БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ТАҒЫ БІР МҮМКІНДІГІ БАР

Үстіміздегі жылдың 22-25 мамыры аралығында Шымкенттегі «Тұран» шағынауданы, №192 орам, №979 жер телімінде орналасқан «Адия» тұрғын үй кешенінде тапсырылатын 201 пәтерге қол жеткізу үшін қосымша өтінімдер қабылданады.

Шыны сарайдай салынған пәтәрлерге қол жеткізуге ниет танытқандар, өтінімдерін әрлі-берлі жүріп сабылмай ақ, «Е-gov» порталына тіркеліп, ЭЦҚ кілті арқылы жүзеге асыруға әбден болады. Мұндай жүйе негізінде үйлі болуға тиісті құжаттарды электронды түрде тапсырудың тетігі туралы мардымды мәлімет алу халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы «Е-gov» пункттерінде және Шымкент қалалық әкімдігінің құрылымдық бөлімінде, атап айтқанда тұрғын үй қатынастары бөлімінде жүргізіледі.
Жоғарыда аталған нысандағы бұл үйлер «Самұрық -Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы берілетіндігін айта кетейік. Ондағы 201 пәтер Тип – 1, Тип – 2, Тип – 5, Тип –6 түрлерге бөлінеді. Алғашқы екі тип бір бөлмеден болса, қалған екеуі үш бөлмемен қамтылған пәтерлер болып табылады. Соған сәйкес адамдар өтінімді толтыру кезінде төлем қабілеттілігіне байланысты пәтердегі бөлме санын өзі таңдайды. Пәтерлерді азаматтардың сатып алу құқығымен жалдау бойынша арендалық төлем бес, жеті, он және он бес жылға жалғасады.
«Адия» тұрғын үй кешенінде тапсырылатын бұл пәтерлерге қол жеткізу үшін элек-тронды түрде өтінім қалдырғандар Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілгендер, мүгедек балалары бар немесе сондай азаматты тәрбиелеп отырған отбасылар, зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оралмандар, табиғи катаклизм салдарынан баспанасынан айырылғандар, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мемлекеттік, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері сынды санаттарға жатуы тиіс.
Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.