ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ

Құрбан айт мерекесінің қарсаңында аудандық орталық аурухана аумағында «Мектепке жол» атты дәстүрлі қайырымдылық қамқорлық акциясы өтті.
Акцияның негізгі мақсаты — аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша (балалардың мектепке алаңсыз, толыққанды баруы үшін) материалдық немесе басқа да көмек көрсетуге бағытталды.
Қайырымдылық акциясын аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Гүлдария Әбілдәбекқызы ашып берді. Сонымен бірге медицина саласының маманы Мырзагүл Сапарова мен бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бексұлтан Сауранұлы іс-шараға қатысушы медицина қызметкерлерін және мектеп оқушыларын мейірімділік пен сүйіспеншілікке, қайрымдылық пен ізгілікке шақырып, Құрбан айт, мерекесімен құттықтады.
Іс-шара соңында аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Гүлдария Әбілдәбекқызы бастаған бірқатар медицина қызметкерлері орталық аурухананың кіші буын қызметкерлерінің отбасына және бүлдіршіндеріне сый-сияпат жасады.
Іс-шара соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Жеңіс ҚОЖАБЕКОВ.