ТӘКЕН ӘЛІМҚҰЛОВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН КЕШ ұйымдастырылды

Алматы қаласында, Жазушылар Одағының Әдебиетшілер үйінде классик жазушы Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті. Жиынға жазушының көзін көрген қаламгерлер, шығармашылығын құрметтейтін көпшілік, Созақ ауданынан бір топ делегация қатысты. Сондай-ақ, кешке жазушының жары Есімкүл Болысбайқызы мен артында қалған ұрпақтары қатысты. Әдебиетшілер үйінің фойесінде «Тәкеннің асыл мұрасы» атты Созақ ауданындағы Тәкен Әлімқұлов атындағы лицей интернаттың ұстаздарымен оқушыларының қолымен жасалған көрме ұйымдастырылды. 

SAMSUNG CSC

Кешті филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып жүргізді.
Жазушының артында қалдырған құнды еңбектері туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев баяндама жасап, қаламгер еңбегіне кеңінен тоқталды. Тәкен Әлімқұловтың кешіне туып өскен жері Созақ ауданынан арнайы келген аудан әкімі Салыхан Сабырұлы Полатов құттықтау сөз сөйлеп, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың атынан арнайы құттықтауын жеткізіп, сый-сияпат табыс етті. Шолаққорғандағы Тәкен Әлімқұлов атындағы лицей-интернаттың директоры Тұрғанбаев Берік Мыңжанұлы сөз сөйлеп, жазушы атындағы мектепте атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндама жасады. Созақ ауданының мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашса, күйші Саян Ақмолда Тәкен шығармаларында арқау еткен Сүгір күйлерін орындады. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының актері Ұлан Болатбек жазушының Махамбет Өтемісұлының өмірінің ақтық сәтін бейнелеген «Қараой» әңгімесінен үзінді оқыды.
Жазушы жайында артынан ерген үзеңгілес інілері, ақын-жазушылар Сейфолла Оспанов, Аян Нысаналин, Рафаэль Ниязбек, Аманхан Әлім, Өтеш Қырғызбаев сахнада естеліктерімен бөлісіп, Тәкен еңбектерінің ерекшеліктеріне тоқталды. Жазушының жары Есімкүл Болысбайқызы Тәкен Әлімқұловтың еңбектерін насихаттауға атсалысып жүрген ақын-жазушылар, әдебиетшілер мен қонақтарға баспадан жарық көрген кітаптарын сыйға тартып, алғыс айтты.
Тәкен Әлімқұлов бітім-болмысы бөлек жазушы болатын. Ол қазақ әдебиетінде шоқтығы биік туындыларды дүниеге әкелді. Талай талантты дүниеге әкелген қасиетті теріскей өңірінде Тәкен Әлімқұловтың есім сойы сонысыменде қадірлі, құрметті. Ол «Ақбозат», «Қараой», «Көкқаршыға», «Телқоңыр» прозалық шығармаларын жазды. Сөз өнерін қадірлеген жазушы, қазақтың көркем тілін әдемі қолданды. Аударма саласында да көп еңбек етті. Жас кезінде поэзия жанрында қалам тербеді. Жалпы, алпыстың үстінде әңгіме, жеті хикаят, екі роман, үш өлеңдер жинағын жазды.
Әзіреті Қаратау, әулиелі Созақта туып өскен Тәкен Әлімқұлов жастайынан қазақы ортада сөздің мәйегін, қазақ тілінің қадір-қасиетін түсініп өсті. «Сөз жасай білмеген адам мүсәпір» деп өзі айтқандай, шығармаларында сөз жасау шеберлігін байқатып, тіл тазалығына ерекше мән берді.
Оның шығармашылығына арқау болған ең үлкен тақырыбы – өнер еді. Қай туындысын алсаңыз да, оның ішінде әйтеуір бір өнер адамы көрініс табатын. Ол кісінің әдебиетке келердегі өзіндік ерекшелігін күйді терең түсіне білуінде деуге болады. Өнерді терең түсінуі оны басқаларға ұқсамайтындай үлкен жазушы етіп қалыптастырды. Ол кісінің «Егер Сүгір болмағанда мен жазушы болмас едім» деген сөзі бар.
Қаламын серік еткен Тәкен Әлімқұлов күй мен күйшіні прозада теңдессіз суреткерлікпен айшықтап, қазақ әдебиетінің алтын қорына өлмейтін, өшпейтін туындылар қоса білді.
Жалпы, жазушылық Жаратушының таңдаулы адамдарға беретін ерекше қасиеті. Ол тәңір берген талантпен қатар тынбай ізденуді, үлкен еңбекті қажет етеді. Осындай сирек қасиеттердің бәрі Тәкен Әлімқұловтың бойынан молынан табылатын.
Туған елі, арда ұлын ардақтап, аудан орталығы – Шолаққорғандағы лицей интернатына Тәкен Әлімқұлов есімін берді. Еңселі ескерткішін орнатты. Бірнеше жылдан бері, Созақ ауданында «Тәкен оқулары» аудандық байқауы өткізіліп келеді. Жазушының 100 жылдық мерейтойына орай облыстың аудан, қалаларында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мұның бәрі, Теріскейдің талантты ұлы Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығын ел есінде қалдыру мақсатында өткізіліп келеді.

Нар Болат,
Созақ ауданы.