МИЛЛИОНЫНШЫ ТУЫЛҒАН БАҚЫТТЫ БАЛАҒА БАСПАНА БЕРІЛДІ

5 маусым. Бұл күн Шымкент тарихы үшін айтулы датаға айналатын болады. Себебі жаз айының осы жұлдызында жергілікті билік Шымкентті елімізде Алматы мен Астанадан кейінгі үшінші мегаполис мәртебесін алуға лайық деп танылу туралы бірлескен шешім шығарды. Жергілікті жұрт сарыла күткен қаланың миллионыншы тұрғыны жарық дүние есігін ашып, миллионер қала межесіне жеттік.  Осыған орай 5-маусымда шұғыл түрде Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс жиырма тоғызыншы сессиясы өтті.

Оған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, қала әкімі Нұрлан Сауранбаев, қалалық мәслихаттың депутаттары мен қала активі қатысты. Депутаттар таңғы тоғызға белгіленген отырыста тек бір мәселені қарады. Ол Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалар санатына қосу. Бұл туралы қала әкімі Нұрлан Сауранбаев:
– Өткен аптада еліміздің заң талаптарына сәйкес Шымкенттегі Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау ауданы тұрғындарының қатысуымен Шымкентті Қазақстандағы үшінші ірі қала санатына қосу мәселелері бойынша конференциялар ұйымдастырылды. Содан соң, күні кеше бұл мәселе Шымкент қаласының қоғамдық кеңес мәжілісінде талқыланып, оған барлық сала өкілдері қолдау танытты,-дей келе, сөзін былай деп сабақтай түсті.
– Шымкенттің ірі мегаполис атануы әрбір қала тұрғындары үшін мерейлі мәртебе. Игі жақсылықтың бастауы. Жалпы бұл тек шымкенттіктердің ғана емес, барлық қазақстандықтар үшін маңызды оқиға деп санаймын,-деді.
Өз кезегінде мәслихат депутаттары қала әкімінің баяндамасынан соң, Шымкентті дербес қала ету туралы қала әкімінің ұсынысын бірауыздан қолдады. Одан соң қала басшысы Н. Сауранбаев пен мәслихат хатшысы Н. Бекназаров Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігіне және Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатына Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалар санатына жатқызу туралы ұсыныс енгізу туралы қала әкімінің қаулысымен, қалалық мәслихаттың шешімі жазылған бірлескен тарихи құжатқа қол қойды. Құжатты облыстық мәслихаттың қарауына ұсыну үшін облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа табыстады.
Бұл құжат сол күні түс ауа облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма үшінші сессиясында қаралды. Нәтижесінде Шымкентке дербес қала атағын беруді облыстық әкімдік құптап, облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдайтыны туралы бірлескен тарихи құжатқа облыс әкімі мен мәслихат хатшысы қол қойды. Енді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тиісті құжаттарға қол қойса, Шымкентке республикалық мәртебе берілетін болады.
Аталған сессияда Шымкентке дербес қала атағын берумен қатар, рухани астана Түркістан қаласын облыс орталығы ету, Түркістан, Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.
Жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жиналған қауымды Шымкент тұрғындарының 1 миллионға жетуімен шын жүректен құттықтап былай деп игі тілегін арнады.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қашанда ұлт руханиятының алтын ұясы, қазақ тарихының түп тамыры – Оңтүстікке айрықша көңіл бөліп келеді. Шымкентті миллиондық қала ретінде межелеу 2014 жылдан басталды. Бүгінде көзделген мақсат орындалып, Шымкент қаласы тұрғындары 1 миллионға жетіп отыр. Біз Сіздермен бірге Шымқалаға республикалық мәртебе берумен қатар, жаңадан облыс орталығын таңдау бақыты бұйырған тарихи сәттің табалдырығында тұрмыз. Мұндай орталық ретінде Қазақ елі үшін ғана емес, исі түркі әлеміне ортақ, қасиетті Түркістанның таңдалуын халықтың зор ықыласпен қабылдауын қуанышпен атап айтқым келеді. Мұны Түркістан, Кентау қалаларының шекараларына өзгерістер енгізу барысында тұрғындармен жүргізілген қоғамдық тыңдаулар мен өздеріңізбен талқылау барысында айқын сезініп отырмыз», — деді аймақ басшысы.
Естеріңзге сала кетсек 2018 жылдың 17-мамырында Елордада өткен ХІ Астана экономикалық халықаралық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде миллион тұрғыны бар қалалар қатарына Шымкенттің қосылғанын жариялы түрде жеткізген болатын. Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесі жайдан жай айтылмады. Өйткені нақ сол күні Шымкенттің миллионыншы тұрғыны дүние есігін ашқан болатын.
6-маусымда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев Шымкент қаласының 1 миллионыншы тұрғыны дүниеге келген Еламановтар отбасын құттықтап, жас отбасыға 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Бақытты баланың толық есімі Айсұлу Еламанова. Оның анасы Айжан Ахайбекова банкте, әкесі Самат Еламанов ауруханада жұмыс істейді. Жас отбасылар тұңғыштары Айсұлудың миллионыншы тұрғын болып туылғаны туралы хабарды естігенде ерекше толқыған. Ал оларға облыс және қала әкімдері келіп, қаланың қақ ортасынан екі бөлмелі пәтір кілтін табыстағанда атқамінер азаматтарға дән риза болғандарын жасырмаған.
Жалпы шымкенттіктер миллионыншы тұрғынға жергілікті билік тарапынан тарту жасалатынын анық білді. Оған ағымдағы жылдың ақпан айында облыс әкімінің жергілікті халық алдында атқарған жұмыстары туралы берген есебінде, Шымкенттің миллионыншы, облыстың үш миллионыншы болып туылған сәбилеріне бір пәтер беруге дайынбыз деген болатын. Облыс басшысының осы аптада халық алдында берген уәдесінен айнымай, демеушілер көмегімен Шымкенттің миллионыншы тұрғыны Айсұлудың ата-анасына 2 бөлмелі пәтер кілтін салтанатты түрде табыстағаны оның сөзі мен ісінің айырмасы жоқ азамат екенін анық көрсетіп тұр. Айсұлуға сыйға тартылған пәтер «Отау-Строй» құрылыс компаниясының президенті Қайрат Молдасейітовтің демеушілігімен берілген.