Маңызды

ҮНДЕУ ІНДЕТІМІЗДІ ӨРШІТПЕЙ МЕ?!

     Биыл күнгейде орын алған оң өзгерістерге байланысты облыс деңгейінде өткізілген көптеген жиындар мен отырыстарда жұрт күтпеген жаңалықтар орын алуда. Жасыратыны жоқ сол жаңалықтардың басым көпшілігі батыл қадам, баянды бастама болып табылады. Соның ең негізгісі – ол тарихтың талайын көрген киелі кент Түркістанның қайта түлейтіндігі болып табылады. Бұл өз алдына бөлек тақырып. Көкейде кептеліп тұрған сауал мүлдем басқа. 

Шілде айында облыс ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі мен облыстық Қоғамдық кеңес облыс тұрғындарына Үндеу жолдады. «Түркістан тұғыры – тектілік пен татулық» деген тақырыппен жолданған Үндеудің мазмұнын қысқа қайырсақ, төмендегідей тұжырым шығады.

«Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясының, Ұлт Жоспарының, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаларын бағдар етудің арқасында елімізде игі жаңалықтар мен жақсылықтар орын алуда. Орын алған жемісті әрі жеңісті жұмыстар Түркістан облысы болып атауын өзгерткен күнгейді де айналып өтіп жатқан жоқ. Осыған орай аймақта түзілген тірліктерді лайықты жалғастыру басты борышымыз, парасатты парызымыз болмақ. Бірақ арамызда жұрт арасына жік салудың, ала қойды бөле қырқудың көріністері мен арыз-шағымдар ұйымдастырып, өсекті өршітіп, сыпсың сөздің шетін шығару сынды өрескел әрекеттерді тудыратындар жетерлік. Айрандай ұйып отырған елдің ынтымағын ыдырату кеңестік кезеңдегі сайқал саясаттың сарқыншақтары. Жақсылыққа кереғар келетін ол қасиеттердің барлығы елді ылдиға қарай құлдилатпаса, алға жылжытпайтыны сөзсіз. Кешегі саяси қуғын-сүргін, қиын-қыстау ашаршылық салдарынан алты миллион қазақтың екі миллион болып демографиялық тежелуге тап келгенін тобамыздан жаңылмас үшін жадымызда жаңғыртып тұруымыз қажет. Сарғайған тарих беттеріндегі бұл өкінішті кезеңдер өткен күннің еншісінде қалды. Қазіргі таңда қазақ елінің жиырма жеті жыл бойына азат елде өмір сүріп келе жатқаны соның жарқын мысалы. Ендігі кезекте бейбіт елдің бірлігін бұзатын кез келген келеңсіздікке жол бермеуді терең ұғынғанымыз шарт.
Қазіргі таңда ауыл мен аудандарда, кенттер мен қалаларда түйіткүл күйінде қалып отырған мәселелер жеткілікті. Олар бірте-бірте өз шешімін табады. Осы ретте сабырсыздық танытып, ауданнан аттап, қаладан асып, жоғарыдағы түрлі органдардың назарына арыз-шағымдар жазуға тосқауыл болайық. Ол жерге діттелген дау-дамайларды осы төңіректе яғни, облыстық әкімдікте, мәслихат пен басқа да мемлекеттік органдар мен мекемелер арқылы шешілетіні әбден мүмкін. Бұл тұста, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, облыстық Қоғамдық кеңес, кәсіподақ кеңестері, ардагерлер кеңестері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және оның жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі сынды ұйымдардың да жәрдеміне жүгінуге болады.
Күнгейде қандай да бір келеңсіздік бола қалса оны үдетіп, ұшқындырып жазу әрекеті бар екенін сондықтан да бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің «Шымкентті шымшып-шымшылауды, Түркістанды түртіп-түрткілеуі» тоқтатылуы тиіс».
Осы Үндеуден соң араға бір жұма салып, Түркістан облысының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, Нұр Отан партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесі, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, облыстағы түрлі ұлт өкілдері Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ел бірлігіне сына қағатындарға орын жоқ!» атты Үндеу жолдады.
Онда елдің бетке ұстар тұлғалары Елбасының назарына мынадай мазмұнда мәселе жеткізген.
«Ел арасында ниеті бұзық адамдардың тобы бар екенін жасырып жабуға болмас. Міне солар әдейілеп арыз-шағымдар ұйымдастырудың шебері атанған. Олардың есімі былайғы жұртқа кеңінен танымал. Татулыққа сына қағатын олар 2000 жылдары Мақтаралға қатысты жазған өз арыздарында 7000-нан астам адамның қолын жинағандарына кеуделерін керіп, сол жиналған қолдың көшірмесін қазіргі дейін өздері жазған кез келген арызға тіркеп «ұпай» жинап жүр. Яғни, олар осындай бір жамысқылықтары үшін әкімдерді, мемлекеттік қызметкерлерді бопсалап, қорқытып-үркітіп ел ішін ала тайдай бүлдіруде. Бопсалауға еттері үйренген олардың өткен өміріне зер салсақ кезінде қылмыстық істерге шатылғаны мәлім болған. Қазіргі таңда солар Ақорданы нысанаға алып сол жерге арыздарды қарша боратып жатқанын көріп, біліп жүрміз. Сондықтан да күнгейден Ақордаға жолданған арыз-шағымдарды облысқа жолдауды, өз деңгейіңізде рұқсат етсеңіз нұр үстіне нұр болар еді. Және оның Түркістан облысында, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында, облыстық мәслихат, ардагерлер ұйымы Қоғамдық кеңес, Алқа билер институтының құзырында қаралып, құқық қорғау органдарында тергеп, тексерілсе әділ шешімін табар еді. Өз кезегінде бұл қазақтың қасіреті саналған арызқойлықтың төмендеуіне ықпалын тигізбек».
«Түркістан тұғыры – тектілік пен татулық», «Ел бірлігіне сына қағатындарға орын жоқ!» атты екі Үндеудің жалпы мән-мазмұнындағы тобықтай түйінде «жергілікті халық Ақордаға қарай арыз-шағым жазбау қажет, ал Ақордаға келген талап тілектер қайтадан облысқа жолдануы қажет» дегенді екпін түсіре тұжырады.
Шыны керек осы Үндеуді оқып отырып санамызда сантүрлі салқын сауалдар пайда болғанын жасырмай ашып айтқымыз келеді. Яғни, облыс тұрғындарының мүддесін қорғау мақсатында жұмыс істеуге жұмылдырылған мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың ел арасына іріткі салып жүрген «қыңырлардың» жел сөзіне ермеуін бұлайша жалпақ жұртқа жария ету «қорыққан бұрын жұдырықтайдының» керіне көп ұқсайтын сияқты. Неге дейсіз бе? Онда назар салыңыз.
Біріншіден, аталған Үндеулерде татулыққа сына қағатындарға әуестенгендер Ақордаға қарай арыз жазуды әдетке айналдырғаны нақты айтылған. Егер олардың жазған арыздары «жаптым жала, жақтым күйенің» нағыз көрінісі болса, оның заңға қайшы екенін дәлелдеу арқылы қия басқан топтарды сабасына келтіруге әбден болады емес пе? Мұны бір нұсқа деңіз. Екіншіден, Үндеуде олардың іс-әрекеттері ел ішіне іріткі салудың көрінісі екені нық сеніммен айтылады. Ендеше жергілікті жердегі құзырлы орган олардың аяғына тұсау салуға неге қауқарлы емес? Түрлі келеңсіздіктерді алдын алу, болдырмау, ашу және жолын кесу сынды күрделі қылмыстық операцияларды орындап жатқанда Үндеуде айтылған тентектерді тезге шақыруға олардың шама-шарқы жетпейді ме?
Ия, көп келеңсіздікті ішкі бүгудің соңы жақсылыққа апармасы белгілі. Дертке дер кезінде ем-дом жасалса дауасы болатыны сынды, орын алған олқылықтарды заматында шешу екі жаққа да тиімді. Бірақ қайғыдан қан жұтып отырған адам араша сұрап талай емен есіктің табалдырығын тоздырса, жариялы түрде жұрт назарына жеткізудің жолын іздеуден басқа амалы қалмайды. Халықтың әділетсіздікке қарсы мұндай талпынысын жергілікті билік татулыққа сына келтіру деп түсінгені артық кетіп, кем соғудың кері. Осы құжатта дүйім елдің алдынан көсіле сөз саптағандар шешілмей жатқан түйіткілдерді адамдар дабыра етіп көтермей, облыста отырған билік-бунақтардың назарына жеткізуі жеткілікті дегенді алға тартады. Бұл сөз жылаған балаға тәтті беріп алдарқатуға көп ұқсайды. Осы ретте жыл басында Сарыағашта 7 жасар баланың басынан өткен жағдайды тіл ұшына оралтудың өзі жеткілікті сияқты. Егер жергілікті жердегі погондылар мен педагогтар мәселеге зер салып, оған адами тұрғыда қараған болса, аудан тұрмақ, тұтас облыс атына кір келтірген бұл сорақылық республика көлемінде мәлім болмас еді. Бірқатар азаматтардың жауапсыздығынан аудан, облыс әкімінің беті бұқараның алдында қызармас еді. Сол кезде осы орын алған жағдай бойынша облыстық ішкі істер департаментінің де істі ішіне ене тергеп-тексеріп жатқанын сезіне алмадық. «Көкектің өз атын өзі шақыратыны» сынды, көп жағдайда халықтың емес, ең әуелі кейбір қолында билігі бар қызметкерлердің кесірінен биліктің бар былығы ашылып, ақтаралып жатыр. Егер сол сәтте бұқаралық ақпарат құралдары мәселені жарыққа шығарып, билік назарын болып жатқан бейберекетсіздікке аудармағанда ақылға сыймайтын әдепсіздіктердің орын алуы насырға шауып кетер ме еді? Сондықтан да Үндеуде бұқаралақ ақпарат құралдарына қарата «Шымкентті шымшып-шымшылау, Түркістаныңызды түртіп түрткілеу тоқтатылуы тиіс» деп айтылған сөз артық кетіп, кем соғу сияқты.
Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Біз ел бірлігіне сына қағатындардың жолын бөгейміз деп ауруымызды жасырғанның кейпін кимейміз бе? Ал ауруымызды жасырсақ кейбір пысықайлардың лауазымын асыра пайдалануына жол беріп алмаймыз ба? Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?!

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру