АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН «АРАЛ» РЕСТОРАНЫ ҚАЙТА АШЫЛАДЫ

Қазіргі таңда Шымкентте ең ескі ғимарат, 1949 жылы салынған «Арал» ресторанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Шымкенттегі ТVK арнасының тілшілері тарқатып айтты.

Қаланы қақ жарып ағатын Қошқар ата өзенінің жағасындағы бұл нысан Шымкенттегі әбден тозығы жеткен ғимараттардың бірі болып табылады. Өз кезегінде ол жуырда ғана жөндеуден өткен Қошқар ата өзенінің жағасына жақын болғандықтан, сол төңіректің сиқын бұзып тұрғаны сөзсіз. Осыны назарға алған жергілікті билік оны қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алу шараларын бастап кеткен.
Жалпы бұл орын игі естеліктерге толы. Кезінде осы «Арал» қазіргі аға буынның жиі баратын демалыс мекені болған. Өйткені ондағы ас мәзірі мен ғимараттың өзен жағасына жақын орналасуы келушілердің көңілінен қошының бабында болуына серпіліс берген. Құрылыс жұмысына жауапты компания өкілі Ақылбек Байдарбеков:
– Осыдан 69 жыл бұрын салынған «Арал» рестораны соңғы рет 1960 жылы ағымды жөндеуден өткен. Содан бері ол бір рет те жаңартылмаған. Біз құрылыс жұмыстарын шамамен бір ай бұрын бастадық. Толықтай қайта қалпына келтіру барысында біз оның бастапқы келбетінің нұсқасын барынша сақтап қалуға күш саламыз, -дейді.
Тоқсаныншы жылдардың басында «Арал» рестораны «Шаттық» болып өзгертілген-тін. Енді осы нысанның иесі жөндеу жұмыстары аяқталған соң оған бұрынғы атауын беретін болады. Бұл бағыттағы жұмыстар толық аяқталған соң «Арал» рестораны өткенге салауат айтатын біраз шымкенттік тұрғындардың сүйікті орнына айналады деген сенім мол.

Н. ҚАЛЖАН.