Қайрат нұртай: «ЭВОЛЮЦИЯЛЫҚ ДАМУ БІЗДІҢ ӨРКЕНДЕУІМІЗГЕ ЖОЛ АШАДЫ»

Елбасының жыл сайынғы Жолдауы – бірін-бірі толықтырып тұратын, біртұтас дүние. Маңызды құжат ел дамуына жаңа бағыт, жаңа міндет, жаңа талап жүктейді. Жолдау жүктеген тапсырмаларды тыңғылықты орындау атқарушы биліктің негізгі міндеті. Біз осы орайда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы Нұртаймен сұхбаттастық.

– Қайрат Ырзақұлұлы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқынаЖолдауында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін айтып қана қоймай, нақты 10 бағыт бойынша маңызды міндеттерді атап көрсетті. Биылғы Жолдаудың ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауы бұған дейін жарияланып келген бірнеше маңызды құжаттың заңды жалғасы деп түсінемін. «Мәңгілік ел» идеясымен үйлесім тауып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен қабысып жатқан стратегиялық құжат деп білемін. Қарап отырсаңыз, қазір дүниежүзі, бүкіл адамзат төртінші революция дәуіріне қадам басуда. Жолдаудың маңызы да сол, индустриялық революцияға дайындалудың қамы. Оның өзектілігі неде?
Төртінші индустриялық революция дегеніміз не? Алдымен мұны қара-
пайым тілмен түсіндіріп көрейікші. Адамзаттың даму тарихына бойлап қараңыз. Біріншіден, кез-келген даму адами
мұқтаждықтан, адамның ақыл-ой жемісіне байланысты болады. Мәселен, біздің әжелеріміз кезінде қолдан ұршық иірді, кілем тоқыды, киіз басты т.б. Біле білсеңіз, бұл да бір алғашқы өнеркәсіптің түрі. Яғни, ол қол еңбегі еді.
Осы манифактураның орнын кейін машина алмастырды. Бұл өнеркәсіптік революцияның алғашқы кезеңі. Көмір мен бу арқылы қозғалтқыш күші келіп, рельспен жүретін алғашқы логистика экономиканың барлық саласын дамытты. Қызмет көрсету, сауда, тауар алмасу секілді сала нығая түсті. Кейін керемет жаңалық болған бу қозғалтқыштарды электрлендіру дәуірі алмастырды. Энергетиканың келуі ғаламат жаңалықтарға, жұмыс күшін жеңілдететін автоматтандыруға, жаңа технологияға жол ашты. Алысты жақындатты, баяуды жылдамдатты, ауырды жеңілдетті. Сөйтіп адамзат екінші өнеркәсіптік революцияны тудырды. Ал, үшінші индустриялық революцияның шарықтау шегін компьютерлендірумен келген Интернетпен байланыстырамыз. Расында интернет дүниені өзгертті. Ақпараттар ағыны әлемді шыр айналдырды. Тіпті керек десеңіз, қазір адамзат қажеттілігіне берілетін энергияны да интернет арқылы алатын дәрежеге жетті. Ал мұндай қарқын Төртінші өнеркәсіптік революцияны тудырып отыр. Өйткені әлемдегі даму үнемі жедел өзгерістерге тәуелді боп отырады. Ғылым мен техниканың, технология мен инновацияның шапшаңдығы таң қалдыруда. Тіпті байқайсыз ба, кейде уақыттың өзі жылдам жүріп жатқандай көрінеді. Дүние өзгерісін мұқият қадағалап отырған сарапшылардың өзі таңның атқаны мен күннің батқанын санап үлгермейсің, дейді. Уақыттың мұнша жылдам өтуінің сыры неде деп таңырқайтын болдық. Мұның бәрі де ақпарат ғасырының әсері.
Жаңа Жолдаудың басты бағыты – әлеуметтік дамудың барлық салаларына енетін экономиканың жалпы цифрландырылуы. Қоғам цифрлы дәуірге еніп жатыр. Өнеркәсіп немесе мемлекеттік басқару болсын, осы он міндеттің барлығында цифрландыру бағыты анық көрсетілгенін баса айтқым келеді.

– Иә, елімізде Жолдаудан туындайтын тапсырмаларға сәйкес нақты іс-шаралар жоспары құрылып, жүзеге асырылуы тиіс міндеттер айқындалуда. Осы орайда Шымкент қаласында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қуатты Қазақстан дегеніміз – ең әуелі өңірлердің қуаттылығы. Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тарапынан облыста Жолдауды өңір тұрғындарына кеңінен түсіндіретін ақпараттық насихат топтарын құруды, медиа-жоспар дайындап, насихат жұмыстарын жандандыру жүктелді.
Сонымен қатар Жолдауда көрсетілген 10 міндетті облыс көлемінде жүзеге асыру жөнінде барлық салалар бойынша ұсыныстарды жинақтап, іс-шаралар жоспарын әзірлеп бекіту тапсырылды. Қазір осы тапсырмалар бойынша Шымкент қаласында да бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Ақпараттық-насихаттық топ құрылып, жұмысқа кірісті.
Шымкентте 2018-2021 жылдары іске қосылатын кәсіпорындарға цифрлы технологияларды пайдалану механизмдері ұсынылмақ. Осы мақсатта қала кәсіпорындарына «Цифрлық» технологияларды ендіру атты бизнес-тренингтер ұйымдастырылады. Шетел инвесторларына қаланың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру үшін «Халықаралық инвестициялық бизнес форум» өткізу жоспарлануда. Ал, ресурстық әлеуетті одан әрі дамытуға сәйкес, Шымкентте түнгі жарық шамдарын толығымен LED шамдарға ауыстыру, күн сәулесінен қуат алатын технологияларды қолдануға басымдылық беріледі.
Қазіргі кезде әлем елдері көлік логистикасынан көп табыс алады. Елбасымыз айтып өткендей, Қазақстан транзиттен жүктің көлемін екі есе арттырып жыл сайын 5 млрд. доллар табыс алуды көздеп отыр.
Шымкент қаласы Ұлы-Жібек жолы бойында орналасқан сауда мәдениеті ежелден-ақ қалыптасқан шаһар. Қала бойымен Батыс Еуропа және Батыс Қытай магистралды тас жолы өтеді. Сонымен қатар, аэропорт маңында сауда-логистикалық орталық ашылды. Қазіргі таңда көршілес Өзбекстанмен қарым-қатынас күн санап жақсарып келе жатқанын айтып өтуіміз керек. Осы жәйттердің бәрі бізге үлкен мүмкіндіктер береді. Ол дегеніміз, өзіміздің тауарларды жылдам жеткізу және сервистік қызметтерден табыс табуға жол ашады.

– Бір байқағанымыз, Жолдауда «білім» сөзі 24 рет кездеседі екен. Бұл білім саласы басты назарда екенін көрсетсе керек. Әсіресе, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты 30 пайыздан 50 пайызға дейін өсетіні туралы хабарды халық ерекше ықыласпен қабылдады. Шымкент қаласында білім беру саласының басқару ісінде жаңа тәсілдер қолданылып келеді. Мәселен, мектеп және балабақша директорларын конкурс арқылы қабылдануда. Мұның өзі ашық қоғам құрудың белгісі. Осы жаңалықтар өз нәтижесі мен тиімділігін көрсетіп келе ме?

– Жалпы әлеуметтік салаға 2018 жылы Елбасы Жолдауында айтқандай мемлекеттік бюджеттен 4 триллион ақша бөлінді. Шымкент қаласында да ең көп қаражат әлеуметтік салаға оның ішінде білім саласына бағытталған. Өйткені халқы тығыз орналасқан Шымкент қаласында жыл сайын мектеп салу мәселесі өзекті. Өткен жылы үш ауысыммен оқитын 8 мектептің 6-ның мәселесі шешілді. Ал, қалған 2 мектептің біреуі құрылысы биыл басталып, 2019 жылы шешілетін болады. Сонымен, үш ауысымды білім беретін мектептер мәселесі күн тәртібінен алынады.
Биыл Шаңырақ елдімекеніндегі 600 орындық және Қызылжардағы 900 орындық 2 мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, жер телімдері дайын тұрған Асар-2, Тұран, Сайрам тұрғын алаптарындағы 3 мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Дайындығына қарай, бюджеттен қаржы бөлінеді. Басқа да шағынауданда мектеп құрылысын салу үшін жер құжаттары рәсімделуде. Біз мектеп салуды қажет ететін шағынаудандардың әлеуметтік картасы мен кешенді жоспарын жасап шықтық. Яғни, 2017-2020 жылдары құрылыстарын жүргізіп, пайдалануға беру жоспарланып отырған білім нысандарының картасы менің кабинетімде ілулі тұр. Ол әбден зерделенген жоспар. Бұл мәселе өте жіті бақылауда.
Айта кетерлігі, цифрлық реформа және электронды қызмет көрсету Шымкент қаласында дамып келеді. Бұл бүгінгі талап мен міндет. Елбасы атап өткендей қазіргі заманғы қоғам мен ашық мемлекеттік басқаруды қалыптастырудың басты элементтерінің бірі болып табылады.
Республикада тұңғыш рет Шымкент қаласында білім беру саласында мектеп және балабақша директорларын жұмысқа конкурс арқылы қабылдау жүйесі құрылды. Конкурстық комиссияға қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысады. Ал мектепке мұғалімдерді жұмысқа қабылдау электронды жүйеге ауысты. Жұмыс іздеген кез-келген мұғалім www.thunter.shymkent.gov.kz сайтына кіріп, бос жұмыс орындарымен танысып, электронды құжат тапсырады. Сұранысы қабылданған соң конкурстық комиссиядан өтеді. Комиссия шешімімен мектеп директорына ұсыныс беріледі. Мұның өзі жұмысқа тұруда пара беру, тамыр-таныстыққа жол беру сияқты жағымсыз құбылыстарды болдырмаудың жолы.
Сонымен қатар Шымкентте мектептік электронды бақылау жобасы жұмыс істеп тұр. Осы жоба арқылы ата-аналар балаларының оқу үлгерімі мен сабаққа қатысуын бақылап отырады. Оқушылар оқыту үрдісіндегі ақпараттарға кіруге мүмкiндік алады. Мектептік электронды бақылау жобасының авторы Strategic Consultants &K компаниясы. Бұл жүйе Microsoft корпорациясының өнеркәсіптік шешімдерінің негізінде іске асырылды.
Жүйе жұмысы онлайн тәртібінде орындалады. Ол қалай жұмыс істейді? Ата-аналарға сабаққа қатысу мен үлгерімі жөнінде СМС және электронды хат түрінде жедел хабарламалар жіберіледі. Осы жоба арқылы балалардың сабаққа үлгерімі мен қатысу деңгейі артып келеді. Сонымен бірге оқушылардың қауіпсіздігі үшін өте қажет дүние. Яғни, кәмелетке толмаған балалар ата-ана мен мектептің назарында болуы қажет.
Электронды қызмет көрсету және цифрландыру жүйесі Шымкенттегі білім саласына дендеп еніп келеді. Одан бөлек, балабақшаға құжаттар қабылдау да электронды жүйеге өткен. Бұл дегеніміз әкімшілік кедергілерді және адами факторларды төмендетеді. Бұл әдіс жүйелі түрде жалғасын табады.
Осы ретте Шымкентте қолданылып отырған жаңа технология басқа өңірлерге үлгі ретінде ұсынылуда. Түптеп келгенде, бұл жаңалық республика бойынша енгізілмек. «Ұстазы жақсының ұстанымы мықты». Мектептің түп қазығы – ұстаз. Сондықтан, адами капиталды дамытуды балабақшадан, орта мектептен жалғастыру маңызды. Ол үшін педагог мамандарды даярлаудың Елбасы Жолдауындағы талаптарын ескеруіміз қажет. Қоғамның алдында барлық жағдайда ұстаздардың мәртебесі жоғары болып тұрғаны жақсы.

– Мегаполис үшін қоғамдық көлік қозғалысы қашанда үлкен маңызға ие. Шымкенттік шенеуніктер екі ай бойы қоғамдық көлікпен қатынап жүрдіңіздер. Не көріп, не түйдіңіздер? Жалпы қаланың транспорт саласын реттеуге байланысты биыл қандай жұмыстар қолға алынбақшы?

– Бірінші кезекте шет аймақтардағы елдімекендерге жүретін автобустарды көбейтуіміз қажет. Бұл халық сұранысы. Осы мақсатта жеке инвестордың есебінен жақында ғана 100 жаңа автобус алынды. Оның отызы әкелінді. Қалғаны таяу күндері жеткізіледі. Жақын арада шет аумақтарға баратын 10 бағытқа көлік қою жоспарлануда. Біз жақында ғана арнайы Форум өткіздік. Шетелдің үздік практикасын зерттеп, көп мәселелерді талқыладық. Өздеріңізге белгілі, қоғамдық көлік қызметі бәсекелестік ортаға берілген. Қызметтің сапасы нарықпен реттеледі. Алайда, қалалық әкімдік тарапынан қызметтің сапасына бақылау күшейтіледі. Талапты орындамаған компаниялармен келісімшартты бұзып, орнына әлеуеті жақсы компаниялар тартылып, жүйелі жұмыс жасағандарға қолдау көрсетіледі. Қазір көлік қозғалысының кестесі реттелді. Талап күшейтілді. Әрине, қоғамдық көлікте қызмет көрсету мәдениетін әлі де жақсарту қажет. Ол үшін кондукторларды арнайы мәдениетке, арнайы стандартқа оқытып, сертификат беріп, көше, аялдамалардың атауын дұрыс айтуды үйрету керек. Ол үшін материалдық жағынан ынталандыру керек. Бұл бойынша ауқымды шаралар жүргізу талабын қойып жатырмыз.
Қоғамдық көліктегі мәселелерді шешу үшін болашақта электронды билет жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз.

– Қайрат Ырзақұлұлы, Сіз үшін сананы жаңғырту дегеніміз не?

– Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі Мемлекет басшысының идеясы бүгінгі таңда өте қажетті және орынды идея. Біз саяси ұлтты қалыптастыру жолындамыз. Әлемде алдыңғы қатардан табылу үшін біздің әрқайсымыз және баршамыз бірігіп өзіміздің санамызды, ой-өрісімізді өзгертіп, ескірген таптаурыннан арылуымыз керек. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында Қазақстан Президенті «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды» деп көрсеткен. Жаңа тұғырнамада жаңғырудың басты шарты – өз мәдениетіңді, өзіңнің ұлттық кодыңды сақтау екені ерекше көрсетілген. Қоғамның рухани жаңғыруы озық дәстүрлер мен ұлттық-мәдени негіздерге арқа сүйеуі керек. Бұрынғы инновациялар бүгін дәстүрге айналды, бүгінгі инновациялар ертең дәстүрге айналады. Мұндай ұстаным халқымыздың өткенін, қазіргі күні мен болашағын жалғауға, ұлттық сананың әралуан полюстерін жақындатуға мүмкіндік береді. Елбасы қоғамды да, сондай-ақ әрбір азаматты да жаңғыртудың бірқатар негізгі бағыттарын ерекше бөліп көрсетіп отыр ғой. Біріншіден, бұл – бәсекеге қабілеттілік, компьютер-
лік сауаттылық, шет тілдерді білу, мәдени ашықтық сияқты факторларға негізделген тың жаңалықтарды әлемге ұсыну қабілеті. Екіншіден, бұл – прагматизм. Ол бірқатар әдеттер мен таптаурындықтардан бас тартуды да, сонымен бірге ұлттың прагматикалық мінез-құлқы мен ұтымды ойлауын, ата-бабалар дағдыларының тарихи тәжірибесін де қамтиды. Білімділік – ұлттың жетістігі. Эволюциялық даму біздің өркендеуімізге жол ашады, бұл жаңғыру идеологиясының қағидаты және Қазақстанның әрбір азаматының ішкі сенімі. Ал сананың ашықтығы дегеніміз қоғамның және әрбір адамның өзгеріске дайын болуы деп түсінер едім. Бұл көзқарастар қоғамдық сананың жаңғыруы үшін іргелі негіз болады. Мемлекет басшысы алдағы жылдарға арналған бірқатар нақты жобаларды айқындады. Алдымен, бұл – қазақ тілін жаһандық ақпарат және байланыс әлеміне жол ашатын латын әліпбиіне көшіру. Елбасының «жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы» деген тезисі бүгінгі таңда өте өзекті. Сананы жаңғырту біздің мақсаттарымыздың бірлігін, құндылықтарымыздың ортақтығын және қоғамдық келісімнің қуатын айшықтайды.

– Қайрат Ырзақұлұлы, Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болуға қаншалықты дайын?

– Иә, 2020 жылы «Шымкент – Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени астанасы» болып белгіленді. Бұл бір жағынан біз үшін мақтаныш, екінші жағынан үлкен жауапкершілік.
Аталған іс-шараны өз деңгейінде өткізу үшін облыс әкімі тарапынан бірқатар тапсырмалар берілді. Қазіргі таңда қалада дайындық жұмыстары басталып кетті.
Осы мақсатта облыс әкімінің тапсырмасымен қалаға жаңа көрік беретін «Арбат», «Цитадель» жобаларын іске асыру бағытында жұмыс жасаймыз.
Қала қонақтарына сапалы қызмет көрсету үшін Шымкент әуежайын қайта құру жоспарға қойылды.
Қаламыздың орталық бөлігіндегі пайдаланбай жатқан «Фосфоршылар» және «Металлургшілер» сарайларын қала меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіледі.
Одан бөлек, «Қошқар-ата» өзені бойын көріктендіруге аса мән берілетін болады.

Сұхбаттасқан
Айгүл ЖАРЫЛҚАСЫН.
shymkala.kz