КІТАП СҮЙЕР ҚАУЫМҒА

Ауданымызда ел руханиятына оң әсер ететін ісшара өтті. Қараспан ауыл округіне қарасты Жаңатұрмыс ауылында жазушы, драматург, қоғам қайраткері Дулат Исабековтің кітапханасы ашылды.
Дулат Исабековті елге таныстырудың өзі артық. Жазушы ретінде қазақ қана емес, әлем таниды. Қазақ драматургиясына қосқан үлесі орасан. Мұхтар Әуезов бастаған жолды жалғастырып, қоғамның маңызды мәселелерін көрерменге жеткізді. Шығармаларындағы негізгі тақырып — адамның жан дүниесі, қоғамдағы қарым-қатынасы. Туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті суреттейді. Белгілі жазушы 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. «Платиналы Тарлан» сыйлығын иемденді.
Кітап сүйер қауымға бұл ең үлкен сыйлық болғаны сөзсіз. Кейіпкеріміз өз сұхбатында бала кезінде осы жерде өскенін баяндады. Кезінде бұл жер үлкен бау-бақша болған екен, кейіннен 1992 жылы жарамсыз жер болып қалған. Ауыл ақсақалдары мен осындағы ел басқарған азаматтардың көмегімен осы жерді алып, мәдени орталық салу сол кезде ойында болған көрінеді. Десек те, бұл кітапхананың ашылуы бүгінгі күннің еншісіне тиген екен. Жазушы кітаптарды өз үйінен әкеліпті.
— Өзім оқыған кітаптар, оны сақтағаннан кімге пайда бар? Жұрт оқысын деп 2500 кітап әкелдім,-дейді Д.Исабеков.
— Алдағы уақытта 200 томдық әлем әдебиетін әкелуді жоспарлап отырмын.
Әрине, көптің көкейінде «Кітапхана неге орталықтан салынбады, мұнда оқырмандар келеді ме?»,- деген сұрақ болды. Жазушының айтуынша кітапқа құмар адам ізденіп оқиды, тек оқырмандарды үйрету керек. Ал кітапқа қызықпайтындар үйінің маңынан кітапхана салсаң да келмейді. Мұнда аудандық кітапхана қорында жоқ үлкен философиялық кітаптар бар, сондықтан аудан тұрғындарын Дулат Исабеков кітапханасы шақырады.
Шығармашылығы жәйлі сөз еткен Д.Исабеков енді бұл тек кітапхана емес, өзінің шығармашылық орталығы екенін де жасырмады. Айтуынша, демалуға ең керемет жер — ауыл. Қаламгер қайда жүрсе де ауылды сағынатынын тілге тиек етті.
— Мен Ордабасының азаматымын, — деп мақтанышпен айтты.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков оқырман қауымды қуанышты сәтпен құттықтап, шығармашылығын Ұлыбританиядағы Лордтар палатасының өзі жоғары бағалаған жазушының ел дамуына сіңірген еңбегі мол екенін, әрі өзі де Исабековтың шығармашылығымен сусындап өскенін мәлімдеді. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың арнайы жіберген сыйлығын тапсырып, құттықтау хатын оқып берді.
Онда: «Сізді Ордабасы ауданы, Жаңатұрмыс ауылындағы кітапханаңыздың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Шығармаларыңыз – өмірдің өзінен алынған. Айналадағы күнде көріп жүрген құбылыстар өзіндік құнарлы да қарапайым тіл мен әлеуметтік деңгейге дейін көтерілген шыншыл туындылар. Ұлтының көкейіндегі ойын айтып, жоғын іздеуден танбайтын, терең ойлары мен қалам қазынасын қатар ұстап, үнемі сергек жүретін әйгілі жазушы әдеби орта мен жалпы оқырман ықыласына бөленген бақытты жазушы деп сеніммен айта аламыз. Шығармашылық қызметте үздіксіз ізденіс пен табандылықты, қайраткерлік пен тәлімгерлікті қатар ұстанған Сіз әлемдік өркениеттің өрісіне бет түзеген ұлы көштің алдыңғы қатарында келесіз. Алдағы уақытта да еліміздің өсіп-өркендеуіне қосатын үлесіңіз әлі де еселене түседі деп білемін», – делінген.
Кітапхананың ашылу салтанатында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, елімізге танымал ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері: Еркінбек Тұрысов, Қазыбек Иса, Құлбек Ергөбек, Қасымхан Бегманов заңғар қаламгерді қуанышымен құттықтады. Сонымен қатар танымал жазушылар Бексұлтан Нұржекеев пен Мархабат Байғұт кітапханаға кітаптарын тарту етіп, жазушыға ақ тілектерін білдірді.
Жаңа ғимараттың лентасы қиылысымен жұртшылық кітапханамен танысуға асықты. Мұндағы көрмеде Дулат Исабековтің алған марапаттары мен мемлекеттік наградалары қойылыпты. Оқу залы оқырманға өте ыңғайлы. Сонымен бірге ақын-жазушылардың көпшілікпен шығармашылық кездесу өткізетін бөлме де бар.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған іс-шараға ел ағалары мен оқырман қауым ризашылығын білдірді. Енді бұл кітапханадан тек Ордабасы ауданының тұрғындары ғана емес, осы ауданға келген қонақтар да рухани қазына алып, танымдарын кеңейтеді. Жиын соңында Дулат Исабеков өзіне құрмет көрсеткен жерлестері мен оқырмандарға, облыс басшылығына алғысын айтып, қазақ әдебиетіне үлес қоса беретінін жеткізді. Осы шығармашылық үйінде түрлі шығармаларын жалғастыратынын айтты.
Салтанатты шарада Арыс қаласы мен Ордабасы ауданының өнерпаздары әннен шашу шашып, еңбектері Лондонды мойындатқан жазушыға құрмет көрсетті.