ЖАҢАРҒАН ЕМДЕУ МЕКЕМЕСІ

Шымкенттегі жергілікті жұрт ЦАХТ деп атап кеткен амбулаторлық хирургия, травматология және гинекология бөлімшесі толықтай күрделі жөндеуден өтті. 

Сонымен қатар, бұл мекеме әкім қаулысымен «№1 Шымкент қалалық ауруханасы» болып жасақталды. Мекемені күрделі жөндеуден өткізу қазынадағы қаржыдан емес, орталықтағы ақылы бөлімнен түскен теңге есебінен жүргізілген. Соның негізінде онда бұрын-соңды болмаған күту залының жұмыс істеуі жолға қойылған. Онда ем алуға келгендер бұрынғыдай дәлізде ұзын-сонар кезек күтіп емес, арнайы қондырғыдан электронды кезек талонын алып, содан соң ондағы сан залдағы табло бетіне жазылған кезде өзі таңдаған дәрігерінің қабылдауына кіретін болады.
Мекеме ғимаратында қызметкерлерді саусақ таңбасы арқылы танып, жұмыс орнына кіруге рұқсат беретін құрылғылар орнатылған. Жаңа заманға сай техникалармен толыққан бұл емдеу мекемесінде алдағы күні жарақаттан кейінгі ерте оңалту жұмыстарын жүргізуге бағытталған бөлім ашу көзделіп отыр.
Жарақаттану, хирургия, оториноларингология, урология, проктология, бет-жақ хирургиясы, антирабиялық қызмет сынды бағыттарды қамтитын бұл емдеу мекемесі бір тәулікте 250 науқасты қабылдауға қауқарлы.