«ШЫМКЕНТ СИТИДІҢ» ҚҰРЫЛЫСЫ ЫРҒАҚТЫ ЖҮРУДЕ

«Шымкент Сити» жобасы негізінде келешекте «Шымкент сити» қалашығы аумағында 324 тұрғын үй салынатыны белгілі. Бастапқы жобада ондағы үйлердің бірқатары 50 қабаттан тұратыны мәлімделген болатын. Алайда инвесторлардың нақты деректерге сүйене келтірген ұсыныстары бойынша олардың қабаттары айтарлықтай төмендетілетін болды.

Қала басшысы Нұрлан Сауранбаевтың төрағалығымен «Шымкенттің Бас жоспарын өзектендіру» тақырыбы бойынша өткен жиында шаһардың бас сәулетшісі Нұрлан Архабаев осылай деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Н. Архабаев қалашықтағы үйлердің қабаты 3-тен 16 қабатқа дейін болатынын келтіріп кетті.
Кешендегі көп қабатты тұрғын үйлердегі пәтер саны 6000-ға жуықтайтына да белгілі. Бүгінде Елбасының бақылауында тұрған бұл жобаны жүзеге асыру үшін жеке инвесторлар қарқынды құрылыс жұмыстарын жүргізуді бастап кеткен. Осыған байланысты аталған аумақта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым толықтай тартылып, 31 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылысы қарқын алған тұрғын үйлердің 14-і биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Су жаңа үйлерді халыққа үлестіру Елбасының бес әлеуметтік бастамасында көрсетілген «7-20-25» бағларламасы аясында жүзеге асады.
Аталған кешенде көп қабатты үйлер мен мектеп, балабақша, спорткешені, конгрес-холл, саябақтар және т.б нысандар бой көтеретінін де айта кетейік.

С. НҰРАЙ