«АЛАҚАЙ!» – ШЫМКЕНТТЕ «FONTAN» АКВаПАРКІ АШЫЛДЫ

Үшінші мегаполис Шымкентте 18-маусымда «Fontan» аквапаркі ашылды. Салтанатты шараға жергілікті билік басшылары мен нысанның ашылуын асыға күткен шаһар тұрғындары қатысты. Қаланың кескінін аша түскен нысан туралы облыс басшысы Ж. Түймебаев:

– Бүгін баршамыз қуанышты оқиғаның куәсі болып отырмыз. Жаңадан ашылып отырған заманауи аквапарк барлық талапқа сай етіп жасалған. Бүгінде Шымкентте халықтың тынығып, демалуына арналған орындар көбейіп келеді. Мәселен, жуырда ғана қаланы қақ жарып ағатын Қошқар ата өзенінің бойы абаттандырылып, онда суға шомылуға арналған орындар пайда болды. Мұндай жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады, – деді.
Соңғы үлгіге сай жарақтандырылып бой көтерген аквапарктің жалпы аумағы 2 гектарды құрайды. Онда 8 су сырғанағы бар. Оның екеуі 22-метрді құрайды. Мұндай биіктікті қамтитын су сырғанақтары еліміздің ешбір аумағында кездеспейді. Қалашықтағы жасанды толқыны бар бассейнде келушілердің көңілінен шығатын болады. Аквапарк басшылығы бұл демалыс орнының Орта Азия бойынша ересектер мен балаларға арналған ең үлкен су қалашығы екенін мәлімдеуде.
Бір тәулікте 2 мыңға жуық адамға сапалы қызмет көрсету мүмкіндігіне ие аквапарктің ендігі кезекте 200-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады.

С. НҰРАЙ.