ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫ БІР ҚЫЗМЕТ ТҮРІ ІСКЕ АСАДЫ

Шымкентте шілде айынан бастап тұрмыстық төтенше жағдайлар орын алғанда жаныңызға жедел жететін 1355-құтқару қызметі іске қосылмақ. 

Мемлекеттік емес құрылым көрсететін бұл қызметтің бір айлық төлем құны әрбір абонент үшін бар болғаны 80 теңгені құрайды. Бұл сома коммуналдық төлемдердің түбіртектеріне енгізілетін болады. Соған орай кез келген азамат құлыптанып қалған есікті ашу, қураған талдарды кесу, үйге кіріп кеткен түрлі зиянкестерді ұстау, ашылмай қалған көліктің есігін ашу, көпқабатты тұрғын үйлердің шатырындағы сүңгі мұздарды еріту, жедел сатының істен шығуы сынды келеңсіз жәйттермен бетпе-бет келсе, 1355-ке қоңырау шалу арқылы, оның шешімін таба алады. Тұрмыстық қиындықтардан оңай алып шығатын құтқару қызметінің көмегіне тәуліктің кез келген уақытында жүгінуге болады.
Бүгінде Қарағанды, Алматы қалаларында тәжірибеге енгізілген мұндай қызметті Шымкентте де жүзеге асыру туралы бұл мәселе осыдан екі апта бұрын көтерілген болатын. Өзіндік құтқару компаниясы ұсынған бұл қызметке Шымкент қаласы әкімдігі зор қолдау танытқан. Дегенмен олар өзіндік құтқару компаниясымен екіжақты меморандум түземес бұрын, халықтың пікіріне құлақ асқан. Сол мақсатта жаңа қызметті іске қосуды қаншалықты дұрыс көретінін білу үшін 10 мыңнан астам адамның арасында сауалнама жүргізген. Өз кезегінде оған қатысқан адамдардың көпшілігі алғашқы күннен бастап мұны тиімді бастама деп бағалаған.
1355 қызметі бойынша халыққа көмекке келетін өзіндік құтқару компаниясының басшысы Андрей Фридовский 1355 қызметі төтенше жағдайлар жөніндегі департамент жұмысының айтарлықтай жеңілдете түсетінін алға тартуда.
Ағымдағы жылдың 1-шілдесінен бастап іске қосылатын 1355 қызметіне қосылу тұрғындардың өз еркіне қалдырылады. Егер коммуналдық төлемдер түбіртектеріне енгізілген бұл қызмет ақысы қатарынан екі ай төленбеген жағдайда абоненттен автоматты түрде құтқарушылардың қызметі алынып тасталады.