Қотырбұлақ немесе Ер Дәуіт Ата белгісі

Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы ұлық әзіз әулиелердің, қасиетті орындардың бірі – Қотырбұлақ болып саналады. Нақ осы Бадам өзеніне бес-алты шақырымдай қашықтықта жатқан, Ордабасы тауының етегінде орын тепкен бұл әулиені түпкі ата-бабаларымыз Ер Дәуіт белгісі деп атапты.
Негізінен сонау көне дәуірден, ертеден келе жатқан Қотырбұлақ – Ер Дәуіт Ата әулиенің қадамжай орыны екен. Ол кісі өзінің атағы шықпай тұрған уақытта қалың көпшіліктің бірі ретінде осы араға зиярат етіп келіпті. Әулие орынға шын ықылас ниетімен беріліп, бұрынғы пайғамбарлар мен Аллаһ Табарака уа Тағалаға жақын әулиелерге, басқа да әйгілі кісілердің рухына Құран бағыштап оқығанда, оған осы жердің иесі – аппақ киінген Қызыр ғалейһи салам көрініпті. Ол: «Қолыңды жай, балам. Құдіретті Жаратушыдан сұраған тілегің, ой-ниетің қабыл болсын», – деп бата беріпті. Сонда бұрынғы өткен Дәуіт пайғамбардың ұсталық өнер жолы Ер Дәуітке дарып, қонған екен. Сол уақыттан бастап ол бар аймаққа белгілі он саусағынан өнер тамған шебер болып, атақ даңқы шығып тарапты. Сонымен бірге Қотырбұлақ әулие де елге әйгіленіпті деседі.
Қотырбұлақ әулиенің суы осы күнде мүлдем жоқ. Қазір әулие орынында қолдан қазылған құдық бар. Ілгеріде бұл атырапта қырықтан астам бұлақ болыпты. Кешегі кеңес заманында Ордабасы тауының үштен бірін ойып алған карьер қазушылар динамик қойып, тасты жарып атқанда, әлгі бұлақтардың сулары қашып, тартылып, осы күнде үш-төртеуі ғана қалыпты.