ЖОЛАЙРЫҚ қарашада БІТЕДІ

Бүгінде Шымкентте құрылысы қарқын алып жатқан нысандар өте көп. Солардың бірі «Бекжан базары» маңындағы Темірлан тас жолының бойындағы жолайрық болып табылады.

2017 жылы құрылысы басталған бұл нысан бойынша мердігер мекеме бүгінге дейін жалпы жұмыс ауқымының 80 пайызын орындаған. Бұған дейін олар бұл нысанды ағымдағы жылдың тамыз айында ел игілігіне тапсырамыз деп халықты бір қуантып қойған еді. Бірақ бұл қуаныш көпке созылмады. Жұмысты қолға алған жауапты мамандар аталған мерзімде жолайрықты толық аяқтау мүмкін болмайтынын алға тартуда. Олар құрылысты осы жылдың 1-қарашасына дейін тапсырамыз ден сендіруде.
Естеріңізге сала кетсек, «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасына» сәйкес, қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша белгіленген мерзімге дейін Бәйдібек би – Астана, Жібек Жолы – Сайрам, Рысқұлов – Қонаев көшелерінің қиылысында, Бәйдібек би – Кіші айналма жолы аралығы және «Бекжан базары» маңындағы Темірлан тас жолының бойында жолайрық салыну жоспарланған болатын. Осы бағытта алғаш болып Алматы – Ташкент бағытындағы Темірлан тасжолының қиылыстарындағы жолайрық құрылысы 2017 жылдың көктемінде қолға алынған еді. Нысанның жалпы құны 1 млрд. 700 млн. тенгені құрайды.