ЖАСТАР ҚАЛАНЫ ЖАЙҚАЛТАДЫ

«Жас келсе іске». Дәл осындай ұранмен жігері мұхиттай тасыған құрамында 50 өрен бар «Жасыл ел» еңбек жасағы Шымкенттің шырайын ашуға кірісіп кетті. Қаладағы «ЛТД Тұрмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында жұмысқа кіріскен еңбекшіл жастар көгалдандыру жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне сүрлеу салатын болады.

 

Олар Шымкентті жасыл желекке көмкеру бағытында Б. Момышұлы, Т. Айбергенов көшелері, Темірлан тасжолы, Д. Қонаев даңғылы, Қажымұқан стадионының аумағы мен Бадам өзенінің төңірегінде атқарылатын жұмыстарға жұмылдырылатын болады. Олар аталған жерлерде раушангүлдерді отырғызып қана қоймай, оларды суғару, арам шөптерін отау сынды күтіп баптау жұмыстарына атсалысып, тамыр тартып кетуін бақылайтын болады. Оқу жылы басталғанға дейін өзі құралпы қатарластарына үлгі боларлық тірліктің басы- қасында жүрген «Жасыл ел» еңбек жасағының қаланың көркеюіне қалдырған қолтаңбалары ескерусіз қалмайды. Яғни, олар еткен еңбектері үшін арнайы белгіленген еңбекақы алатын болады.