөйлейтін жәдігерлер мен киелі, қасиетті жерлер жетерлік. Олардың ұлт тарихындағы рөлін терең түсіндіру мақсатында Қаратау жотасы бойынша «Таңбалы тастар – бабалар ізімен» атты баспасөз туры ұйымдастырылмақ. «Өлкетану» облыстық сайты ашылмақ. Бұдан өзге әлеуметтік желі қолданушылары арасында туған жердің, өскен өлкенің киелі жерлері, қасиетті орындары, тарихы қызғылықты әрі табиғаты көрікті мекендері туралы келелі ой, кесек пікірі бар жазбалар бойынша «Таңғажайып Түркістан» тақырыбы бойынша байқау өтпек.
Басқарманың негізгі бағытына айналып отырған жемісі көп бұл жеті жобаның барлығы да осы жылда жүзеге асатын болады.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.