КЕҢ ПЕЙІЛДІ АЗАМАТТЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН ҚАЛАДА ҚОС БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ

Оның бірі елу балаға лайықталған №37 «Әйгерім» балабақшасы болып табылады. Бұл нысан психикалық дамуы кешеуілдеген балаларға арналып ашылып отыр. Онда аутизм, Даун синдромымен туылған 2-7 жас аралығындағы балалар қабылданады. Өз кезегінде орталықта мұндай топтағы балғындарға шеберліктері шыңдалған педагогтар қазіргі заманға сай жасалған бағдарламалар бойынша дәріс өткізеді. Тілінде мүкісі бар балалар үшін дефектологтардың жұмыс істеуі жолға қойылған.
Екінші ашылған орталық 60 адамға лайықталған №17 «Достық» балабақшасы деп аталады. Тірек-қимыл аппараты бұзылған ұрпақтар үшін ашылған бұл бақшада бала денсаулығын қалпына келтірудің бар мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, мамандар сал ауруына шалдыққан балаларға жан-жақты оңалту шарасын жүргізетін болады.
Ерекше балаларға арналған бұл қос коррекциялық балабақша аймаққа белгілі кәсіпкер, «ОТАУ груп» компаниясының президенті Қайрат
Молдасейітовтың демеушілігімен ашылып отыр. Кең пейілді азаматтың қолдауымен бой көтерген бұл жобаның жалпы құны 280 млн. теңгені құрайды. Тағдыр талайы ауыр дертпен күресумен өрілген балақайлардың игілігі үшін кәсіпкердің жасаған сауап ісі өзгелерге үлгі болары сөзсіз.
Бұл мекемелерде балғындар тегін тәрбиеленетінін де айта кетейік. Ол үшін ата-ана баланың денсаулығында ақауы барын растайтын анықтамалар мен құжаттарды Шымкент қалалық білім бөліміне өткізіп, кезекке тұрулары қажет.
С. БЕК.