ӘР АДАМ АДАЛ ЖОЛМЕН ЖҮРУ КЕРЕК

Адамзат баласын азғындатып, қоғамды жегіқұрттай жаулап, іштен ірітіп-шірітетін сыбайлас жемқорлық көріністерінің абырой әперген кезі жоқ.
Тәуелсіздіктің тізгіні қолымызға тиген 27 жылдан бері осы бір жағымсыз дертпен күрес ешқашан бәсеңсіген, толастаған емес. Жеті басты жыландай қауіпті дерттің бетін қайтарудың әртүрлі жолдары тұрақты түрде өткізіліп келе жатса да өкінішке қарай жемқорлық көріністері қылаң беріп қалып жүр.
Әрине, бұл дертке қарсы батыл күрес ешқашан тоқтамауы тиіс. Осы жолда нақты іс-шаралар өткізілуде.
«Адал жол» марафон аясында өткізілген дөңгелек үстелге аудан әкімі Ерлан Айтаханов сөз алып, сыбайлас жемқорлық дертіне шалдықпас үшін әр адам адалдық пен тазалықты жастайынан бойына сіңіріп өсу керектігін айта келіп, тәрбиенің, түсініктің түпқазығы отбасында, балабақшада жатқандығына нақты мысалдар келтірді. Жастармен еркін пікір алмасқан аудан басшысы әсіресе жемқорлықтың ішінде рушылдық сияқты жағымсыз көрініске жол беруге болмайтындығын қадап айтты.
Жиында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының сектор меңгерушісі Жазира Ержанова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев, ауданның Құрметті азаматы Мәрия Белгібай, ауданның бас имамы Әлижан Бекбауовтар күн тәртібіндегі мәселеге байланысты өз ойларын ортаға салып, тағылымдық тұрғыда сөз қозғады.