Маңызды

БҰҚАРАНЫҢ СПОРТҚА БЕТ БҰРУ ДИНАМИКАСЫ АРТУДА

Елбасы өзінің халыққа арнаған кезекті Жолдауларының бірінде 2020 жылға дейін елімізде бұқаралық спорт түрімен айналысатын халықтың саны 30 пайызға жеткізу қажеттігін алға тартқан болатын.

Осы мақсатта Қазақстанның барлық аудан, қалаларында қарқынды жұмыстар қолға алынғаны белгілі. Атқарылған жұмыстар бойынша Шымкентте өзгелерге үлгі боларлықтай тірліктір тындырылған. Яғни, жергілікті жұрттың бұқаралық спортқа бет бұруы көңіл тоғайтарлық көрсеткішке көтерілген. Бұл Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің осы бағытта жүргізген талдауларынан айқын аңғарылады.
Мәселен, Шымкентте ағымдағы жылдың алты айында спорт деген сиқырды кең көлемде насихаттау мақсатында 200-ден астам іс-шаралар өткізілген. Ал оған қатысушылардың қатары жылдағыдан анағұрлым арта түскен. Сонымен қатар, мегаполисте тұрақты түрде спортпен шұғылданатындардың саны өскен. Айталық қазіргі таңда мұндай тұрғындардың жалпы саны 252 960 адамға жетіп отыр. Бұл қала халқының 26,5 пайызын құрайды. Яғни, межеленген жоспарды бағындыру қол созым жерде тұр. Спорттың сан пайдасын терең сезіне алған бұл адамдардың көпшілігі мектеп жасындағы өскелең ұрпақтар болып табылатындығы мамандарды қуантуда. Өйткені, ұрпақ саулығы – ұлт саулығы екені әуелбастан белгілі.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру