Тойға тартудың игілігін тұтас ел көреді

Кез келген қуанышқа ортақ болу адамзат баласына керемет көңіл күй сыйлайды. Кісінің жақсылығына шын қуанып, оған тарту жасау қазақ халқының ең бір игі қасиеті. Биыл Сарыарқа төсіне туын тіккен еліміздің еңселі Елордасы Астананың 20 жылдығы қарсаңында да тұтас қазақ халқы осы бір жақсы әдетінен жаңылмағаны қандай ғанибет десеңізші.

Бас қаламыздың 20 жылдық мерейтойына аймақтардың барлығы бірауыздан келісіп, бір-бір әлеуметтік маңызға ие нысандарды салып беру туралы бастаманы екі сөзге келмей қабылдағаны сол сөзіміздің жарқын мысалы. Соған сәйкес әрбір облыс еңсені тіктеп, өздеріне бір міндетті жүктеп алды. Осы бағытта Елордада қолға алынатын жұмыстар да белгілі болды. Атап айтқанда, Ақтөбе облысы қаланың кескінін аша түсетін «Бейбітшілік қақпасы» композициясын, Алматы қаласы 240 орындық балабақша салуды, Алматы облысы Арай саябағы базасында спорттық-сауықтыру қалалық паркін, ал Атырау облысы Есіл өзені арқылы өтетін велосипедшілер мен жаяу жүргіншілер көпірін салатын болады. Сонымен қатар, Қызылорда облысы «Космос» тақырыбына ашық алаңы бар гүлзар-бақ пен экспозиция тартуға кіріссе, Шығыс Қазақстан облысы Ботаникалық саябаққа жарықты-музыкалық фонтанның құрылысын жүргізеді. Елордаға іргелес Қарағанды облысы «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі мен жаяу жүргіншілер бульварын тұрғызады. Каспийдің жағасында орын тепкен Маңғыстау облысы бас қаладағы Достық үйін қайта қалпына келтіреді. Батыс Қазақстан облысы болса Жеңіс пен Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысына гүлзар салмақ. Ал қалған Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы бірігіп Елорданың торқалы тойына тарту ретінде 56 шақырым веложолды салады. Тұрғындардың талғамынан жүз пайыз шығатын бұл жоба негізінде Астанадағы қалалық саябақтан бастап Ильинка кентіне дейінгі жалпы ұзындығы 56 шақырымға созылған веложол ел игілігіне берілетін болады. Осы ретте Астанаға тарту ретінде салынатын веложолдың қалалық саябақтан бастап Министрлер үйіне дейінгі 5,173 шақырымын Түркістан облысы мен Шымкент қаласы атқаратынын айта кетейік. Торқалы той қарсаңындағы бұл тартулардың игілігін тек астаналықтар емес, тұтас ел жұрты көретін болады.
Астананың 20 жылдығына орай аймақтардың жоғарыдағыдай тарту жасауы біздің бірлігімізді нығайтып, іргемізді бекем етері сөсіз. Жалпы Түркістан облысы мен Шымкент қаласы Астананың 20 жылдығы мерекесіне ерекше қуанып, оның әрі қарай дами түсуіне шын тілектестік білдіріп жатқанын нақты тірліктермен көрсетіп отыр. Мәселен, осы айда Қазығұрт ауданындағы «Аманкелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диқандары Алаштың асқақ айбары ару Астананың осынау мерекесіне орай Елордаға 20 тонна қызыл шиені тең-тең ғып жеткізуді қолға алған. Серіктестік мұнымен қатар өздерінің бау-бақшаларында өсірілген жүзім, алма, өрік, алқоры, алмұрт сынды дәмі тіл үйіретін жемістерді бас қалаға қарай бет алатын болады. Мұнымен қатар облыста тірліктің көзін таба алатын қасиетінің арқасында бизнес адымы ашыла түскен Уктам Абдурасулов есімді шаруа торқалы тойға тарту ретінде 90 мың түп барқытгүл, шырайгүл, сәлбен сынды гүлдерді жолдады. Өзінің қарамағындағы жылыжайға бір жылда миллион түп гүл өсіретін шаруаның Астананың көркіне ерекше көрік қосатын бұл жомарттығы нағыз азаматтық дерсің.
Елорданың тойы тек елордалықтардың қуанышы емес. Бұл тұтас елдің тойы. Мұны жергілікті жұрт санасына терең сіңдіру үшін облысымыз маусым айының екінші онкүндігінде «Астананың 20 жылдығына – 20 нысан» атты акцияны бастап кетті. Соған орай сол кездегі ОҚО басшысы Жансейіт
Түймебаевтың және сол кездегі облыс орталығы Шымкент әкімінің қатысуымен аудан, қалаларда әлеуметтік экономикалық маңызға ие 20 нысанның салтанатты ашылулары басталып кеткені белгілі. Олардың қатарында 19 маусымға дейін облыс орталығы саналған Шымкентте «Шымкент темір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі металлургиялық зауыты, ұлттық теннис орталығы, зообақтың «Африка» бөлігі, Астана даңғылы бойындағы гүлзар, облыс аумағында ашылатын төрт балабақша, Шардара ауданында 10 пәтерлі екі қызметтік үй, Төлеби ауданында 20 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй, Бәйдібек ауданында 1 пәтерлі 20 коммуналдық тұрғын үй, киелі кент Түркістанда «Яссы құс» шаруақожалығының базасында сыйымдылығы 200 тоннаны құрайтын көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын қойма болмақ. Бұдан бөлек осы акция аясында аймақта халықтың рухани сұранысын қанағаттандыратын 200 орынды мәдениет үйі, 600 орынға лайықталған мектеп, 60 балаға шақталған «Ақкен» емдеу-сауықтыру лагерінің ашылу салтанатының лентасы қиылатын болады. Бүгінде олардың басым бөлігі салтанатты түрде ашылып, пайдалануға беріліп қойды. Солардың бірі Шымкент зообағындағы «Африка» бөлігі болып табылады. Саванна тіршілігіне сәйкестендіріліп жасалған осы аумақтың салтанатты ашылу рәсімінде Ж. Қансейітұлы Астананың 20 жылдығына орай Шымкент зообағы аумағынан Елордаға 20 аңның атап айтқанда, арыстан, Амур жолбарысы, пума, қоңыр аю секілді жыртқыштар мен кезқұйрық, тілеміш, тазқара, үкі құстары сынды жануарлардың тарту етілетінін атап өткен-тін.
Осылайша Астананың 20 жылдығы қарсаңында тұтас ел аумағында нағыз мерекелік ауан қалыптасып жатыр. Бұлай болуы да заңдылық. Себебі Астана Қазақстандағы барлық өңірдің ағасы болып табылады.