ҒАЛЫМ ДА, ШАХТЕР ДА БАС ИЕТІН…

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыс мұғалімдерін білім күні мерекесімен құттықтады. Отырарлық ұстаздар қауымы өңір басшысының құттықтау лебізін тікелей экран арқылы тамашалады.
Облыс әкімі өз сөзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында айтылған білім саласының қызметкерлерінің мәртебесін көтеру мәселесі ұстаздар қауымының ел болашағы жолында тынымсыз еңбек етулеріне ынта беретінін тілге тиек етті.
Өзінің еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастаған Ж.Түймебаев ұлағатты жандардың жан-дүниесін жақсы түсінетінін айта келе, Елбасымыз жариялаған маңызды құжаттың ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға зор қадам болатынын сөз етті. Ұлт Көшбасшысы айтқан жетістіктерге жету жолын табу үшін бірлесе жұмыс жасауымыз керектігін де әңгімеге арқау етті.
Мерекелік құттықтауда ардагер ұстаздардың да пікірін тыңдап, оларға сый құрмет көрсеткен облыс әкімі облыстың әр аудандарының үздіктері болған мұғалімдерді арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Аталған марапатқа ауданымыздағы А.Дәрібаев атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Жұмакүл Нәлібаева да ие болды.