«Цифрлық Қазақстан» серпінді дамуда

КӘСІП АШУҒА
ҚҰЖАТ РӘСІМДЕУ ЖЕҢІЛДЕДІ

Өмірдің барлық саласын цифрландыру өркениетке қол созған елдің барлығына тән құбылыс. Осы бағытта отыздыққа ұмтылған Қазақстанда қарқынды жұмыстар қолға алынып отыр. Баянды бағдарламаның мол мүмкіндігін кәсіп ашуға бел буған азаматтар да қолданатын болады.
Ендігі кезекте елімізде кез келген адам өз бизнесін www.egov.kz арқылы тез әрі оңай аша алады. Электрондық үкімет порталында ел экономикасын көтеруде маңызды рөлге ие кәсіпкерлер үшін «Банктік шот ашуды және қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезінде жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыруды ескере отырып, заңды тұлғаны тіркеу» композиттік қызметі іске қосылды. Аталған композиттік қызмет заңды тұлғаны тіркегеннен кейін банктік шот ашу, ҚҚС бойынша есепке қою үшін салық органына бару, содан соң сақтандыру компаниясына сабылу сынды қызметтердің біріктірілуі болып табылады. Жаңа жүйе нәтижесінде енді өтініш беруші екі күннің ішінде (өтініш берген күнді есептемегенде) заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуге алынғаны туралы куәлікті, банктік шот нөмірін және қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтау туралы қол қойылған келісім-шартты алатын болады. Нәтижесінде белгілі бір кәсіптің тұтқасын мықтап ұстап, өз бизнесін дамытқысы келген азаматтар заңды тұлғаны тіркеу, банктік шот ашу және сақтандыру туралы келісім-шарт жасау сынды қызметтерге бір мезетте қол жеткізеді. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету барысында «бір өтініш» қағидатын қолданудың нақты үлгісі болып табылады.
Бұл қағидат Шымкентте бизнес ашу үрдісін айтарлықтай жеңілдете түсетіні сөзсіз. Өз бизнесін бастауға нар тәуекел еткен заңды тұлғаны электрондық тәсілмен тіркеу кезінде әзірше 4 коммерциялық банктен шот ашып, 3 сақтандыру компаниясымен шарт жасасуға болады. Жақын күндері ондағы банкпен, сақтандыру компаниясының саны едәуір арта түспек.
Бүгінгі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтарға барлық 621 мемлекеттік қызметтердің 83 пайызын халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетіп келеді.

ЖЕКЕ
МӘЛІМЕТТЕРДІ ЖӨН ЖОСЫҚСЫЗ КӨРУ
ЖОЙЫЛАДЫ

Кез келген азаматтың жеке сәйкестік нөмірі (ЖСН) арқылы ол туралы біраз мәліметтер алуға болатыны белгілі. Мұндай қолжетімділік көптеген адамдарға ұнай бермейтіні анық. Осыған сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, қазақстандықтарға жеке мәліметтеріне қолжетімділікке тыйым салу мүмкіндігін қамтамасыз етіп отыр. Соның негізінде тіпті халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкері де жеке мәліметтерді көре алмайтын болады.
Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы Абылайхан Оспанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Ол:
– Жеке мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз азаматтардың өзі туралы жеке ақпаратты толықтай бақылай алатын жоба жасадық. Нәтижесінде мамыр айынан бастап электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте мәліметтерге қолжетімділікке тыйым салу функциясы жұмыс істей бастайды. Әрбір портал қолданушылары осы функция арқылы өзінің жеке мәліметтеріне қолжетімділікті қоса алады және жауып тастай алады. Бұл орайда тыйым салу функциясын тек жеке кабинет арқылы ғана жасауға болады. Қолжетімділікті жабу қызметі де азаматтардың смс-рұқсатын алған жағдайда ғана жүзеге аспақ.
Аталған жиында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы Абылайхан Оспанов азаматтардың жеке мәліметтерге қолжетімділікке тыйым салу қызметіне жүгінуі үшін мобильді азаматтар базасына тіркелуі тиістігін, ал ол www.egov.kz порталындағы жеке кабинетте немесе кез келген халыққа қызмет көрсету орталықтарында жасалатынын атап өтті.

ҚИЯНДАҒЫ АУЫЛ
КЕҢ ЖОЛАҚТЫ
ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз етудің маңызы зор. Өз кезегінде бұл «алтын бесік ауылдарда» білім, денсаулық, әлеуметтік және өзге де салалардың барынша дамуына серпіліс береді. Осы бағытта еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі алдағы уақытта ауылды жерлерге кең жолақты интернет жеткізуді межелеп отыр.
Соның негізінде бүгінгі таңда мемлекет пен жекеменшік серіктестігі бойынша тиісті жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сол жоба негізінде енді 2021 жылға дейін 1249 елді мекен жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтылатын болады. Қазіргі таңда сол жерлерде мекендейтін халық саны 2 миллионнан асып жығылады екен.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өткен жылы атқарған жұмыстары бойынша есебінде осылай деп мәлім етті.
Сонымен қатар ол еліміздің 13 миллион астам тұрғынына жоғары жылдамдықты интернет желісі қолжетімді екенін атап өтті. Бұдан бөлек ол, бас-аяғы 50 мың халық мекендеген аумақтарда 4G үлгісіндегі байланыс бар екенін, ал одан аз тұрғыны бар, дәлірегі 10 мыңнан астам ел бар елді мекендерде 3G үлгісіндегі байланыс орнатылғанын мәлімдеді.

IT-СЫНЫПТАР САНДЫҚ
ЖҮЙЕГЕ СЕРПІЛІС БЕРЕДІ

Еліміздегі жетекші саяси ұйым «Нұр Отан» партиясы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жан-жақты дамуына өзіндік үн қоспақшы. Яғни, беделі биік партия Қазақстан бойынша 1000 тегін IT-сынып ашу жобасын қолға алып отыр. Осыған орай мемлекетіміздің барлық өңірлерінде IT-сыныптар жұмыс стейтін болады.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мұндай сыныптар оқушыларға факультативті түрде тереңдетілген білім беретінін алға тартуда. Онда өскелең ұрпақтарға қарапайым алгоритмдерді құру, арнайы бағдарламалар мен веб-сайттар жасау оқытылады. Білім берудің бұл түрі еуропалық стандарттарға сәйкес жүзеге асады. Партия белсенділері бұл бастама бойынша IT-сыныптарда білім алған жас буындар алдағы күндері «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының табысты жүзеге асуына тың серпін беретініне бек сенім артып отыр.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Үкіметпен, жергілікті әкімдіктермен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе ел аумағында 20 IT-орталық ашуды көздеуде. Онда бірінші кезекте жұмыссыз жүрген азаматтар алты айға жуық уақыт бойына бағдарламалау негіздері бойынша білім алады. Мұның өзі олардың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасы Жолдауы аясындағы басым бағыттар бойынша халықаралық талаптарға сай жұмыс істеуге көшкен өндіріс орындарына жұмысқа орналасуына жол ашатын болады.

С. НҰРАЙ.