ЖЕР МЕН ҮЙ КЕЗЕГІНДЕГІЛЕРГЕ «7-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖӘРДЕМІ КӨП

Қазіргі таңда аймақта тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жыл сайын баспанаға қол жеткізгендердің саны өсе түсуде.

Дәл осы бағытта былтыр атқарылған жұмыс көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға өскен. 2017 жылы 721,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 36,2 пайызға көп. Тұрғындарға пәтер кілтін табыстау кезінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пәтер кілті табысталатын тұрғындардың саны 2018 жылы арта түсетінін баса айтқан болатын. Бүгіннің өзінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша 780,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Пәтерге қол жеткізген тұрғындардың басым көпшілігі баспананы Елбасының «БЕС әлеуметтік бастамасы» негізінде иемденетін болады. Мәселен, осы жылы жеке құрылыс компаниялардың қатысуымен 104 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл 413,9 мың шаршы метр болатын 5 122 пәтерді құрайды. Осы тұрғын үйлердің 30-ы, яғни, 1 454 пәтер биылғы жылдың соңында пайдалануға тапсырылмақ. Ондағы пәтерледі халыққа табыстау «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асады.
Бұдан бөлек «Шымкент Сити» қалашығында дәл осы бағдарлама аясында 100-ден астам көпқабатты тұрғын үй салуға қызығушылық танытқан жергілікті 20-ға тарта инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
Жалпы Президенттің «БЕС әлеуметтік бастамасындағы» «7-20-25» бағдарламасы негізінде жергілікті билік облыстағы тұрғын үй кезегіндегі 60 мың азаматтың, жер кезегіндегі 220 мың азаматтың және «Тұрғынүйжинақ» банкіндегі 61 мың салымшының баспана мұқтажын шешуді жолға қойып отыр.