САНДЫҚ ЖҮЙЕ ЖОЛ САПАСЫН САҚТАЙДЫ

Енді ауыр жүк көлігін тізгіндегендер де сандық жүйенің игілігін сезінетін болады.  Алдағы уақытта көліктік бақылау инспекциялары кез келген жүк көліктерін тоқтатып тексеруі сап тиылады. 

Тек олар белгіленген нормативті белден басқан жағдайда ғана тиісті шаралар қолданылады. Бұл мақсатта елімізде қашықтықтан өлшеу жүйесі енгізіліп отыр. Соған орай автокөліктер өлшеу жүйелері орнатылған жолдың бойымен жүріп өтеді. Сол сәтте оның тіркемесіндегі тауар салмағы туралы деректер көліктік бақылау инспекторларына автоматты түрде жеткізіледі. Егер ондағы жүктердің көлемі шамадан тыс екені анықталса қашықтықтан өлшеу жүйесіне жақын орналасқан бекеттерге шұғыл түрде ақпарат келіп түседі. Инспекторлар сол деректерге сүйене отырып көлікті тоқтататын болады. Өз кезегінде бұл адами фактордың орын алуын сап тиып, тауарлардың бір жерден екінші жерге дер кезінде жету уақытын қамтамасыз етеді. Ең бастысы сыбайлас жемқорлықтың жолын кеседі. Екі тарапқа да өте ыңғайлы мұндай интеллектуалды өлшеу жүйесі жыл соңына дейін қозғалыс қарқыны жоғары жолдарға орнатылады. Осыған сәйкес жыл аяғына дейін республика көлемінде 10-нан астам автоматтандырылған арнайы өлшеу құралы іске қосылады.
Еліміздің инвестициялар және даму министрлігінің бұйрығына сәйкес ауыр жүк көліктері өздеріне тек он тоннаға дейін жүк тией алады. Заң аясында реттелген бұл нормадан ауытқып кету транзиттік жолдардың сапасына зиянын тигізеді. Ал жоғарыда атап өткен цифрлық технология бұл келеңсіздікті алдын алып, жол сапасының сақталуына мол мүмкіндік береді. Ал сапалы жолдар Қазақстанның транзиттік әлеуетінің артуына зор ықпал етеді.