БІЛІМ САЛАСЫНДА СҰРАНЫСҚА КӨП ИЕ ӨТІНІМДЕР САНДЫҚ ЖҮЙЕГЕ КӨШУДЕ

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысы 2017-2018 жаңа оқу жылы қарсаңында республикада ең бірінші болып білім саласында балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою және есепке алу, орындарын алмасу процестері автоматтандыруға қол жеткізді. Соның негізінде бүгінге дейін балаларды балабақшаға қабылдау қызметі бойынша 98 172 өтінім келіп түсіп, 30645 бала электронды өтініштер арқылы мектепке дейінгі ұйымға жіберілген.


1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев осылай деп мәлімдеді. Сонымен қатар ол, Шымкенттегі жалпы орта білім беретін барлық мемлекеттік мектептерге 1-сыныпқа есепке алу процесі цифрлық форматқа көшірілгенін атап өтті.
Облыс басшысы бағдарлама бойынша денсаулық сақтау саласында да ауыз толтырып айтар жұмыстардың жүріп жатқанын нақты мысалдармен келтіріп кетті. Өз сөзінде ол облыс аумағындағы 69 емханада кешенді медициналық ақпараттық жүйесі енгізілгенін, сол бойынша тұрғындар «дәрігерді үйге шақыру», «дәрігердің қабылдауына жазылу», «медициналық ұйымға тіркелу» сынды қызметтер сандық жүйеге көшкенін, бұл азаматтарға аталған қызмет түрлеріне оңай қол жеткізуін тудырып отырғанын айтты.