Түркістан миллионыншы туристін қарсы алды

Қазан айының басынан бастап облыс әкімдігі Түркістан қаласына келетін миллионыншы туристін асыға күтті. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылау мақсатында ұйымдастырылған әкімдік жиынында аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев киелі жерге табаны тиетін туристердің саны жылдағыдан арта түскенін тілге тиек ете келе, миллионыншы қонақ болып тіркелетін қонақты күтіп алатынын айтқан еді.

????????????????????????????????????


Осы аптада, дәлірегі, 30-қазанда көптен күткен сол турист Түркістанға ат шалдырды. Миллионыншы турист болып тіркелген ақжолтай жандар АҚШ-тың Солтүстік Королина штатынан келген ерлі-зайыпты Уильям мен Барбара Брэнчтер болды. Түркістанға саяхаттап келген оларды облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өзі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында құшақ жайып қарсы алды. Әп-сәтте ерекше көңіл-күйге бөленген оларды аймақ басшысы миллионыншы турист болуымен құттықтады. Содан соң америкалық саяхатшыларға шапан кигізіп, тайқазан пішіндес кәдесый мен қамшы табыстады. Олармен емен-жарқын сөйлесіп, алдағы уақытта қаланың туристік әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Өз кезегінде Уильям:
– Миллионыншы турист болып тіркелгенімізді білгенде қатты толқыдық. Біз әлемнің тең жартысын араладық. Ал Қазақстанға
алғаш рет келіп тұрмыз. Бұл біз көрген 100-ші ел. Қатты ұнады. Әсіресе бізді Қожа Ахмет Ясауи кесенесі таң қалдырды. Қонақжайлылық танытқандарыңызға рахмет,-деп тосыннан тап болған қуаныштарымен бөлісті.
Соңғы жылдары киелі қала Түркістанға келетін туристердің саны артып келеді. Мәселен, қала әкімдігінің таратқан ресми мәлімдемесі бойынша 2016 жылы қалаға 1 млн 60 мың турист келсе, 2017 жылы олардың саны 1 млн 144 мыңға жеткен.

«Уақыт».