Тамыздағы күз туралы ой

Табиғаты мұңлылау,
Тасырлығы мыңбұрау,
Болмысы – өмір шындығы-ау,
Күзді жақсы көрмеймін…

Жапырағы сап-сары,
Тым құпия астары,
Қырық қатпар қаспағы,
Күзді жақсы көрмеймін…

Ұрлап қашқан жазымды,
Артық көрген – азымды,
Ажыратқан – назымды,
Күзді жақсы көрмеймін…

Ызғарлатқан жан-жақтан,
Жалғыздықты аңдатқан,
Қымбатымды аңсатқан,
Күзді жақсы көрмеймін…

***

Тамыз…
Тамыз…
Тамылжыған, жайнаған.
Таңғы сұлу – ғажабыңа тоймағам.
Бір-ақ сәтте шыр айналып дүние,
Алтын толып кете барды айналам…

Алтын…
Алтын…
Айналайын, алтын күз!
Пырағы бар періштедей алтын қыз!
Тоқсан қатпар тамырланған киеңнің,
Ұға алдық па ұлылығын, парқын біз?!.

Мұңлы мезгіл,
Жырлы мезгіл, «жаралы»…
Күз жылуы болмысыма тарады.
Көктеміммен қайта айналып келетін,
Құстар мені қимай кетіп барады.

Күз суреті,
Күз мінезі… серпіді.
Қоңыр күзім – көктемімнің төркіні…
Күз жылуы – жүрегімді жұмсартып,
Күз жылуы – керімсалмен желпіді…

***

Күн қызынып алыстан,
Қуат-күші азайған.
Шат-шадыман танысқан,
Қуаныш аз жаз айғы…

Сұрғылт тартып айнала,
Жапырақтар шашылды.
Суық жел де жәй ғана,
«Әзіл айтып» басылды…

Тым биіктен тырналар,
Қолын бұлғап қоштасты.
Асықпаса құр қалар,
Аспанымен астасты…

Жалғыз торғай шырылдап,
Серіктерін іздейді…
Мезгіл өтер зырылдап,
Мұңайсақ та біз мейлі…

Күздің көсір терімін,
Хақ түгендеп, «тергейді»…
Қоңыр күзбен көңілім,
Қоштасқысы келмейді…

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА.